Қураған көшет қаланың сиқын кетіреді

Әсем Ұланқызы, Көкшетау Әсем Ұланқызы, Көкшетау
2445

Көкшетауда жыл сайын отырғызылатын 100 мыңнан астам жасыл желектің 20 % ғана тамыр жаяды екен. 

Қураған көшет қаланың сиқын кетіреді

Былтыр Көкшетауда 6 мыңға жуық ағаш отырғызылыпты. Бұл – алдыңғы жылдармен салыстырғанда екі есе көп көрсеткіш. Бірақ мәселе егілген әр талдың тамыр тартып, жапырақ жайып кетуінде болып тұр. Көше бойлап келе жатып қаз-қатар егілген көшеттердің кейбірінің сынғанын, кейбірінің солып қалғанын көреміз.

Қалаға таза ауа, дем-тыныс, көркемдік те керек. Сол үшін жыл сайын көше бойы, бақтар мен алаңқайларға жас тал егіледі. Көрікті қаланың жасыл желекке айналуы көшет отырғызудан басталады. Әр сенбілік сайын жүздеген ағаш бұталары қадалады. Біраз жылдан соң саялауға жарап қалатын тал-терек шаң-тозаңды азайтып қана қоймай, шуды да бәсеңдетеді. Алайда шаһарды жасыл желекке айналдыру мәселесі әлі де көпшіліктің көңілінен шықпай отыр.

Өңірде көгалдандырумен айналысатын 15 кәсіпорын бар. Олар былтыр 114 мың түп көшет отырғызды. Бұл жұмыс биыл да атқарылады.

"Биыл аймақтарды абаттандыру мен көгалдандыруға бюджеттен 3 млрд теңге қаражат бөлінген. Осы бағыттағы жұмыс басталып та кетті", – дейді Ақмола облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Виктор Радченко. Ал облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Руслан Әубәкіровтың айтуынша, облыста 3 орман питомнигі бар. Онда бүгінгі күні 13 млн түп көшет өсірілуде.

"Бүгінгі күні облыстың батыс бөлігін көшетпен қамтамасыз ету үшін тағы бір орман питомнигінің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Биыл 96 мың түп көшет отырғызып, 1700 гектар аумақты орманға айналдыруды көздеп отырмыз", – дейді ол.

Ақмола облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Тимур Хамзиннің сөзінше, жыл сайын көгалдандыру айлығы барысында 100 мыңнан астам көшет бой көтереді. Алайда оның тек 20 % ғана тамыр жаяды. Күтімнің жоқтығынан, көшеттер тез қурап, қаланың сиқын кетіреді.  

"Жауын-шашыны көп, жері құнарлы Көкшеде өсімдік өсірудің, оның ішінде ағаш өсірудің аса бір қиындығы жоқ. Алғашқы апта мен айда ғана түбі құрғап немесе қатты желден зақым көрмесе болғаны. Еккен ағашымызға алғашқы уақытта күтім керек. Қаланың бағбандары өз жұмыстарын мінсіз атқарады. Алайда көшеттерді жаншып, езіп, сындырып кететіндер көп", – дейді тәжірибелі бағбан Қайыржан Ахметжанов.

Солтүстік өңір климатының қаланы жасыл желекке айналдыруға көп кедергі келтіретіні рас. Соған қарамастан қалаға ерекше көрік беру үшін алдағы уақытта гүл егу ісі қолға алынады.

"Зеленстрой" ЖШС директоры Геннадий Осиненконың айтуынша, облыс орталығында 14 мың шаршы метр аумаққа гүл отырғызылады. Гүлзарлардың көлемі екі есеге ұлғаяды. Гүл егуде ыдыс-сауыттарды пайдалану, ұлттық нышандағы ою-өрнек пiшiндерiн қолдану секiлдi түрлi әдiс-тәсiлдер қолданылып жүр.

"Ең алдымен Жеңіс аллеясы және орталық алаң қолға алынады. Мақтай тауы маңайы, Ауғандықтар паркі алаңы, Осипенко, Шоқан ескерткішінің айналасына да ерекше көңіл бөлінеді. Қала көшелеріне қойылған гүл себеттеріне сәнді композиция жасалады. Көше қиылыстарында егілетін петуния, цеценария, тагетис, сальвия, астра, циния, портулак, кохия, целозия гүлдері солтүстіктің табиғатына бейімделген. Бұл гүлдердің қаламызға тез жерсінетініне күмән жоқ", – деді Геннадий Осиненко.

Әсем Ұланқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу