Күдебаев 10 жылға сотталды

Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz.  

Күдебаев 10 жылға сотталды Фото: dalanews.kz

Ол жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады. Бұған дейін хабарланғандай, соттағы соңғы сөзінде Күдебаев өзінің кінәсіз екенін мәлімдеді.

Серік Күдебаев 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде билігін асыра пайдаланды деп айыпталған.

Прокуратураның мәліметінше, сол оқиғалар кезінде полиция басқармасының бұрынғы басшысы департамент ғимаратынан шығып кеткен. Бөлімге белгісіз біреулер кіріп, қаруды тартып алған.

Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Серік Күдебаевты полицияның "генерал-майоры" арнайы атағынан, сондай-ақ мемлекеттік наградаларынан айыру туралы ұсыныс енгізілді.

Еске сала кетсек, Серік Күдебаев 2022 жылы сәуір айының соңында қызметінен босатылып, мамыр айының ортасында қаңтар оқиғасы бойынша күдікке ілінген еді

Биыл қаңтар айының басында оған қатысты сот отырысы басталды. Кейін Жетісу облыстық сотының ресми өкілі Нұрсұлтан Орынбасаров айыпталушының ауруханаға түсіп қалуына байланысты сот отырысы кейінге қалғанын мәлімдеді. 

Алайда кейін Алматы облысы Полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев сот отырысына келуден бас тартты.

Сәуірдің басында Серік Күдебаев шетелге қашып кетті деген ақпарат тарады. 
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Күдебаевтың Қазақстанның мемлекеттік шекарасынан ресми жұмыс істеп тұрған бекеттер арқылы өтпегенін мәлімдеді

Сот отырысына келмегендіктен, Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысына халықаралық іздеу жарияланды. 

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров атағы дардай генералдың қашып кетуіне ІІМ, шекара қызметі өкілдерінің қатысы бар екенін жеткізді.  

27 сәуір Бас прокуратура Серік Күдебаевтың Түркияда ұсталғанын растады. 
Құзырлы орган Күдебаевтың Түркияда тұрақты тұруға рұқсат алмақ болғанын мәлімдеді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу