Кремльдің соғыс барысын күрт өзгертер 6 сценарийі жарияланды

4662

Батыстық сарапшы соғыста Ресейді жеңіске жеткізуі ықтимал бірнеше жолды атады.   

Кремльдің соғыс барысын күрт өзгертер 6 сценарийі жарияланды Фото: m.tvzvezda.ru

Франциялық Франс Пресс агенттігі (AFP) өз елінің Украинаға қашыққа ұшатын SCALP зымырандарының алғашқы партиясын жеткізіп те үлгергенін анықтады.

SCALP – Ұлыбританияда Storm Shadow аталатын зымыранның франциялық нұсқасы. Алысқа соққы бере алатын еуропалық зымыранды 90-шы жылдары Matra және British Aerospace компаниялары бірлесіп әзірлеген. Кейін оны MBDA компаниясы екі нұсқада өндірді: Франция үшін Scalp, Ұлыбритания үшін Storm Shadow. Екеуі де 0,80 Мах немесе сағатына 1 мың шақырым жылдамдықпен ұша алады. Яғни, дыбыстан жылдам емес, дыбысқа дейінгі зымыран.

Бірақ соның өзінде оны тұту қиын. Ресей пропагандасының өзі РФ әскері тек бір рет қана Storm Shadow зымыранын құлатып түсіргенін баяндады. Бірақ бұл ақпараттың шындығын тексеру қиын.

Қос зымыран да 500 шақырым қашықтыққа ұша алады. Мәскеуге жете алмайды, бірақ ресейлік басқа қалаларды бомбалайды деп қорқып, британ патшалығы Украинаға 250 шақырыммен ғана шектелген қанатты зымырандарын жеткізді.

Франция лидері Э.Макрон қашық радиусқа ұшатын SCALP зымырандарын Украинаға табыстайтынын күні кеше, НАТО саммитінің алғашқы күнінде жариялаған. Ал AFP дерегінше, осы алғашқы зымырандар Украинаға жеткізіліп қойылды. Бұл оқиға Эмманюэль Макрон мәлімдеме жасап жатқан кезде болыпты. Мұны агенттікке Францияның қарулы күштер министрлігіндегі дереккөзі хабарлаған. 

Өз кезегінде Reuters француз дипломатиясындағы дереккөздеріне жүгініп, Киевке әзірге жалпы саны 50 ғана SCALP зымыраны берілетінін нақтылады.

Кремль болса, алысқа ұшатын француз зымырандарының Киевке берілуіне тиісті жауап қатуға уәде етті. РФ басшысының баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Мәскеу SCALP зымырандарының Киевке берілуін қателік деп санайтынын және бұдан "украиналық тарапқа зиянды салдарлары болатынын" мәлімдеді. Себебі, бұл Мәскеуді "контршаралар қабылдауға мәжбүр етеді".

Бұл мәлімдеме зерттеушілер мен сарапшыларды ойлантып тастады. Өйткені Мәскеу қабылдай алатын тағы қандай контршара қалды? 500 күннен астам уақытқа созылған соғыс барысында Ресей Украинаға ойына келгенін істеді. Батыстың тыйымдарына алаңдаған Украина оған сайма-сай, теңбе-тең жауап бере алмады.

Мысалы, Ресей Украинаның қаншама қаласы мен селосын жермен-жексен, тып-типыл етіп қиратты. Былтырдан бері Украинаның тұрғын үйлерін, әлеуметтік нысандарын, қару қоймаларын, мұнай өңдеу зауыттарын, әскери және азаматтық ірі кәсіпорындарын зымырандармен бомбалауда. жылу-электр орталықтарына үстемелете соққы беріп, қысқы ызғарда украиналықтарды жаппай қатырып, қыруға тыраштанды.

РФ әскерилері өз қолындағы Кахов ГЭС-ін және Кахов су қоймасының бөгенін жарды. Бүгінде ол жақта су тартылып, украиналық елді мекендер сусыз қалып, экологиялық, гуманитарлық апат өрбуде. Хьюман Райтс Уотч халықаралық құқық қорғау ұйымының дерегінше, РФ армиясы Украинада әскерлер мен бейбіт тұрғындарға қарсы әлемде тыйым салынған фосфорлық және кассеталық снарядтарды қолдануда. Украина ақпарат құралдары орманға саңырауқұлақ, жидек теруге шыққан тұрғындардың басқыншы төбеден жаудырған, жарылмай қалған "Лепестоктарды" басып кетіп, қаза тапқаны туралы жиі хабарлап тұрады.

Ресейдің Украинаға қолданбаған несі қалды?

Кореяның Бусан университетінің халықаралық қатынастар професоры, доктор Роберт Э. Келли (Rober Edwin Kelly) Ресейге Украинадағы соғысында жетістікке жетуіне ықпал етуі мүмкін 6 сценарийді жариялады. Зерттеушінің айтуынша, олардың жүзеге асуы неғайбыл. Оның үстіне 3 сценарий әлемдегі өзгерістерге қатысты, яғни Путиннің оған билігі жүрмейді, тек үміттене алады. 

Бірінші сценарий Ресейдің ядролық қару қолдануын қарастырады. Осы арқылы ол НАТО мен Украинаның зәресін ұшырып, оларды Мәскеуді қанағаттандыратын шарттары бар мәмілеге келуге иліктіруге тырысуы мүмкін.

Бірақ профессордың байламынша, Путин бұған бара алмайды. Өйткені оның басты серіктесі саналатын Қытай ядролық қарудың қолданылуына үзілді-кесілді қарсы екенін мәлімдеді. Егер Мәскеу Бейжіңнің өтінішін аяқасты етсе, экономикасы күйреп, соғыста жеңілуі ықтимал. Себебі, батыстық санкцияға іліккен орыс мұнайы мен газының үлкен бөлігін Қытай сатып алып отыр. РФ санкция салынған тауарларды, соның ішінде рацияларды, басқасын Қытайдан тасуда.

Екінші сценарий бойынша Владимир Путин әскерде қызмет етпеген Қорғаныс министрі Сергей Шойгудан бастап, барлық біліксіз әскери басшыларды жаппай ауыстырады, армияны жебірдей жалмаған жемқорлардан толық арылады. Олардың орнына соғыс көрген, қарсыластың ұрыс өнерін жақсы танып, білген білікті қолбасшылар келеді. Мәскеуді ала жаздаған Е.Пригожиннің де, Гиркин бастаған империяшыл топтардың, Z-патриоттардың да талап еткені – осы.

"АҚШ-тағы Азаматтық соғыс кезінде Президент Авраам Линкольн дәл солай жасады: армия басшылығынан бастап, төменгі офицерлерге дейін сапты тазартып, қабілетті қолбасшыларды тартты. Сөйтіп жеңіске жетті. Бірақ төңкерістен зәре-құты қалмай қорқатын, сол үшін бәріне баруға, тіпті өзі сатқын атаған Пригожинмен және вагнерліктермен ымыраласқан Путин үшін генералдардың өзіне берілгендігі бәрінен қымбат. Коррупцияланған режим құрған диктатор үшін бірінші орында біліктілік емес, өзіне тәуелді болуы маңызды. Ал жемқорлар батпаған бас көтеруге білікті офицерлердің батылы жететіні белгілі", – дейді Роберт Келли.

Үшінші сценарийге сәйкес, Мәскеу мобилизацияны мерзімсіз жүргізе береді. Ресейлік пропаганда Украина Қарулы күштерін жайпап тастау үшін 700 мың емес, он миллион еркекті сапқа тұрғызу идеясын ілгерілетті.

Зерттеушінің тоқтамынша, Путин осы сценарийді ұстанып отыр. Ол мобилизацияны доғармай, үздік-создық жалғастыруда. Әскери комиссариаттар енді Мәскеу мен Петербордан да ер-азаматтарды әскерге көптеп алуға кірісті. Ресейде еңбек етіп жүрген Өзбекстан азаматтары, мигранттар бейнеүндеу жолдап, өздеріне соғысқа шақырту келгенін, еріктен тыс майданға әкеткелі жатқанын жария етіп, өз Президенті Шавкат Мирзиёевтен бұдан құтқаруын сұрады.

Мәскеу Батыс пен Украинаны титықтатуға ден қойды. Қарулы қақтығыс бірнеше жылға ұзаса, Ресейде шынымен он миллиондай адам соғыс өртінен өтуі мүмкін.  

Алайда ғалым ұзақ соғысқа Ресейдің де шыдамайтынына назар аудартады. Кезінде Ауған соғысы Кеңес одағының күйреуіне үлес қосқаны сияқты, Ресейдің тым ұзақ жылға милитаризациялануы оның экономикасының ары қарай құлдырауына соқтырады. Кезінде Жуков айтқандай, орыс халқы жеңіс үшін кез келген нәрсеге, соның ішінде көп құрбанға да шыдайды. Бірақ жеңіссіз ұзақ соғысқа төзбейді. Бұған Бірінші дүниежүзілік соғыс, Ауған соғысы дәлел.

Сарапшылар азаттығы мен жерінің бүтіндігі үшін жанқиярлық соғыс жүргізген, ұлттық рухы бұрын болмаған деңгейде асқақтаған Украина халқының да кез келген тауқыметке төзетініне екпін түсіреді. Ал егер Батыс қуатты қолдауын жалғастырса, онда Ресей ешқашан жеңбейді.

Төртінші сценарий Америка билігіне Трамптың келуін қарастырады. АҚШ Президенттігіне кандидат Дональд Трамп билік тізгінін қолына алса, Киевті Мәскеумен бітімге келуге мәжбүр ететінін жариялады. Сондағы ойы – Украинаға қару жеткізуді доғару. Сонда Украина тізе бүгуге, Кремлдің кез келген шартына көнуге мәжбүр болуы мүмкін.

Доктор Роберт Э. Келли барлық сценарийлер ішінде дәл осыны "Ресейдің жеңісіне бастайтын барынша әлеуетті жол" деп бағалады. Себебі, Пригожиннің "Тролльдер фабрикасын" және басқа құрылымдарын өз уысына түсірген Кремль 2024 жылы Америкадағы Президенттік сайлауға міндетті түрде араласады және Трамптың жеңуіне көмектеседі. Қазірдің өзінде олар оның басты қарсыласы Джо Байденді аяусыз мазақ етіп жатыр.

Бұл сценарийде де гәп бар: АҚШ қоғамы да, Конгресс те Украинаны жақтайды. Олар Трамптың бұл елге көмегін толық тыюына жол бермес. Трампқа Парламенттің ветоларын еңсеру қиынға түседі.

Тіпті Америка қару жеткізілімін тыйғанның өзінде Еуропаның көмегі жалғасын табуға тиіс. Мысалы, германиялық Rheinmetall концернінің басшысы Армин Паппергер алдағы 12 апта, яғни 3 ай ішінде компания Украинада Leopard танктерін, өзге де бронды техниканы шығаратын зауыт ашатынын мәлімдеді. Бұл туралы ол CNN арнасына сұхбатында айтты. Кәсіпорын елдің батысында, құпия жерде орналасады. Онда жылына 400-ге дейін танк жасалмақ.

Бұдан бөлек Түркия да Украинада дрондардың алуан түрін шығаратын 3 кәсіпорын құруға кірісті. The Telegraph жазуынша, Украинада әскери техникасының бірлескен өндірісін ашу мүмкіндігін ағылшындар мен француздар да пысықтап жатыр. Өйткені бұл сала табысты болуда.

Бесінші сценарий Еуропаның қажуын және Украинаны тәрк етіп, тастап кетуін болжайды. РФ пропагандасы қазірден бастап, ескі әніне басты және алдағы қыста Еуропаның енді шынымен қатып қалатынын, тиісінше, орыс газын сұрап, қол жаюына тура келетінін айтуда.

Алайда Еуропа ақымақ емес, келесі жылыту маусымын лайықты өткізуге дайындалуда. Еуропа жұртшылығы Украинаны қолдауын жалғастырды.

Алтыншы сценарий Қытайдың Ресейге көмекке келуін тұспалдайды. Бұл – РФ пропагандасының арманы. Мысалы, "Россия-1" федералдық арнасында "60 минут" бағдарламасын жүргізетін басты пропагандистердің бірі Ольга Скабеева: "Шіркін, Қытай бізге он миллион жауынгерін берсе, Украина мен Батыстың түте-түтесін шығарар едік" деді.

Қытайға бұл керек емес. Бейжің Батыстың Ресейге қарсы санкциясына қосылмағанымен, оны мүлтіксіз сақтап отырғанын жеткізді. Ал бұл Мәскеуге қару бермеуді де қарастырады. ҚХР үшін АҚШ және Еуропамен саудасын өрістету стратегиялық маңызды іс.

Соғыс Ресейді Қытайға қатты тәуелді вассалға айналдыра бастады, жұңғо елі оның ресурстарын онсыз да су тегінге сатып алуда. Сондықтан сарапшылар шың елінің Ресейді құтқармасына сенімді.

Қорыта айтқанда, Ресей соғыс құрдымына батып барады. Ол жалғыз кетпеу үшін ҰҚШҰ, Еуразиялық одақ елдерін, соның ішінде Қазақстанды тұңғиыққа өзімен бірга ала кетуге жанталасуы мүмкін. Оған қарсыласа ала ма, әлде мойынсұна ма, ол біздің билікке байланысты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу