Маңғыстау облысында төтенше жағдай жариялана ма?

4353

Өңірде қуаңшылықтан 1 мыңнан аса мал қырылған.

Маңғыстау облысында төтенше жағдай жариялана ма?

Биыл Маңғыстау облысының бірнеше ауылында жаңбыр жаумаған. Салдарынан қуаңшылық болып, мал қырылып жатыр. Шаруалар малға беретін жемшөп таппай қиналып отыр. Өңірде төтенше жағдай жариялана ма, шаруаларға мемлекет тарапынан көмек көрсетіле ме? деген сұрақтарға іnbusiness.kz тілшісі жауап іздеді.

Маңғыстау ауданы Ақшымырау ауылында тұратын 82 жастағы Қошақан Серіков 52 жылқысы болғанын, қуаңшылықтан 7 жылқысы өлгенін айтады.

"Ақшымырау, Қызан, Тұщықұдық, Шебір ауылдарында шамамен 1200 үй бар. Мұнда жылқысы өлмеген адам жоқ. 12 құлынымды Ақтөбеге сатып жібердім. Оларды бағатын жағдай жоқ. Жем мен шөп те қымбаттап кетті. Қырылған жылқыны өртеп жатырмыз. Кейбірі тірі қалған ірі қара малын жүк көлігіне тиеп, Ақтөбеге жіберіп жатыр. Арық жылқыны кім сатып алады?", - деп қария ағынан жарылды.

"Жығылсаң бетке тиетін шөп жоқ"

Ол өңірдегі мәселе мемлекеттік деңгейге шешілу керек деген пікірде.

"Мұндай қуаңшылықты ес білгелі көрген емеспін. Жығылсаң бетке тиетін шөп жоқ. 1996 жылы Маңғыстау өңірінде қуаңшылық болған. Ол кезде жемшөп арзан еді... Өткен аптада ауылға Нұр-Сұлтаннан адамдар келді. Ешкімге ренішіміз жоқ. Бұл – мемлекеттік деңгейде шешілетін мәселе", - деді Қошақан Серіков.

"Жылқы сиқы жоқ"

72 жастағы Еркүлік Тілекбайұлы шаруалар амалсыздан ірі қара малды сатып жатқанын айтады.

"Қуаңшылықтан жылқы қырылып жатыр. 15-16 жылқым болған, екеуі өлді, қалғаны тұр. Жылқы сиқы жоқ, қабырғалары арса-арса, арқасы қырдай. Кейбір шаруалар амалсыздан құлындарын арзанға сатып жатыр: 25-30 мың теңге. Бұл – бір тоқтының бағасы", - деді Ақшымырау ауылының тұрғыны.

Ол бірнеше апта бұрын ауылға Үкіметтен комиссия мүшелері келгенін мәселені шешуге уәде бергенін жеткізді.

"Жақында елордадан жұмысшы тобы келіп кетті. Оның құрамында 2-3 депутат пен ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі бар. Олар Маңғыстау облысында төтенше жағдай жариялау керегін айтқан", - деді Еркүлік Тілекбайұлы.

"Жемшөп жеткізіп беруге көмектессе екен"

Қария мемлекеттен өтемақы сұрамайтынын, тек Маңғыстаудағы шаруаларға арзан жемшөп жеткізіп беруге көмектессе екен дейді.

"Төтенше жағдай енгізу керек. Жағдайымыз өте қиын. Бізге ақшалай көмек керек емес, Ақтөбе, Ақмола және басқа облыстардан жемшөп жеткізіп берсе болды. Себебі, өңірде жем мен шөп қымбаттап жатыр. Жайылым болмағасын, шабындық қайдан болсын...", - деді шаруа.

"Маңғыстауда шұғыл түрде төтенше жағдай енгізу керек" деген пікірмен өңір тұрғыны Қосқали Тындырғанов та келіседі.

"Көптеген шаруаның ірі қара малы қырылды. Бүгінде аймақтағы жағдай өте қиын. Сондықтан төтенше жағдай енгізу керек. Тұрғындарға барлық малынан айырылып қалу қаупі төніп тұр. Шұғыл түрде әрекет ету керек", - деді Қосқали Тындырғанов.

"536 бас жылқы қырылды"

Ауыл шаруашылығы министрлігі (АШМ) Маңғыстауда қуаңшылықтан 536 жылқы қырылғанын, бұл нақтыланған ақпарат екенін атап өтті.

"Қуаңшылықтан 536 бас жылқы қырылды. Бұл – нақты ақпарат. Жергілікті ветеринария органдары мал қырылған аумақта залалсыздандыру жұмыстарын жүргізді", - деді АШМ Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов.

"Жемшөп жеткізуге 204 млн теңге бөлінді"

Ол қуаңшылық салдарынан Маңғыстау, Түпқараған аудандары зардап шеккенін, шаруаларға жемшөп Ақтөбе облысынан жеткізілетінін айтты.

"Каспий" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 204 млн теңге бөлінді. Бұл қаржы жемшөпті сатып-алу, тасымалдау мәселесін шешуге бағытталады. Оның ішінде 54 млн теңгеге арпа сатып алынады. Бұл қаржы Азық-түлік келісімшарт корпорациясы арқылы бөлінеді", - деді директор.

"Шаруаларға жемшөп арзан бағамен жеткізіледі"

Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов өңірдегі қуаңшылықтан 1 103 бас мал қырылғанын, оның 512-сі жылқы екенін атап өтті. Ол шаруаларға жемшөп арзан бағамен жеткізілетінін айтты.

"Қуаңшылыққа байланысты біз арнайы штаб құрдық. Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Ақтөбе облысынан шөп әкелу үшін меморандум жасалды. Жергілікті бюджеттен қосымша қаражат бөлінді. Сондай-ақ Азық-түлік келісім шарт корпорациясы арқылы жем алу бойынша тиісті қаражат бөлінді. 10-20 маусымға дейін 10 вагон жем өңірге жеткізіледі. Оларды біз әрбір ауданға жеткізіп береміз. Шаруа қожалықтарына жем арзан бағамен беріледі", – деді Серікбай Тұрымов.

Облыс әкімі қуаңшылыққа байланысты өңірде төтенше жағдай жарияланбайтынын атап өтті.

"Төтенше жағдай жариялауға негіз жоқ", - деп түйіндеді сөзін өңір басшысы.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу