Құжатқа құнтсыз Қырғызстан

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3124

Қазақстан шекарасы арқылы өтетін Қырғызстанның әрбір алтыншы көлігінен заң бұзушылық анықталады.    

Құжатқа құнтсыз Қырғызстан

ҚР қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, Қытайдан келетін "көлеңкелі" импорт мәселесі әуелден бар. Ал Еуразиялық экономикалық одаққа Қырғызстан Республикасы енгелі бері, мәселе тіптен ушыға түскен. Кедендік бақылау деңгейінің төмендегінен Қырғызстандағы импорт ағыны едәуір артқан. Яғни, заңсыз жолмен келген импорт кейіннен ЕАЭО елдеріне экспорт болып шығарылады. Қысқасы, "көлеңкелі" импорт экспортқа айналып отыр. Осының салдарынан ЕАЭО елдері шығынға ұшырауда. Шығын көлемі де аз емес.  

"Кедендік баж салығы төленбегендіктен, тиісті кәсіпорындар мен салалар айтарлықтай зиян шегуде. Мұны статистика да растап отыр. Мәселен, Қырғызстан тарапы ұсынған статистикаға сүйенсек, 2016 жылы Қытайдан Қырғызстанға жеткізілген импорт көлемі шамамен 1,5 млрд долларды құраған. Ал Қытай Халық Республикасының статистикасы бойынша импорт көлемі – 5,6 млрд доллар. 4 млрд доллар айырмашылық бар", – деді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Бақыт Сұлтанов.

Осының салдарынан біздің ел жыл сайын шамамен 20 млрд теңге жоғалтады екен. Министр атап өткендей, бұл қаржыға 40 мектеп пен балабақша салуға болады.

Бақыт Сұлтанов бұл мәселе ЕАЭО-тың Еуразиялық экономикалық комиссиясында, одақтың өзге де органдарында көтерілгенін жеткізді. Алайда әзірше қадам нәтижесіз. Сол себепті Қазақстан тарапы аталмыш мәселені шешу үшін өз бетінше әрекет етуде. Осындай мақсатпен қолға алынған шараның бірі – 1 қазаннан іске қосылған "Астана-1" жүйесі.

Қаржы министрінің сөзінше, жүйе жұмысы автоматтандырылған. Яғни, кедендік және әкімшілік шараларды қабылдаған кезде адами факторды шектейді әрі сыбайлас жемқорлықты мейлінше азайтады. Сондай-ақ ЕАЭО елдерімен ақпарат алмасуды жақсартады. "Астана-1" ел экономикасын қорғау мақсатында қолға алынған.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, алғашқы жеті күнде оннан астам мемлекеттен 2721 көлік тексеріліп, 193 заң бұзушылық анықталған. Аталған заң бұзушылықтардың 60%-ы – Қырғызстан көліктеріне тиесілі. Жалпы, жыл басынан бері шекарада тексерілген көлік саны 58 мыңнан асады. 2,5 мыңнан астам түрлі заң бұзушылық анықталған. Мұнда да қырғыздар "көш бастап" тұр. Атап айтқанда, 2,5 мыңнан астам заң бұзушылықтың 1 мыңы айырқалпақты ағайындардың автокөліктері бойынша тіркелген.

"Министрлік тәуліктік бақылауды қамтамасыз етіп отыр. Өткен аптада қырғызстандық 835 автокөлік тексеріліп, 117 заң бұзушылық анықталды. Бұл Қазақстан шекарасы арқылы өтетін қырғыздың әрбір алтыншы көлігі заң бұзады деген сөз. Көп жағдайда тауар-көлік жүк құжаты дұрыс болмайды. Осыған қатысты 56 заң бұзушылық орын алды. Сондай-ақ габаритті өлшемдерді сақтамау, каботажды тасымал жүргізу және басқа да заң бұзушылықтар бар", – деді Жеңіс Қасымбек.

Қысқасы, қырғызстандықтар құжатқа құнтсыз боп шықты. Ал шекарада құжатсыз жүру – заңсыздық.

"Егер тауар-көлік жүк құжаты болмаса, демек жүк тасымалы заңсыз деген сөз. Мұндай материалдар мемлекеттік кірістер органдарына және экономикалық тергеу қызметіне жіберіледі. Бүгінде жүкті шамадан тыс артқан көліктерді тоқтатып, айыппұл саламыз. Егер жүкті қайта бөлуге немесе айыппұл төлеуге мүмкіндік болмаса, көлік айыптұраққа қойылады", – деді Жеңіс Қасымбек.

ҚР қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Ардақ Теңгебаевтың сөзінше, былтырғы кедендік статистика деректері Қытайдан Қырғызстанға жөнелтілген тауарлар импорты 2015 жылмен салыстырғанда 42%-ға ұлғайған. Бұл ретте Қазақстан аумағы арқылы Қырғызстанға өткізілетін тауарлардың транзиті 67%-ға көбейді.

"Біз Қырғызстанға импорттың күрт ұлғаюының себебін зерделеп көрдік. Соның нәтижесінде Қырғызстандағы кедендік құн Қазақстанмен салыстырғанда екі және одан да көп есеге төмендегені анықталды. Мысалы, ер адамның бір жейдесінің кедендік құны Қазақстанда бір дана үшін 5,45 АҚШ долларын құрайды. Ал дәл сол жейденің Қырғызстандағы кедендік құны 0,44 АҚШ долларына тең. Айырмашылық 5,8 АҚШ долларын құрап отыр", – деді Ардақ Теңгебаев.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу