Қырғыз елінен қайтқан қазақстандықтарға да DUTY FREE қақпасы айқара ашылады

17811

Жаңа жылдың алғашқы күнінен бастап, Қазақстанда жаңа Кеден кодексі күшіне енді.

Қырғыз елінен қайтқан қазақстандықтарға да DUTY FREE қақпасы айқара ашылады

Осының алдында, 26 желтоқсанда президент Нұрсұлтан Назарбаев кедендік реттеу жүйесін жетілдіруге бағытталған "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" кодексіне қол қойған. Жалпы, кеден кодексі тым сирек өзгеріске түсетін құжат болып табылады. Бұл ширек ғасырдан астам уақыт ішіндегі Қазақстанның тарихындағы осындай үшінші кодекс болып отыр.

Бұл құжат өмірге біраз жаңалықтар ала келді. Олар бойынша abctv.kz порталы үшін қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінің кедендік әдістеме департаментінің директоры Қуат Рақымов түсініктеме бере кетті. 

"Бұл құжат бизнестің тікелей қатысуымен дайындалды және ол кедендік рәімдерді оңайлатуға, кәсіпкерлердің уақыттық және қаржылық шығындарын төмендетуге бағытталған. Сондай-ақ сыртқы экономикалық қызметті жүргізудің либералды шарттарын орнатады. Кодекстің негізгі жаңалығы – электрондық кедендік декларациялаудың басымдылығы болып табылады. Яғни, енді қағаз түріндегі декларациялау тек қана авариялық жағдайлардағы ақпараттық жүйелердің ақаулары сияқты ерекше жағдайларда ғана жүзеге асырылады", – дейді Қуат Жеңісұлы.

Кедендік заңнаманың барлық жаңашылықтары мен оңайлатулары сыртқы экономикалық қызметті жүргізуді жеңілдетумен отандық экономиканы дамыту үшін жағдай жасауға арналған.

Дегенмен, сарапшылар мен бірқатар бизнес қоғамдастықтар тарапынан "бұдан былай кедендік декларациялау елімізде тек электронlы түрде жүретін болса, кедендік ресімдеу кезінде ақпараттық жүйенің істен шығуы біраз қиындық тудыра ма?" деген қауіп білдірілген. Бірақ жауапты орган оқиғаның бұлай өрбуіне де сақадай сай отырғанын мәлімдейді.

"Иә, біз осындай жағдайдағы өз іс-әрекетімізді де қарастырдық. Ақпараттық жүйе жарамсыз болып қалса, немесе істен шыққан кезде тауарларды шығару және декларациялау қағаздық құжат негізінде жүргізіледі. Яғни, сыртқы экономикалық қызметтің қатысушылары үшін жүйелердің істен шығуы қосымша жүктемелерге әкеп соқпайды. Бұдан бөлек, қағаз түріндегі декларация транзит кедендік рәсіміне орналастырылатын тауарларды, жеке пайдалануға арналған тауарларды, сондай-ақ халықаралық тасымал көлік құралын декларациялау кезінде ұсынылады", – дейді мемкірістер комитетінің өкілі.

Оның айтуынша, заңнаманы бұзу тәуекелі жоқ болған жағдайда, кедендік декларацияларды кеден органдарының лауазымды тұлғаларының қатысуынсыз – ақпараттық жүйелерді қолданумен автоматты түрде тіркеу және шығару мүмкіндігі қарастырылған.

Жаңа кодекс "отсрочка", яғни кейін төлеу мүмкіндігін енгізумен бірге, оны пайдалану үшін банктің кредиті секілді қандай да бір процент төлеуді қарастырады. Ел үкіметі осылайша, салықты бір ай кешіктіріп төлеу үшін бизнесменнің мемлекетке қанша қаржы төлеуге тиістігін де анықтапты.

"Бизнесті жүргізуді оңайлату мақсатында сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін кедендік баждарды кейін төлеу немесе бөліп төлеу мүмкіндігі ұсынылады. Кейіннен төлеудің әрбір күнін қолданғаны үшін ұлттық банк орнатқан ресми қайта қаржыландыру (рефинасирование) ставкасы бойынша 1/360 мөлшерінде процент төлеу қажет болады. Мысалы, егер кедендік баждардың төленетін сомасы 1 миллион теңгені құраса, 1 ай үшін пайыздар 8500 теңгені құрайды", – дейді Қуат Рақымов.

Негізі, кедендік декларацияларды толтыру – кедендік әкімшілендірудің жаңа әдісі болып табылады. "Бизнесмендерге, соның ішінде сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін бұл қандай тиімділік әкеледі?" – деген сауал туады.

Мемкірістер комитетінің түсіндіруінше, жаңа кодекстің осы нормасы сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың кедендік декларацияны толтыру бойынша қызметті көрсету үшін кедендік өкілдерге, яғни брокерлерге жүгіну қажеттілігіне байланысты шығаратын қаржылық шығындарын қысқартады. Өйткені осы қызметті кеден органдарының ұсынуы енді ақысыз негізде жүзеге асырылатын болады.

Кеден дегенде, қазақстандық бизнесті Еуропадан Ресей арқылы Қазақстанға тауарларды транзитпен өткізу мәселесі толғандырады. Ресейдің бақылаушы органдарына осы орайда олар тарапынан көптеген кейістіктер, көңілтолмастықтар айтылуда. Көбінесе, біздің жүктер қаптаған тексерістер кесірінен, Ресей аумағында бірнеше күнге дейін тұрып қалады. Мына кодекс осындай жағдайларға игі септігін тигізетін көрінеді.

"Кодексті әзірлеу кезінде біз мұндай жағдайларды ескеруге тырыстық. Оның негізі еуразиялық экономикалық одағының кеден кодексінде де қаланды. Қазақстан кедендік транзитті барынша үйлестірудің бастамашысы болып табылады. Атап айтқанда, бекітіліп отырған нормаға сәйкес, транзитті ашу кезінде кеден органдары енді тұлғаларға қайда орналасатыны бойынша шектеу қоя алмайды. Транзит бойынша ережелерде транзит кезінде тауарларды шығаруды растайтын құжаттарды кеден органдарының талап етуі заңнамадан алынып тасталды", – деді мемкірістер комитетінің департамент директоры.

Ол біраз жеңілдіктер пайдаланатын "уәкілетті экономикалық оператор" мәртебесін қалай алуға болатынын және ол үшін не қажеттігін де айтып берді.

"Уәкілетті экономикалық оператор" мәртебесін кеден кодексінде білгіленген талаптарға жауап беретін заңды тұлғалар ала алады. Негізгі талаптарға сыртқы экономикалық қызмет аясындағы тәжірибе, кедендік баждарды төлеуді ұдайы қамтамасыз етуі, яғни қаржылық кепілі, заңмен проблемаларының болмауы, яғни белгіленген баптар бойынша әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту фактілерінің болмауы жатады", – дейді ол. 

Айтпақшы, таяуда "жаңа жылдан кейін жаңа кеден кодексінің қолданысқа енгізілуіне байланысты Қазақстанға ресейлік "б/ушный" көліктер қаптайды" деген қауесет тараған. Мемкірістер комитеті бұл сөзді жоққа шығарады. Ресейден тек "Еуро-4" талабына жауап беретін көліктерді ғана әкелуге рұқсат етіледі. Ал ескі көліктердің көбі оған жауап бермейді.

"Кодекстің қабылдануы қазақстандықтарға шетел көлік құралын 1 жылға дейін уақытша әкелуге мүмкіндік береді. Бұрын бұл мерзім 6 айға дейінгі уақытты ғана құраған. Бірақ бұрынғыдай әкелу тек кедендік баждарды, салықтарды төлеуді қамтамасыз ету жағдайында ғана мүмкін болады, яғни кеден органына қаржылық кепіл ұсыну қажет. Жалпы алғанда, автокөліктерді әкелу тәртібі өзгеріссіз қалды", – деді Қуат Рақымов.

Тағы бір жаңалық: енді Қырғызстаннан не Ресейден елге қайта кірген қазақстандықтар да "дьюти фриден" кәдесыйлар мен арзандау тауарларды еркін сатып ала алады.

Мемкірістер комитеті басшылығының түсіндіруінше, еуропалық одақ елдерінде қолданылатын тәжірибеге ұқсас, Қазақстанға шетелден келетін, сондай-ақ Қазақстан мен еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы елдер арасында сапарлайтын тұлғаларға да тауарларды бажсыз сауда дүкендерінде сатып алу мүмкіндігі ұсынылады. Бұл отандық DUTY FREE индустриясын дамытуға бағытталған.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу