"Талибан" жасақтары Мазари-Шарифті де алып Кабулға жақындап қалды

4345

Осылайша тәліптер Ауғанстанды түгел бағындыруға таяу. Ал, президент мемлекет астанасы үшін не соғысуы, не отставкаға кетуі керек. Ашраф Ғаниде басқа амал қалған жоқ.   

"Талибан" жасақтары Мазари-Шарифті де алып Кабулға жақындап қалды

"Талибан" жасақтары сенбі күні Ауғанстанның солтүстігіндегі ірі қала Мазари-Шарифті де басып алып, ауған әскерлерін бас сауғалап қашуға мәжбүр етті. Және де исламшыл қозғалыс Батыс елдері өз азаматтарын мемлекет астанасынан жаппай көшіруге кіріскенде Кабулға да жақындап отыр.

Бұл – тәліптердің АҚШ бастаған күштер кетіп жатқаннан бері соңғы апталарда қол жеткізген маңызды жеңісі. Ауғанстанның шығысында Кабул ғана "Талибан" қолына әзірге өткен жоқ. Ал, осы аймақтағы Жалалабад  бүгін радикалдарға соғыссыз берілді.

АҚШ президенті Джо Байден сенбіде өз елі азаматтарын эвакуациялауға және америкалық әскери қызметкерлерді "тәртіппен және қауіпсіз" шығаруға көмектесу үшін Ауғанстанға 5000 жауынгер жіберуге рұқсат беретінін мәлімдеді. Құрама Штаттар қорғаныс министрі қызметкерінің айтуынша, бұл операцияға 82 -ші десанттық дивизияның жаңадан бекітілген 1000 сарбазы да қосылады.

Ауған шенеуніктерінің хабарлауынша, "Талибан" жасақтары Мазари-Шарифке еш кедергісіз кірген.  Өйткені, ауған қауіпсіздік күштері солтүстікке қарай 80 шақырымдай жерде орналасқан Өзбекстанға тас жолмен қашып кетті. Әлеуметтік желілерде расталмаған видеода Ауғанстанның Хайратан қаласы мен Өзбекстан арасындағы темір көпірде ауған армиясының машиналары мен униформалы адамдары көрсетіліп отыр.

Үкіметті қолдайтын екі ықпалды дала командирлері - Атта Мохаммад Нур мен Абдул Рашид Достум да қашуға мәжбүр болған. Олардың қайда жасырынғаны әзірге белгісіз. Нур әлеуметтік желілерде біреулердің "қастандығына" байланысты "Талибанның" бақылауына Мазари-Шариф орналасқан Балх провинциясы берілгенін және Достумның "қауіпсіз жерде" отырғанын жазды.

Көгілдір таспен әшекейленген мұсылмандық кесенесімен әйгілі Мазари-Шариф шаһары 2001 жылы АҚШ-қа "Талибанды" құлатуға көмектескен этникалық жасақтардың (негізінен өзбектерден, тәжіктерден құралған – авт.) Солтүстік Альянсының басты бекінісі болды.

1997 жылы шиит хазарларының жетекшісі Мохаммед Мохакик пен оның этникалық өзбек одақтастарына берілген күштері 2000-ға жуық тәліпті тұтқынға алып, өлтірді. Келесі жылы "Талибан" қайтып оралып, Мазари-Шарифте мыңдаған хазарды кек алу мақсатында қырғынға ұшыратты.

Сенбі күні кешке жасаған мәлімдемесінде "Талибан" қозғалысы өзінің жедел жетістіктері халықтың тәліптерді жақсы қабылдағанын көрсеткенін айта келіп, ауғандықтардың да, шетелдіктердің де қауіпсіздігін қамтамасыз етуге уәде берді.

"Ислам Әмірлігі (Талибан) әдеттегідей, олардың өмірін, мүлкі мен намысын қорғап, өзінің сүйікті ұлтына бейбіт әрі қауіпсіз жағдай жасайды", - дейді "Талибан" қозғалысы дипломаттар мен көмекші қызметкерлердің де ешқандай қиындыққа тап болмайтынын ескерте отырып.

МЕМЛЕКЕТ АСТАНАСЫ ҚОРШАУҒА АЛЫНЫП ЖАТЫР

Осы күнге дейін үкіметтің басты қорғаны саналған Кабул оқшауланып жатса да, қатал ислами билікке қайта оралудан қорыққан ауғандықтан мемлекет астанасына провинциялардан мыңдап ағылып жатыр.

Айта кетсек, бұған дейін "Талибан" Ауғанстанды исламның қатаң заңдарымен басқарып, әйелдердің білім алуына, жұмыс істеуіне тыйым салып, ер туысы болмаса, нәзік жандылардың көшеге шығуына рұқсат бермеді.   

Қазір жүздеген адам қалада құрылған шатырларда, ашық аспан астында, жол жиектерінде немесе автотұрақтарда түнеуге мәжбүр.

"Сіз олардың жүзінен қорқынышты көре аласыз", - дейді жергілікті тұрғындардың бірі "Рейтер" агенттігіне берген сұқбатында.

Батыс үкіметтері елшілік қызметкерлерін, азаматтары мен өздеріне жұмыс істеген ауғандықтарды эвакуациялау жоспарларын тездетіп жүзеге асырып жатыр. Америкалық жауынгерлер болса, Кабулға осы операцияны күзету және әуежайды бақылау мақсатында барып отыр.

Британ ақпарат құралдарының хабарлауынша, Ұлыбританияның елшісі Ауғанстаннан жексенбі күні кешке дейін кетеді. Және де Лондон британдықтарды көшіру үшін Кабулге 600-дей сарбаз жөнелткен. Мұндай шешім тәліптердің әуежайды басып алу қаупі жоғарылағандықтан қабылданып отыр.

Ресми өкілдердің айтуынша, елшіліктерге виза үшін ондаған мың өтініш берілген. Осындай шақта Вашингтон АҚШ үкіметіне жұмыс істеген ауғандықтарды уақытша орналастыру жөнінде өзге мемлекеттерге де ұсыныс жасады.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың мәлімдеуінше, еліміздің Кабулдегі елшілігі жұмысын жалғастырып жатыр. "Біздің елші Кабулде жұмыс істеп жатыр. Онда аз ғана персоналымыз қалды", - дейді дипломатиялық ведомостваның баспасөз хатшысы.

КАБУЛҒА ЖАҚЫНДАП ҚАЛДЫ

Жергілікті провинциялық кеңестің аты-жөнін атамауды сұраған мүшесі хабарлағандай, бұған дейін "Талибан" Кабулдан оңтүстікке қарай 70 шақырым қашықтықтағы Логар провинциясының астанасы Пули-Аламды аз қарсылықпен басып алды.

Дегенмен, полиция қызметкерлері "Талибан" Пул-Алам тарапынан Кабулға жақындап, шабуыл ұйымдастырады деген хабарды жоққа шығарып отыр.

Оңтүстіктегі ең үлкен қала және "Талибанның" жүрегі - Қандағар жұма күні тәліптердің бақылауына өтті. Осылайша, радикалдық топ бүгінде Ауғанстанның 34 провинциясының 25-ін бақылап отыр. Ал, батысшыл үкіметтің қарамағында орталық пен шығыстағы провинциялар, сондай-ақ, ел астанасы Кабул ғана қалды.

Логар провинциясынан сайланған депутат Хода Ахмадидің айтуынша, "Талибан" астананың оңтүстігінде 11 шақырым жерде орналасқан Чар Асяб ауданына да жетті.

НЕГЕ ҚАРАЖАТ ШЫҒЫНДАЛЫП, ҚАН ТӨГІЛДІ?

Байден қазір өз елінде үлкен сынға ұшырап отыр. Өйткені, "Талибан" қалаларды жылдам жаулап алып жатыр. АҚШ-тың Ауғанстандағы әскери миссиясын аяқтау бастамасын республикашыл экс-президент Дональд Трамп көтерген еді. Бұл жоспарды Байден тамыздың 31-не дейін орындауға ниетті.

Байденнің айтуынша, ел территориясын қорғау - ауған әскерінің міндеті. "Басқа елдегі азаматтық соғыстың ортасында Американың шексіз жүруін қабылдай алмас едім", - деді сенбіде жасаған мәлімдемесінде Ақ үй басшысы.

Сенбіде Ауғанстан президенті Ашраф Ғани АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенмен және жергілікті басшылармен, халықаралық серіктестермен келіссөздер жүргізді.

"Ғани мен Блинкен Ауғанстандағы зорлық -зомбылықты азайтуға шұғыл күш-жігер жұмсау мәселелерін талқылады", - деп хабарлайды Мемлекеттік департамент.

Дегенмен, бірқатар бақылаушылардың ойынша, президент мемлекет астанасы үшін не соғысуы, не отставкаға кетуі керек. Ғаниде басқа амал қалған жоқ.

Ауғанстан ауруханалары болса, әскери ұрыс кезінде жараланғандарды қабылдап үлгере алмай жатыр. Өткен айдың өзінде госпитальдерге 17 мыңдай адам түскен.

АҚШ 2001 жылғы 11 қыркүйектегі шабуылдан кейін Ауғанстанға басып кірді. Себебі, сол алапат терактіні жоспарлаған "әл-Каида" ұйымын "Талибан" ауған жерінде паналатты. Тәліптер билігін тез құлатқаннан кейін, Құрама Штаттар ондаған жылдарға созылған соғыс пен толқулардан қажыған Ауғанстанды заманауи елге айналдыруға үміттеніп, мемлекет құрылысына бет бұрды.

Шетел әскерлерінің шығарылуы және АҚШ-тың жылдар бойы көрсеткен жүздеген миллиард долларлық көмегіне қарамастан, Ауғанстан армиясының шапшаң күйреуі – "Талибан" басшылыққа қайта оралады немесе 1989 жылы Кеңес әскері әкетілгеннен кейін елді жік-жікке бөлген фракциялық қақтығыстардың қайталануына тағы да жол ашылады деген қорқыныш туындап отыр.

Тәліптер мұнша жедел күш алатын болса, 20 жылда Ауғанстанға неліктен сонша қаражат жұмсалып, қан төгілді? Қазір америкалық және ауғандық ардагерлерді осы сауалдар толғандырып отыр. 

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу