Мәскеу мен Минск арасы ажырай бастады

5011

Ресейге қосылудан бас тартқан Беларусь мұнайды Скандинавиядан импорттай бастады.

Мәскеу мен Минск арасы ажырай бастады

Беларусь Республикасы сейсенбіде Норвегиядан мұнай импорттай бастады. Ал, осы айдың басында Ресей оған энергетикалық шикізат экспорттауды тоқтатқан еді. Көптеген бақылаушылардың пікірінше, екіжақты қатынастардың салқындауына Мәскеу мен Минск арасындағы экономикалық байланыстарды нығайту жөніндегі келіссөздердің тығырыққа тірелуі себепші.

Беларусьтің мемлекеттік мұнай компаниясы – "Белнефтехимия" 21қаңтарда өзінің еншілес кәсіпорнының Норвегиядан 80 000 тонна көмірсутегін сатып алғанын хабарлады. Ол шикізат Беларусьтің мұнай өңдеу зауыттарына алдағы бірнеше күнде темір жолмен жеткізілмек.  

Ресей посткеңестік көршісіне мұнай жеткізуді 31желтоқсаннан кейін доғарды. Оның алдында екі мемлекет экономикалық интеграцияны тереңдету туралы келіссөздер барысында шикізаттың биылғы бағасына келісе алмаған.

Ресейден мұнай импорты 40 пайызға дейін қысқаруы керек

Ресейлік экспорттың доғарылуы Еуропаға мұнай мен табиғи газ транзитіне кері әсер етпесе де, Беларуське зиянын тигізіп отыр. Өйткені, бұл ел өзінің энергетикалық мұқтаждықтарының 80 %-дан астамын Ресей шикізатымен өтеп отыр.

Қаңтардың 4-інде Ресей Беларуське шектеулі мөлшерде болса да мұнай жібере бастады. Соған қарамастан, президент Александр Лукашенко мұнай импортының альтернативтік жолын іздеуге сөз берді.

Сейсенбіде Лукашенко "Ресейдің мұнайына альтернатива жоқ екенін" мойындай отырып, Беларуське әртараптандыру керектігін және ол өзіне қажетті мұнайдың 40 %-дан аспайтын көлемін ғана Ресейден алуы қажеттігін ескертті.

"Өзге 30 %-ды біз Балтық елдерінен, тағы 30 %-ды Украина арқылы импорттауға тиіспіз", - дейді Лукашенко үкіметте өткен кездесу барысында.

Лукашенко губернатор болуға әзір емес

Жақында Кремль мұнай бағасын көтеріп, субсидияларды кесіп, Беларуське қарсы қысымды күшейтті. Мәскеудің ойынша, Минск энергетикалық ресурстарды Ресейдің ішкі нарығындағыдай бағамен алғысы келсе, кеңірек интеграцияны қабылдауы қажет.

Президент Владимир Путин беларусьтік әріптесімен желтоқсан айында екі рет кездесіп, екіжақты тығыз байланыс және арзан мұнай мен газ туралы келісімдерге қол жеткізе алмады.

Путиннің сөзінше, Ресей Беларусьпен экономикалық интеграциясыз энергетикалық отын құнын "субсидиялай алмайды". Ал, Лукашенко мұнай-газ мәселесі шешілмесе, интеграция жайлы ешқандай келісімге қол қоймайтынын ашық аңғартып отыр.

Өткен айдағы келіссөздер Кремль Беларусьті Ресейге қосып, 2024 жылы президенттік мерзімі аяқталатын Путинді сол одақтың басшылығына отырғысы келеді деген үрей туындатты. Лукашенко болса, бұл идеядан бас тартып, өз елінің Ресейдің бір бөлігіне ешқашан айналмайтынын мәлімдеді.

"Мұнайды Ресейден импорттау әлдеқайда арзан, ал балама жолмен тасымалдау едәуір қымбат. Бірақ Лукашенко Норвегияның шикізатын сатып алып, Мәскеуге анық белгі берді. Ол белді бекем бууға дайын болса да, Ресейдің бір губернаторына айналуға әзір емес", - дейді Минскте орналасқан "Стратегия" зерттеу орталығының саяси сарапшысы Валерий Карбалевич "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұхбатында.

Қазақ мұнайына жол жабық

Ресей 2018 жылы Беларуське "Дружба" құбыры арқылы 18 млн тонна мұнай экспорттаған. Бұл көрсеткіш былтыр 17,6 млн-ға дейін төмендеді. "Новая газетаның" дерегінше, Беларусь Норвегия мұнайының бір тоннасын шамамен 520 долларға сатып алса керек. Ал, Ресей былтыр бұл шикізатты көршісіне 364 долларға, "одақтас емес елдерге" 485 долларға экспорттаған. Айта кетсек, Беларусьтің ішкі нарығындағы мұнайға сұраныстың көлемі – 4-6 млн тонна ғана.

Өткен аптада еліміздің энергетика министрі Нұрлан Ноғаев Қазақстан мен Беларусь мұнай сату мәселесін талқылауы мүмкін екенін мәлімдеген еді. Минск Қазақстанға ғана емес, Украинаға, Польшаға, Әзербайжанға, Балтық республикаларына да көмірсутегін сатып алу туралы ұсыныс жіберген.

Алайда Лукашенко айтқандай, Ресей Қазақстан мұнайын өз аумағы арқылы Беларуське транзиттауға жол бермей отыр. Ал, Украинаның Одесса порты Беларуське мұнай тасымалдау жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатқанын айтса да, әлі ешқандай келісім жасалмағанын мәлімдеді.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу