Кремль Беларусь лидерін құтқаруға 1,5 млрд доллар бөлді

9252

Шерулерді күшпен тоқтатамын деп сәтсіздікке ұшыраған Александр Лукашенко өз тағдырын Мәскеудің қолына тапсырып, Путиннен экономикалық және әскери көмек сұрады. 

Кремль Беларусь лидерін құтқаруға 1,5 млрд доллар бөлді

Беларусь президенті көбірек несие мен саяси қолдау сұрап, дүйсенбі күні Ресейге жетті. Ол көрші елге Минскте өзінің 26 жылдық билігіне қарсы шерулер алтыншы аптаға ұласқан шақта аттанып отыр.  

Александр Лукашенко мен Ресей президенті Владимир Путин Қара теңіз жағалауындағы Сочиде келіссөз жүргізді. Осы кездесуден бір күн бұрын Беларусьте 150 мыңдай адам шеруге шығып, мемлекет басшысынан отставкаға кетуді талап етті. БР ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жексенбі күні Минск пен өзге қалаларда 774 адам заңсыз митингке қатысқаны үшін тұтқындалған.

Путин беларусьтік әріптесіне 1,5 млрд доллар несие ұсына отырып, көршілерімен жасалған одақтастық туралы келісімдер аясындағы міндеттемелерін толық орындайтынын атап өтті. Кейбір болжамдарға қарағанда, бұл заем Лукашенконы билікте сақтауға жұмылдырылған қауіпсіздік күштеріне жалақы төлеуге де жұмсалады.

Сонымен қатар келіссөздерді бастай отырып, Кремль басшысы беларусьтер өз проблемаларын сыртқы күштердің араласуынсыз өздері шешулері керектігін мәлімдеді және Путин Лукашенконың конституциялық реформа туралы бастамасына қошемет білдірді.

Беларусьте шерушілер 9 тамызда Лукашенконың 6-мерзімге сайланғанына наразылық білдіріп жатыр. АҚШ пен Еуропа одағы да бұл сайлауды сынап, оның әділ әрі еркін өткеніне сенбей, Беларусь үкіметін оппозициямен диалог жүргізуге шақырып отыр. Алайда  жеңіске таза жолмен жеткеніне шәк келтірмейтін Лукашенко Батыстың бұл ұсынысын қабыл алмады. 

Оппозицияның ойынша, Лукашенконың конституциялық реформа жайлы үндеуі – уақыт ұтып, қарсыластарының ашуын басуға бағытталған әрекет. Ал, Путин бұл реформаны "саяси жүйені дамудың жаңа деңгейіне көтеруге көмектесетін ақылға қонымды әрі дер кезінде айтылған мәселе" деп мақтады.  

Мәскеуден қолдау табу үшін 66 жастағы бұрынғы колхоз директоры өз еліндегі шерулерді Ресейді оқшаулауды көздеген Батыстың құйтырқы әрекеті деп атады. Айта кетсек, Кремль Беларусьті НАТО-мен арадағы негізгі қорған және Еуропаға энергетикалық отын апаратын басты жол деп қарастырады.

Лукашенко келіссөздер барысында Путинге НАТО-ның Беларусь шекарасы маңында әскери жаттығу өткізгенін айтып, Мәскеу мен Минсктің қорғаныс саласындағы байланыстарды тіпті нығайтуға шақырды.

Дегенмен, Путин мәлімдегендей, дүйсенбі күні Беларуське жіберілген ресейлік десантшылар бірлескен әскери жаттығу аяқталғасын елге оралады.

Ресейдің өз ішінде...

Бір кездері Ресей мен Беларусь тығыз саяси, экономикалық, әскери байланыс орнатуды көздеген одақ туралы келісім жасағаны белгілі. Алайда екі жақ арасында үлкен даулар жиі болып тұрады. Сайлау қарсаңында Лукашенко Беларусьті тәуелсіздігінен айырғысы келеді деп Кремльді бірнеше рет айыптады. 

Қазір Құрама Штаттар мен Еуропа одағы Беларусьтегі сайлауды қатаң сынап, санкциялар пакетін әзірлеп жатқандықтан, Лукашенкода Ресейге арқа сүйегеннен басқа амал қалған жоқ.

Бұрынғы араздыққа қарамастан, Кремль жаппай шерулердің Беларусь лидерін отставкаға кетуге мәжбүрлеу перспективасын жек көреді деген пікір бар. Лукашенко орнынан түссе, мұндай жағдай Ресейдің өз ішінде Путиннің қарсыластарына шабыт беруі мүмкін. 

Бұған дейін Путин Лукашенконы қайта сайлануымен құттықтап, демонстрациялар зорлық-зомбылықтарға ұласса, Беларуське арнайы полиция күштерін аттандыруға уәде берді.

"Біз Беларусьті ең жақын одақтасымыз деп санаймыз және де оның алдындағы міндеттемелерімізді сөзсіз орындауға тиіспіз", – дейді РФ президенті.

Сайлауда Лукашенконың басты қарсыласы болып, кейін биліктің қысымына шыдамай Литваға қашқан оппозиция лидері Светлана Тихановская Путинге Лукашенкомен жасалған келісімдердің болашағы жоқ екенін ескертті.

"Мені қатты өкіндірген жайт – сіздің диалогты Беларусь халқымен емес, диктатормен жүргізуді таңдағаныңыз. Лукашенкомен жасалған кез-келген келісімді жаңа үкімет қайта қарайтын болады", – дейді Тихановская.

Лукашенкоға альернатива?

Беларусьтің бұрынғы мәдениет министрі және Франциядағы елшісі Павел Латушко оппозициялық Үйлестіру кеңесіне өткеннен кейін елден қуылып, Польшадан пана тапты. Ол "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұхбатында Кремль Лукашенконы биліктен кетіру жоспарын алдын-ала жасап қойғанын мәлім еткен.

"Лукашенко күн сайын халық алдындағы беделінен айрылып барады. Мәскеуге оны ауыстыру енді оңай болады. Кремль бұндай шешімді қабылдап қойған. Қазір сол жоспарды жүзеге асыруға кірісіп жатыр", – дейді Латушко.

Минсктегі тәуелсіз сарапшы Александр Класковскийдің де пікірі осымен үндес. Оның ойынша, Лукашенконың жағдайы тұрақсыз болып тұрғандықтан, Кремль үшін екі ел арасындағы интеграцияны тереңдетудің мәні жоғалды. Сондықтан Мәскеу бір жағынан Лукашенконы саяси шиеленісті жеңілдетуге шақыра отырып, оның сыртынан Беларусь билігіне өзге кандидат іздеуі мүмкін.

"Жаппай шерулер басылмай тұр, тікенек сымдар, су атқыш машиналар, жүздеген адамның тұтқындалуы Лукашенконың аянышты жағдайын білдіріп, Кремльді альтернатива іздеуге мәжбүрлеп отыр", – дейді Класковский.

Бірақ ресейлік саяси сарапшы Феодор Лукьянов "Рейтерге" айтқандай, Мәскеу Лукашенко әзірше болса да билікте қалады деп ойлап, оған қыруар ақша беріп, онымен белсенді түрде ынтымақтастық орнатып, Минсктегі жағдайдың бірте-бірте тұрақталатынына үміттеніп отыр.

Сайлаудан бері Беларусьте сан мың адам тұтқындалып, оппозиция лидерлерінің түгелге жуығы қамалды, депортацияланды немесе елден қашты. Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі кеңесі Беларусь жөнінде жұмада "шұғыл дебат" өткізуге келісті.  Бұл идеяны Батыс пен Латын Америкасы мемлекеттері қолдағанымен, Венесуэла мен Филиппин ресми Минсктің жағына шығып, Африка елдерінің көбі дауыс беруден қалыс қалуды жөн көрген.

Арыс Әділбекұлы


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу