Қытай 2030 жылға дейін ғарышкелерін Айға қалай қондыратынын жариялады

1470

Осылайша, өткен ғасырдың 70-ші жылдарына дейін орбитаға тіпті жерсерік шығарып көрмеген ел Айды игеруде Американы басып озудан үмітті.

Қытай 2030 жылға дейін ғарышкелерін Айға қалай қондыратынын жариялады Фото: «Синьхуа» агенттігі

Сәрсенбі күні Қытай үкіметі Айға ғарышкерлерін ұшыру жоспарынан жаңа мәліметтер жариялады. Осылайша, бұл мемлекет Айға адам жіберетін екінші елге айналуға әрекеттеніп жатыр.

"Бұл алдын-ала жоспар турасында Қытай ғарыш агенттігі бас инженерінің орынбасары Чжан Хайлиан Ухань қаласында өткен аэроғарыш саммитінде баяндап берді" , - деп хабарлайды "Синьхуа" мемлекеттік ақпарат агенттігі.

2030 жылға дейін ұшырылуы тиіс миссия Айда зерттеу станциясын салу жолдарын қарастырып, Жердің табиғп серігінде барлау жүргізіп, басқа да эксперименттерді жүзеге асырмақ.

Мемлекеттік Global Times басылымының хабарлауынша, екі зымыран тасығыш қондырушы модуль мен пилоттар басқаратын ғарыш кемесін Ай орбитасына апарады. Орбитаға жеткеннен кейін бұл аппараттар бір-бірімен түйіседі. Содан соң кемедегі ғарышкерлер қондырушының ішіне ауысып, Айдың бетіне аттанады.

Айда үлгілер жинап, "ғылыми барлау" жүргізеннен кейін астронавттар әлгі модульге қайта отырып, өздерін орбитада күтіп тұрған кемеге барып, онымен қайта қосылып, Жерге аттанады.

Осы миссия үшін қытайлық зерттеушілер барлық қажетті құрал-жабдықтарды әзірлеп жатыр. Солардың ішінде скафандралар, "луноходтар" немесе роверлер, ғарыш кемелері мен Айға қонатын модульдер бар.

Мемлекеттік ақпарат құралдары Қытайдың Айға қанша астронавт жіберуді жоспарлап отырғанын айтпады.

Бір анығы, Ай миссиясы – Қытайдың қарыштап дамып келе жатқан ғарыштық бағдарламасының жаңа жетістігі.

Айта кетсек, Қытай космостағы жарысқа кешігіп қосылды. Мәселен, ҚХР 1970 жылға дейін тіпті өзінің алғашқы жерсерігін орбитаға жіберіп көрмеген екен. Ал, сол кезде Құрама Штаттар Айға астронавт қондырғаны белгілі. Дегенмен, Бейжің Американы бұл салада жылдам қуып жетті деуге болады.

2013 жылы Қытай Айға роверді сәтті қондырып, мұндай жетістікке қол жеткізген үшінші елге айналды. Сол кезде Қытай төрағасы Си Цзиньпин "ғарыштық арман Қытайды күштірек ету арманының бір бөлігі" деген еді.

Сидің басшылығымен Қытай өзінің өршіл ғарыш бағдарламасына миллиардтаған доллар қаржы жұмсады. Коммунистік үкімет космосты игеруге қанша инвестиция салғанын ресми түрде жариялаған жоқ. Бірақ, Euroconsult консалтингтік фирмасының дерегінше, Бейжің бұл салаға 2019 жылы шамамен 5,8 миллиард доллар шығындаған.

Сол жылы Қытай Айдың арғы жағына зонд жіберді - бұл тарихта бұрын болмаған оқиға. Содан кейін, яғни, 2020 жылы Қытай Айдағы тау жыныстарының үлгілерін сәтті жинаған үшінші ел атанды.

Бұған қоса, Қытай соңғы бірнеше жылды өзінің "Тяньгун" атты ғарыш станциясын салуға жұмсады. Оның құрылысы қарашада аяқталды. Бұл бекет - Халықаралық ғарыш станциясымен (ХҒС) қатар орналасқан екінші операциялық орбиталық форпост. Осы тұста айта кетсек, Қытай астронавттары АҚШ-тың саяси қарсылықтары мен заңнамалық шектеулерге байланысты  ХҒС-дан баяғыда шеттетілген

Бірақ ХҒС 2030 жылы жұмысын аяқтауы керек. Сондықтан ғарышта "Тяньгуннен" басқа станция қалмайын деп тұр. Дегенмен, Қытай өз станциясын халықаралық серіктестерімен бірге пайдалануға және онда басқа елдердің тәжірибелерін жүргізуге қарсы еместігін мәлімдегені бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу