Қытай брендтерді саясатқа араласпауға шақырды

3299

H&M, Nike, Adidas компаниялары ұйғырлар үшін тайталасқан Батыс пен Бейжің арасындағы даудың ортасында қалды.   

Қытай брендтерді саясатқа араласпауға шақырды

Шведтің H&M фирмасы мен басқа да шетелдік компаниялар Шыңжаңдағы "мәжбүрлі еңбек" мәселесіне алаңдаушылық білдіріп, интернетте үлкен шу шығарып, бойкотқа сеп болған кейін, Қытай шенеуніктері оларды асығыс қадамдар жасамауға және саясатқа араласпауға шақырды.

H&M, Burberry, Nike, Adidas және басқа да Батыс брендтері өткен аптадан бері қытайлық тұтынушылардың бойкотына тап болып отыр. Бұл дауға Шыңжаңда мақтаның қолмен терілетіні жайлы мәліметтер себепші. Сонымен қатар, екіжақты қатынастардың шиеленісуіне Америка Құрама Штаттары мен басқа да батыс үкіметтерінің Шыңжаң аймағында адам құқықтары бұзылып жатыр деп Қытайға қысымды күшейтуі де түрткі болып отыр.

"Мен қандайда бір компания өзінің экономикалық мінез - құлқын саясаттандыруы керек деп ойламаймын. H&M Қытай нарығында енді ақша табуды жалғастыра ала ма? Жоқ, әрине, Асығыс шешім қабылдап, санкцияларға қосылу дұрыс емес. Бұл тасты өз аяғыңызға тастау үшін көтеріп алумен тең, "- дейді Синьцзян Үкіметінің өкілі Сюй Гуйсян дүйсенбі күні таңертең өткен баспасөз мәслихатында.

Бұл мәлімдемеге қатысты H&M әзірге ешқандай түсініктеме берген жоқ.

Өткен аптада қытайлық әлеуметтік желі қолданушылары H&M-нің 2020 жылы Шыңжаңнан мақта алмайтыны туралы мәлімдемесін қайта тарата бастады.

Бірақ, былтыр H&M мұндай шешімді бұқаралық ақпарат құралдары мен адам құқықтары жөніндегі топтар Шыңжаңда адамдар мәжбүрлеп жұмысқа жегілетінін хабарлағаннан кейін қабылдаған. Ресми Бейжің болса, бұндай айыптарды үнемі жоққа шығарып келеді.

Брифинг барысында Шыңжаң үкіметінің тағы бір өкілі Элайжан Анаят H&M және Nike сияқты компаниялар Шыңжаң мақтасына бойкот жариялағаннан кейін қытайлар олардың өнімдерін қаламайтынын айтты. Және де Анаят аймақтың мақта алқаптарына сапар шегіп, ондағы жағдайды өз көзімен көргісі келетін компанияларды қошеметпен қарсы алуға дайын екенін де хабарлады.

БАТЫС САНКЦИЯЛАРЫ

Вашингтон жұма күні Қытайды америкалық және басқа да халықаралық компанияларға қарсы әлеуметтік медиада науқан жүргізіп жатыр деп айыптады. Вашингтонның ойынша, Бейжің бұл шараны Батыс Шыңжаң мақтасын пайдаланбауға уәде бергеннен кейін қолға алып отыр.

Қытайдағы тұтынушылық бойкоттар өткен аптада Ұлыбритания, Канада, Еуропа одағы және Америка Құрама Штаттары енгізген санкциялармен тұспа-тұс келді.  Батыс бұл шектеулерді Шыңжаңда адам құқықтары бұзылды деген себеппен жариялап отыр. Және де АҚШ үкіметі Бейжіңді аймақтағы ұйғыр мұсылмандарды геноцидке ұшыратты деп мемлекеттік деңгейде айыптап отыр.

Сю Шыңжаңдағы геноцид және адам құқықтарының бұзылуы туралы айыптарды бірнеше рет жоққа шығарып, Батыс державаларын санкциялар арқылы Қытайды тұрақсыздандыру мақсатында саяси айла-шарғыларға барды деп кінәлады.

"Олар ақыл - ойы мен ар-ожданын жоғалтып, саяси айла-шарғыларға көшіп, санкцияларды теріс пайдалануға құлшынып отыр", - дейді Сю.

Анаятқа оралсақ, оның ойынша, "Батыстың нақты мақсаты - геноцид мәселесін өршітіп, Қытайдың қауіпсіздігі мен тұрақтылығын теңселту.”

Биыл қаңтарда Америка Құрама Штаттары ұсталған ұйғыр мұсылмандар мәжбүрлеп жұмысқа жегілді деген айыптауларға байланысты Шыңжаңнан барлық мақта мен қызанақ өнімдерін импорттауға тыйым салды.

Батыс үкіметтері мен адам құқықтары жөніндегі ұйымдардың мәлімдеуінше, Қытайдың батысындағы аймақта ұйғырлар тұтқындалып, азапталып, идеологиялық тұрғыдан өңдеуден өтіп жатыр.

Қытай басшылығы болса, бұл кінәнің жоққа шығарып, аталған лагерлерді кәсіби дайындыққа баулитын және діни экстремизммен күресуге арналған орталықтар деп мәлімдеп келеді.

People 's Daily газетінің хабарлауынша, Қытай әлемдегі ең ірі мақта тұтынушы және де ол жылына 5 миллион тоннадан астам мақта өсіріп, осы сала бойынша планетада екінші ірі өндірушісі атанып отыр.

"Қытайдың тоқыма өнеркәсібіне қажетті мақтаның шамамен 80 пайызы Шыңжаңнан келеді. Сол мақтаның 70 пайызға жуығы машинамен жиналады", - деп хабарлайды газет өткен жылғы статистикаға сілтеме жасап.

Осы аптада адам құқықтары туралы жыл сайынғы есебін жариялай отырып, Қытай үкіметі бір заманда Америка Құрама Штаттары мен басқа да батыс мемлекеттерін адамзатқа қарсы қылмыстар жасап, нәсілдік теңсіздікке жол берді деп айыптап, Вашингтонның адам құқықтарына қатысты мәселелерді өз шекарасынан тыс жерлерде көтеруге құқығы жоқ екенін ескертті.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу