Ауғанстан 50 млрд долларды игеруге қазақстандық бизнесмендерді де шақырып отыр

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4123

Батыс елдері бөлген қомақты қаражаттың бір бөлігі Ауғанстанның қираған инфрақұрылымын қалпына келтіруге бағытталуда.

Ауғанстан 50 млрд долларды игеруге қазақстандық бизнесмендерді де шақырып отыр

Ел үкіметінің талдауына жүгінсек, Ауғанстан тауарлардың барлық дерлік түрлерін шетелден тасиды. Сондықтан бұл елге экспорт "өте тиімді" көрінеді: өйткені сатушы сатып алушыға қарағанда әу бастан басымдыққа және оңтайлы жағдайларға ие. Ара-тұра бүкіл әлемді тіксінтетін лаңкестік оқиғаларына, қалыптасқан теріс саяси ахуалға қарамастан, Ауғанстан экономикасы қазір өте жылдам қарқынмен, жылына орташа есеппен 7-8%-дап өсіп келеді. 2009 жылы тіпті рекордтық 20,4 пайыздық өсімге де қол жеткізген.

Атап өтерлігі сол, Ресей, Иран сияқты іргедегі сауда серіктестерімізбен алыс-беріс жасауға АҚШ кедергі келтіріп, тіпті доқ көрсетіп отырса, ал Ауғанстанмен экономикалық, сауда қарым-қатынастарды ол керісінше, жан-жақты ынталандырмақ. Мұны Құрама Штаттардың президенті Дональд Трамп та растағаны мәлім.

Салыстыру үшін айталық, ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, Қазақстанның экспорты, яғни дүниежүзі бойынша барлық елдерге сатқан өнімдері мен көрсеткен қызметтерінен тапқан пайдасы биылғы жартыжылдықта небары 13,8 миллиард долларды құрады. Және бұл былтырғы ұқсас кезеңдегіге қарағанда, 27%-ға өскен түрі.

Жалпы, Батыс бөлген қомақты қаражаттың бір бөлігі Ауғанстанның қираған инфрақұрылымын қалпына келтіруге бағытталуда. Демек, отандық құрылыс компаниялары да осы іске қатысып, шетелдік нарыққа тәй-тәй қадамдарын жасай алады.

Әзірге, қазақ елінің ауған еліне экспортының басты тауарлары – ұн мен мұнай өнімдері саналады.

"Ауғанстанға өнім экспорттаудың немесе сол жақта компания ашып, қызмет көрсетудің өзіндік қиындықтары бар. Мәселен, біріншіден, Қазақстан мен Ауғанстан арасында ортақ шекара жоқ, жерлері шектеспейді. Сондықтан оларға тауарды Өзбекстан арқылы тасымалдайсың. Негізгі қиыншылықтар да сонда туындайды. Тауар жеткізу жол-жөнекей кідіруі не тіпті жүктің жоғалу тәуекелі де жоқ емес. Көптеген экспортшылар ауған жеріне кірмей, шекарада тауарды қабылдап алатын трейдерлермен жұмыс жасайды. Әйтпесе, Ауғанстанның бөлшек сауда нарығына өз бетіңмен кіру күрделі, қауіптері бар", – дейді сыртқы экономикалық қызметте тәжірибесі бар кәсіпкер Азамат Дәулетұлы.

Тілге қатысты кедергі де бұл елдегі бизнес жүргізуге кері ықпал етуі ықтимал екен. Себебі, ауғандықтардың көбі ағылшын және орыс тілдерінде сөйлемейді, бұл тілдерді ұнатпайтындары жетерлік. Ал қазақстандық кәсіпкерлердің шетелдегі негізгі қарым-қатынас тілдері де осы екені мәлім. Бұл жерде де "ала шапанды ағайындарға" жеңілірек: ауғандардың біразы өзбек тілін түсінеді. Мемлекетте пушту және даримен қатар, өзбек тілі де ресми тіл ретінде бекітілген.

Дегенмен, осы нарықты бұрыннан белсенді әрі табысты игеріп жатқан отандық компаниялар жетерлік. Қазір олар қарқындарын арттыруда. Мәселен, "Цесна-Астық" компаниясы он бес жылдан астам уақыттан бері Ауғанстанға өз өнімін экспорттап келеді. Бастапқы кезеңде кәсіпорын бірқатар проблемаларға кезігіпті, тіпті ілгерілеу мүмкін еместей көрінген кездер болған. Бірақ компания өкілдері Ауғанстанға экспорт бойынша айтарлықтай түйткілді мәселелер жоқтығын атап өтеді. Аталған қазақстандық ірі өндіруші ТМД аумағында танымал әрі беделді жеткізуші ретінде мойындалғандықтан, ауғандық серіктестері онымен ынтымақтасуға өздері ынта-ықылас танытқан және қарым-қатынасқа шақырған.

Қазіргі кезде ауғандар қазақ астығы мен ұнын көбірек сатып алуға құлықты. Мәселен, 2018 жыл басталғалы бері Қазақстан астық экспортын 1,6 есеге арттырған. Ал биылғы 18 шілдеде ұнымыз алғаш рет жаңа темір жол бағыты бойынша Ауғанстанға жол тартты. Бұған дейін осы өнім де тек Өзбекстан арқылы жеткізілетін. Ал ұзындығы 3,5 мың шақырымнан асатын жаңа бағыт, "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының хабарлауынша, Қостанайдан бастау алып, "Болашақ" стансасы арқылы Түрікменстанның "Серхетабад" стансасына дейін жетеді. Ары қарай жүк көліктерімен ауған жеріне тасымалдануда.

"ҚТЖ-Жүк тасымалы" АҚ-ының мәлімдеуінше, жаңа бағыт Қазақстанның транзиттік әлеуетін өрістетуге мүмкіндік береді, әрі Ауғанстаннан жылжымалы темір жол құрамының кері қайтуы және айналымға қосылуы уақытын 2-2,5 есеге дейін қысқартады.

Қазір ел үкіметі бұл елде отандық тамақ өнеркәсібі, энергетикалық сектор, құрылыс-монтаждау және жөндеу-сервистік салалардағы кәсіпорындарының өнімдері мен қызметтерін де ілгерілетуде.

Отандық "Sunpaper" компаниясы да өзі шығаратын санитарлық-гигиеналық және қағаз өнімдерін осы елге сатады. Ол Ауғанстанды дәретхана қағазымен, үстел майлықтарымен, қағаз сүлгілермен және басқаларымен қамтамасыз етуде. Экспорттық бұл бағытын кәсіпорын 2011 жылдары ашыпты. Ауғандық серіктестері қазақстандық осы өнімдерді сатып алу көлемін арттыруға ынталы.

Кентау трансформатор зауыты да ауғандық бағыттан мол үміт күтеді. Компания Ауғанстанның "TWI" кәсіпорын үшін РВЗ-20кВ/400А үлгісіндегі қондырғыларды жасап, өткізіпті. Бұл нарыққа жеткізетін өнімдері желісін кеңейтуге құлықты.

Мұнай-газ секторы үшін құрал-жабдықтар шығаратын "Мұнайаспап" компаниясы да бұрынғы соғыстар кезінде жермен-жексен болған инфрақұрылымын қайта тұрғызып жатқан Ауғанстанды экспорт үшін пайдасы мол нарықтардың бірі деп есептейді. Тек менталитеттер арасындағы ерекшеліктер жұмысты күрделендіретін көрінеді. Себебі, тайталастар мен қанды қырғындардан зәрезап болып қалған ауғандықтар жатжұрттықтарға сенімсіздікпен қарайтын көрінеді: салдарынан, алғашқы келіссөздерден контрактіге қол қойғанға дейін ұзақ уақыт өтуі мүмкін.

Ал жергілікті жерде бірлескен компания не кәсіпорынның бөлімшесін құрғысы келетін қазақстандық кәсіпкерлер ауған елінде білікті жұмысшылар жеткіліксіз екенін ескергені жөн: Дүниежүзілік банк дерегінше, жасы 15-тен асқан тұрғындардың тек 28%-дайы оқи және жаза біледі.

Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметі бойынша, 2018 жылдың қаңтар-сәуір айларында Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналым 180,2 млн долларды құрады. Сөйтіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,3%-ға өскен: былтыр 151,1 млн доллар болған еді.

2005 жылдан 2018 жылдың 1-ші тоқсанына дейінгі аралықта Қазақстаннан Ауғанстанға жалпы көлемі 0,3 млн доллар тікелей инвестициялар салынған.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу