Кредит пен депозит нарығы қайта өсе бастады

23575

Банктердің жиынтық активі азайып кетті.

Кредит пен депозит нарығы қайта өсе бастады

"Банк секторының жиынтық активі 2019 жылғы 1 маусымда өткен айдағыдан 1,3%-ға азайып, 24 трлн 921,4 млрд теңгені құрады", – деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

Активтердің құрылымында ең көп үлес кредиттерге – 48,4%, бағалы қағаздар портфеліне – 21,5%, қолма-қол ақша, аффинирленген бағалы металдар мен корреспонденттік шоттарға – 12,2% тиесілі болған.

90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кредиттер (NPL) 1 281,8 млрд теңгені немесе несие портфелінің 9,7%-ын құрады. Айта кетейік, бірер күн бұрын ҚР Президенті әлеуметтік аз қамтылған кей топ өкілдерінің 300 мыңға дейінгі несиелік берешектері мен өсімпұлдарына кешірім беру туралы жарлыққа қол қойған еді. Нәтижесінде алдағы бірер айда мерзімі өтіп кеткен берешектердің көлемі азаятыны анық. Оның үстіне табысы төмен азаматтарға несие беру талаптарын күшейту туралы да бастама көтерген. Олай болса, алдағы уақытта банктердің несие портфелінің сапасы артады деген сөз.

Экономиканы кредиттеу көбейді

Жалпы, банктердің экономиканы кредиттеу көлемі 2019 жылғы мамырдың соңында 12 760,1 млрд теңгені құрады. Бұл алдыңғы айдағыдан 1,5%-ға артық. Соның ішінде заңды тұлғаларға берілген кредиттердің көлемі 7 100,8 млрд теңгеге дейін 1,0%-ға, жеке тұлғаларға – 5 659,3 млрд теңгеге дейін 2,2%-ға ұлғайды. Қайта құрылымдаудан өтіп жатқан және лицензиядан айырылған банктердің кредиттік портфелін есепке алмағанда, экономиканы кредиттеудің жылдық өсімі 11,7%- ды немесе 1,2 трлн теңгені құрады.

Валюта түрі бойынша, ұлттық валютамен кредиттер көлемі бір айда 10 330 млрд теңгеге дейін 2,2%-ға ұлғайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға кредиттер 2,1%-ға, жеке тұлғаларға – 2,4%-ға өсті.

Шетел валютасымен кредиттер көлемі 2 430,1 млрд теңгеге дейін 1,4%-ға төмендеді. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға кредиттер 1,2%-ға, жеке тұлғаларға4,6%-ға төмендеді. Теңгемен кредиттердің үлес салмағы 2019 жылғы мамырдың соңында 81,0%-ды құрады.

Ұзақмерзімді кредиттер көлемі бір айда 10 902,8 млрд теңгеге дейін 1,9%-ға өсті, қысқамерзімді кредиттер көлемі 1 857,3 млрд теңгеге дейін 0,7%-ға төмендеді.

Шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу бір айда 2 228,2 млрд теңгеге дейін 0,3%-ға ұлғайды. Салалар бойынша бөлінген банктердің экономикаға кредиттерінің ең қомақты сомасы өнеркәсіп (жалпы көлемдегі үлесі – 14,9%), сауда (13,3%), құрылыс (5,6%) және көлік (3,9%) сияқты салаларға тиесілі.

Депозит нарығында да өсім бар

Қаржы реттеушісінің мәлімдеуінше, банк секторының жиынтық міндеттемелерінің мөлшері 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 1,5% азайып, 21 888,2 млрд теңгені құрады. Банктер міндеттемелерінің құрылымында ең жоғары үлес клиенттердің салымдарына – 75,4%, айналысқа шығарылған бағалы қағаздарға – 8,3%, басқа банктерден және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан алынған қарыздарға – 2,7% тиесілі. Банктердің Қазақстан Республикасының бейрезиденттері алдындағы міндеттемелері жиынтық міндеттемелерде 2019 жылдың басындағымен салыстырғанда 6,2%-дан 7,3%-ға дейін (1 495,5 млрд теңгеге дейін) ұлғайды.

Банк секторының жиынтық меншікті капиталы 2019 жылғы мамырда 0,4%-ға ұлғайып, 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 033,2 млрд теңгені құрады. Таза пайда 2019 жылғы қаңтар-мамырда 124,4 млрд теңгені құрады.

"Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің көлемі бір айда 2,0%-ға ұлғайып, 2019 жылғы мамыр айының соңында 17 491,6 млрд теңгені құрады", – деп жазады бас банктің баспасөз қызметі.

Соның ішінде заңды тұлғалардың депозиттері 8 984,2 млрд теңгеге дейін 3,5%-ға, жеке тұлғалардың депозиттері 8 507,4 млрд теңгеге дейін 0,4%-ға ұлғайды.

Ұлттық валютадағы депозиттер көлемі бір айда 10 646,6 млрд теңгеге дейін 5,2%-ға ұлғайды, шетел валютасындағы – 6 845,0 млрд теңгеге дейін 2,6%-ға төмендеді. Долларландыру деңгейі 2019 жылғы мамырдың соңында 39,1% болды. Сонымен қатар заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері 2019 жылғы мамырда 5 757,4 млрд теңгеге дейін 9,8%-ға ұлғайды, шетел валютасындағы – 3 226,8 млрд теңгеге дейін 5,9%-ға төмендеді.  Ал жеке тұлғалардың теңгемен депозиттері 4 889,2 млрд теңгеге дейін 0,3%-ға, шетел валютасындағы – 3 618,1 млрд теңгеге дейін 0,6%-ға ұлғайды.

Аслан Қажен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу