Тәліптер кімдер, және олардың көздегені не?

11705

Ауғанстанды бір емес, екі мәрте басып алған "Талибан" қозғалысының тарихына қысқаша шолу.   

Тәліптер кімдер, және олардың көздегені не?

1995 жылы New York Times газетінің тілшісі Ауғанстанға сапар шегіп, жылдарға созылған қырық пышақ жанжалдан кейін бұл елге үлкен бір өзгеріс келе жатқанын хабарлаған еді. Содан кейін "исламшылдар мен ауған патриоттарынан құралған жаңа күш" мемлекет аумағының 40 пайыздан астамын қас-қағым сәтте әскери бақылауына алды. Таңқаларлық жағдай. Себебі, бұдан бір жыл бұрын ғана қолдарына қару аларда, олардың көбі дін оқып жүрген шәкірттер еді.

Радикалдық қозғалыс өздерін "Талибан" немесе "студенттер" деп атады. Арада өткен ширек ғасырда ондаған мың адамның өмірін жалмаған соғыста халықаралық әскери коалицияға қарсы тұрған бұл шәкірттер бүгін тағы да ел басқарып отыр.

Тәліптер Ауғанстанды қалайша бір емес, екі рет басып алды, олар алғаш билікке келгенде не істеді және исламшыл ұйымның келешекке жоспары қандай?

 "Талибан" қозғалысы алғаш рет қашан пайда болды?

Тәліптер 1994 жылы, яғни, Кеңес әскерлері 1989 жылы Ауғанстаннан шығарылғаннан кейін елді жайлаған бей-берекетсіздік кезінде пайда болды. Топтың негізі оңтүстіктегі этникалық пуштундар мекендейтін Қандағар провинциясының ауылдық жерлерінде қаланды.

Кеңес одағы 1979 жылы коммунистік үкіметті күшейту үшін Ауғанстанға басып кіріп, оған өз құндылықтарын таңуға тырысқан бұрынғы және қазіргі заманның ірі державаларының тағдырын қайталап, ақыры ол да ауғаннан абыройсыз қуылды.

"Қырғи қабақ соғыстағы" бәсекелесі - КСРО-ға қарсы өзгенің қолымен соғыс жүргізуге ниет еткен АҚШ - "моджахедин" деп аталатын исламшыл жауынгерлерді қолдады. Дәл осы жасақтар кеңестерге тойтарыс бергені белгілі.

Бірақ, сол жеңістің қуанышы ұзаққа созылмады. Өйткені, Ауғанстанда түрлі топтар билік үшін қанды күреске кірісіп, үлкен азаматтық соғысқа жол ашты.

Бұл жағдайда тәліптер исламдық құндылықтарды бірінші орынға қоюға және  сыбайлас жемқорлықпен күресуге уәде бере отырып, тез арада қоғамды өз жағына тарта білді. Және де бірнеше айға созылған ауыр шайқастарда олар елдің көп бөлігін басып алды.

"Талибан" бұрын елді қалай басқарды?

1996 жылы тәліптер Ауғанстанда Ислам Әмірлігін жариялап, қатыгез қоғамдық жазаларды, соның ішінде, ұрып-соғу, қол кесу, жаппай қырғынға ұшырату тәрізді үкімдерді қолданды; әйелдердің рөлін қатаң шектеп, қыз балалардың білім алуына тыйым салды.

Сонымен қатар, олар бәсекелес діни рәсімдерге жол берілмейтінін ескертіп, 2001 жылдың басында "Бамианның Ұлы Буддасы" деп аталатын алып мүсіндерді қиратып, әлемнің наразылығына тап болды. Тәліптер бұл ескертшкіштерді кәпірлердің ісіне балап, олардың жойылуын қасиетті әрекет деп мақтанды. "Құрудан қирату оңай", - деді сол кезде радикалдардың ақпарат және мәдениет министрі.

 "Талибанда" қазіргі заманға сай министрліктер мен бюрократиядан тұратын үкімет те болды. Ал, көшедегі ауғандықтардың күнделікті өмірі діни жарлықтармен, жекелеген командирлердің бұйрығымен қадағаланды.

Дегенмен, тәліптер 1990-шы жылдары бүкіл елді бағындыра алмады. Себебі, советтермен соғысқан моджахедтердің көптеген командирлері қоныстанған солтүстік қарсылықтың бастионы болып қала берді.

"Талибан" билігі әйелдер үшін нені білдіреді?

"Талибан" әйелдер қоғамдағы ең шектеулі рөлдерді ғана ойнауы керек деген идеологияда құрылды.

Олар алғаш рет билік еткенде әйелдер мен қыздарға жұмысқа орналасуға, тіпті мектепке баруға тыйым салды. Ал, далада бетін жаппай қолға түскен әйелдер қатаң жазаланды. Үйленбеген әйелдер мен ерлер де бірге көзге түссе, биліктің қаһарына ілігер еді.

"Талибан" үкіметі Америка бастаған коалицияның күшімен құлатылғаннан кейін, әйелдер Ауғанстанда көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Бірақ, арада жиырма жыл өтіп, АҚШ өз әскерін шығару туралы "Талибанмен" келіссөз жүргізгенде, көптеген ауған әйелдері елдің тағы да тәліптердің қолына өтуінен қорқа бастады.

Әсіре діншіл топ басшылық тізгінін өз қолына алған кезде, бұл қорқыныштың негізсіз еместігіне күмән қалмады.

Бір ғана мысал, "Талибан" жасақтары шілдедегі шайқас кезінде Қандағардағы банкке басып кіріп, онда жұмыс істейтін тоғыз әйелдің орнына ер туыстары келуі керек деген үкім айтқан. Бұған қоса, осы айда солтүстіктегі Құндыз қаласында "Талибан" жетекшілері үкіметтегі әйелдерге қызметті тоқтатуды бұйырды.

Неліктен АҚШ Ауғанстанға басып кірді?

"Талибан" билік еткен кезде, Ауғанстан Сауд Арабиясының тумасы әрі бұрынғы моджахед Осама бен Ладеннің қауіпсіз мекеніне айналды. Ал, "нөмірі 1-ші терроршы" жаһандық үлгідегі лаңкестік топ құрды. Ол – "әл-Каида" еді.

Бұл ұйым 2001 жылы қыркүйектің 11-де Америкаға алапат соққы беріп, Нью-Йорктегі Дүниежүзілік сауда орталығының мұнараларын құлатып, Вашингтондағы Пентагонға орасан зақым келтіріп, күллі әлемді дүр сілкіндірді. Мыңдаған адам мерт болды.

Содан кейін президент Джордж Буш "Талибаннан" "әл-Каида" мен Осама бен Ладенді ұстап беруді талап етті. Ал, тәліптер бұдан бас тартқанда, Америка Құрама Штаттары Ауғанстанға басып кірді.

"Талибанға" қарсы соғысқа Солтүстік Альянс коалициясындағы бұрынғы моджахедтік топтар да қосылып, авиациялық шабуылдар жасалып, АҚШ пен оның одақтастары көп ұзамай "Талибан" үкіметін құлатты. Сондықтанр, "әл-Каида" мен "Талибанның" жетекшілерінің көбі Пәкістанға қашуға мәжбүр болды.

2001 жылғы жеңілістен кейін тәліптер не істеді?

"әл-Каиданың" ізіне түскен Пәкістан әскері АҚШ-тан қаржылай көмек ала отырып, тәліптерге жасырын баспана мен көмек беріп, олардың партизандық соғысқа кірісуіне ықпал етті.

АҚШ өз ресурстарын енді Ирактағы жаңа соғысқа бағыттай бастады. Ал, америкалық шенеуніктер бүкіл әлемге Ауғанстанның заманауи институттардан тұратын батыс үлгісіндегі демократия жолында түскенін жариялады. Бірақ, көптеген ауғандық бұл шетелдік институттардың жемқор басшылар үшін ақша ұрлаудың тағы бір әдісі екенін сезіне бастады.

Ауылдық жерлерде "Талибан" күшейе бастады, әсіресе, шалғайдағы елді мекендерде. Олардың саны өсті - кейбір жауынгерлер қорыққаннын тәліптерге қосылса, басқалары өз еріктерімен радикалдар сабына тұрды. Себебі, олардың барлығы дерлік жергілікті полицейлерге қарағанда әлдеқайда көп жалақы алды. Сонымен қатар, тәліптер Пәкістандағы ауған диаспорасы арасынан бұрынғы зорлық-зомбылықтардан қашқан және діни мектептерде тәрбиеленген жастарды тауып, оларды да өз жағына тартты.

"Биліктен қуылғаннан кейін алты жыл өткенде, "Талибан" табандылық пен айбынын тағы байқатып, елді қайтадан алаңдата бастады", - деп жазды The Times 2008 жылы.

Президент Барак Обама АҚШ-тың Ауғанстандағы әскерін 2010 жылы шамамен 100 000 әскерге дейін кеңейткен кезде, "Талибан" бұл дауылға да төтеп берді. Ал, америкалықтар бірнеше жылдан кейін әскерін азайтқан шақта, исламшыл көтерілісшілер қайтадан күш ала бастады. Және де тәліптер АҚШ-тың шыдамы таусылып, кететініне бәс тікті.

Олар қателеспепті.  АҚШ  2400-ден астам жауынгер жоғалтып, 2 триллион доллар шығындап, ондаған мың ауғандық бейбіт тұрғын мен қауіпсіздік күштері қаза тапты. Сондықтан, президент Дональд Трамп "Талибанмен" келісім жасап,  Ауғанстаннан пентагондық контингентті 2021 жылдың ортасына дейін әкететінін мәлімдеді. Президент Байден бұл жоспарды қолдады. Тәліптер болса, ең алдымен аудандарды, содан кейін қалаларды жаулауға аттанды.

"Талибан" алғашқы провинциялық астананы алғаннан кейін тура 9 күн өткенде, Кабулға басып кірді. Осылайша, Ауғанстанда баяғы шәкірттердің  билігі қайта орнады.

 "Талибан" бұдан әрі не істемек?

"Талибан" лидерлері командирлерді әділ билік етуге, репрессия мен қиянаттан аулақ болуға шақырып, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кепілдік беріп отыр.

Олардың билігінің алғашқы күндері кейбір жерлерде тыныш көрінді. Бірақ, дөрекілік пен қорқыту туралы хабар-ошарлар да көп тарап, сан мың босқын Кабулге қашты. Енді астананың әуежайы шарасыздық пен хаостың сахнасына айналып, мыңдаған ауғандық қайтсе де елден кетуге жанталасып жатыр.

Тәліптердің қолына өткен негізгі провинциялардың бірінің астанасы Құндыздың кейбір тұрғындары жаңа билеушілерінің бейбітшілік туралы уәделеріне сенбейді.

"Мен қорқамын, өйткені алда не болатынын және олардың не істейтінін білмеймін. Біз оларға күлімдеп қарауға мәжбүрміз, себебі қорқамыз, бақытсызбыз", - дейді олар .

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу