Қырық қытайды жалдауға 18 миллион теңге қажет

Маржан Кәрімжанқызы Маржан Кәрімжанқызы
4614

Мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар жыларман жағдайда. 

Қырық қытайды жалдауға 18 миллион теңге қажет

Жамбыл облысында 2015-2019 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асуы тиіс бірнеше жоба бар.  Бағдарлама аясында алдағы 5 жылда 558,6 миллиард теңгенің 34 инвестициялық жобасы іске қосылуы керек.

2015 жылы 4 инвестжоба бойынша 371 жаңа жұмыс орны ашылса, былтыр жүзеге асқан 10 жоба 446 адамды жұмыспен қамтыды. Ал биыл жүзеге асырылады деп жоспарланған 13 инвестициялық жоба 1500 адамның екі қолына бір күрек ұстатуы тиіс болды.  Алайда жоспардың  орындалмайтын түрі бар.  Себебі күні бүгінге дейін 13 инвестициялық жобаның алтауы ғана ел игілігіне берілді.    

Дер кезінде толық қуатымен жұмысын бастай алмаған кәсіпорынның бірі – Шу ауданында орналасқан "Kazmiya" шағын зауыты. Аталмыш зауыт мия тамырынан дәрі жасайды. Биыл 75 тонна өнім өндіруді жоспарлаған кәсіпорын  мақсатының 40% -ын ғана орындады.  Негізі, зауыттың толық қуаты жылына 300 тонна өнім өндіруге жетеді.

Дәл осындай жағдайда жұмыс істеп тұрған кәсіпорын Талас ауданындағы "Жамбыл Недр" ЖШС-ның цемент зауыты.  Жылдық қуаты 300 мың тонна өнім өндіруге жететін кәсіпорын биыл 75 мың тонна цемент шығармақшы болған. Бірақ мақсатына жете алмаған. Ал "Қазфосфат" ЖШС-ның жаңа Жамбыл фосфор зауыты ешқандай өнім өндірмеген.

Жамбыл ауданындағы "Оңтүстік халал тағамдары" ЖШС мен тараздық "Бағыл" ЖШС-да жоспарлы жұмысты атқара алмай отырған кәсіпорындардың қатарында.

"Оңтүстік халал тағамдары" кәсіпорнының құрылысына  - 2,5 миллиард теңге бөлініп, тәулігіне 40 тонна өнім өндіру міндеті жүктелген. Қазір кәсіпорын міндетінің 77,1%-ын ғана орындап отыр.

Жамбыл облысы әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова осы жылдың екінші жартыжылдығына жоспарланған 7 жобаның төртеуінің іске қосылу мерзімін ауыстыруды ұсынып жүр. Мұның себебін  басқарма басшысы "Кіsс" ЖШС құйылу цехын жаңғырту жобасы мен "Тараз арматура зауыты" ЖШС-ға қажетті қондырғыны орнатуға және қосуға 40 қытай маманы қажет екендігімен түсіндіреді.

40 қытайлықты жұмысқа тарту үшін қомақты қаржы қажет екен. Нақты айтқанда, 1 санаттағы шетелдік маманға – 349426 теңге, 2 санаттағы маманға - 403882 теңге, 3 санаттағы маманға - 458338 теңге, 4 санаттағы маманға - 510525 теңге төленуі тиіс. Барлығын қосқанда 40 қытайлық маманға 18 миллион теңге қажет.

Басталған жобаның қарқын алуын тежеп тұрған тағы бір кәсіпорын - "Ақсүйек" кен байыту фабрикасын қайта жаңғыртқан "Ер Тай" ЖШС. Аталған серіктестік кен орнын игеруге рұқсат беретін  құжаттарын әлі күнге дейін рәсімдемеген. Ал "ВіоVet KZ" ЖШС "GMP және GLP стандартына сай ветеринарлық препарат шығаратын биокомбинаттың құрылысына  инфрақұрылым  тартатын мердігер компаниямен кеш келіскен.

Облыста қазақстандық қамту мәселесі де ойдағыдай емес.  

"NADLoC" АҚ мәліметінше, осы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша 42,7 миллиард теңгеге сатып алу жүргізілген. Іс барысында қазақстандық қамту үлесі 35,2%-ды ғана құраған.

Бүгінгі таңда Жамбыл өңірі қазақстандық қамту үлесі бойынша 11 орында тұр. Көңіл көншітпейтін көрсеткішке мемлекеттік мекемелердің сатып алуды жүзеге асырған кезде қазақстандық қамту үлесін назардан тыс қалдыратындығы себеп болады екен.

Басқарма басшысы Қарлығаш Аралбекованың айтуынша осы олқылықтың орны толмайынша нәтиже жақсармайды.

Маржан Кәрімжанқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу