Ауғандағы жағдай Тәжікстанды мобилизацияға мәжбүрлеп отыр

3559

Шекараның ар жағы исламшылдардың қолына өтіп жатқанда, президент Рахмон ондаған мың адамды әскер қатарына қайтарып, босқын қабылдау мәселесін қарастыра бастады.   

Ауғандағы жағдай Тәжікстанды мобилизацияға мәжбүрлеп отыр

Тәжікстан президенті Ауғанстанмен арадағы шекара күзетін күшейту үшін дүйсенбі күні резервтегі 20 000 адамды әскер қатарына қайта шақыруға бұйрық берді. Мұндай шешім ел аумағына "Талибан" жасақтарының шабуылына төтеп бере алмай, 1000-нан астам ауғандық сарбаз қашып барғаннан кейін қабылданып отыр.

Олардың жексенбіде тәжік жеріне өтуі Ауғанстандағы жағдайдың күрт ушыққанын аңғартса керек. Бұл мемлекетте 20 жыл соғысқан шетел әскерлері елдеріне толық кетуге жақын. Ал, бейбітшілік орнату жөніндегі келіссөздер тұралап тұр.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон соңғы күндері осы жағдайды Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей президенттерімен талқылады. Айта кету керек, Тәжікстанда РФ-ның ауқымды әскери базасы орналасқан.   

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тәжікстан лидері аймақтағы жағдай жайлы бір-бірін хабарландырып отыру үшін жұмыстық байланыстарды ұдайы жалғастыруға және іс-әрекеттерін үйлестіріп отыруға уағдаласты.

Бірер күн бұрын Кремль таратқан мәлімдемеге жүгінсек, президент Владимир Путин Рахмонға егер қажет болса, Ауғанстанмен арадағы шекарадағы жағдайды тұрақтандыруға тікелей немесе аймақтық қауіпсіздік ұйымы арқылы көмектесуге уәде берген.

Ресейдің шетелдегі ең ірі әскери базасы - осы Тәжікстанда. Ол танкілермен, тікұшақтармен, соғыс ұшақтарымен қамтамасыз етілген.

Дүйсенбі күні "Рейтер" агенттігі жергілікті үкімет өкілінің сөзіне сүйеніп хабарлағандай, Тәжікстан Ауғанстаннан бас сауғалауы мүмкін босқындар үшін лагерлер салу мәселесін қарастырып жатыр.

Тәліптер Тәжікстанмен де, Қытаймен де шекаралас солтүстік Бадахшан провинциясындағы алты маңызды ауданды басып алғаннан кейін 1037 ауғандық әскери қызметші Душанбенің рұқсатымен тәжік жеріне өтті. Бұл оқиға Құрама Штаттар қыркүйектің 11-не дейін өз контингентін Ауғанстаннан әкету жоспары аясында Бағрамдағы әуе базасынан кеткеннен кейін екі күн өткенде болып отыр.

Жексенбіде Ауғанстан президенті Ашраф Ғани да Рахмонмен телефон арқылы сөйлесіп, шекарадағы жағдайды талқылады.

"Ауғанстанның Тәжікстанмен шектесетін солтүстік аудандарындағы жағдайдың ушығуына ерекше назар аударылды", - деп жазылған Тәжікстан президенті кеңсесінің хабарламасында.

Сонымен қатар, Рахмон Ауғанстан қауіпсіздік күштері қызметкерлерінің шекараны "мәжбүрлі түрде кесіп өтуіне" алаңдаушылық білдірді.

"Бұған қоса, Рахмон Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёевке және Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа телефон шалып, қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізуді ұсынды", - деп хабарлайды Рахмонның кеңсесі.

"Баратын жер қалмады"

Ауған үкіметінің бір лауазымды өкілі Тәжікстанға өтетін жүздеген жолдың бар екенін растағанымен, олардың нақты санын атаған жоқ.

"Тәліптер барлық жолдарды жауып тастады. Сондықтан, бұл адамдар баратын жер қалмағандықтан, көрші ел шекарасына өтуге мәжбүр болды", - дейді ол "Рейтерге" берген сұқбатында.

Өткен аптада АҚШ күштері Бағрамды босатып, АҚШ тарихындағы ең ұзақ соғысты аяқтады. Америкалықтар бұл әскери-авиациялық кешеннен 2001 жылы қыркүйектің 11-де "әл-Каида" АҚШ-қа шабуыл жасағаннан кейін Пентагон әскерімен соғысып, биліктен аластатылған "Талибанмен" жасалған келісімге сәйкес кетіп отыр.

Бағрам базасы 1979 жылы Ауғанстанға басып кірген Кеңес Одағы үшін өмірлік маңызды орталық болды. Советтер бұл елден 1989 жылы шыққаны белгілі.

"Талибан" батыс әскеріне қарсы шабуылдарды тоқтатып, Ауғанстан үкіметі мен қауіпсіздік нысандарын көздеуді жалғастырып, бүкіл елде территориялық жетістіктерге жедел қол жеткізіп жатыр. Ал, тараптар арасындағы бейбіт келіссөздерден нәтиже жоқ.

Бадахшандық депутат Забихулла Атиктің "Рейтерге" берген дерегіне жүгінсек, "Талибан" шекаралас провинцияның 28 ауданының 26-сын басып алды. Және де сол уездердің үшеуі көтерілісшілерге ұрыссыз беріліпті.

Оның өзге бір мәліметінше, Ауғанстан қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері тәжік жеріне қашу үшін түрлі жолдарды пайдаланған. Бірақ, тәліптер Тәжікстан шекарашылары кез-келген өткеліне тосқауыл қойған Ишкашем ауданында ондаған қызметкерді бәрібір тұтқындаған.

Ресми Душанбе болса, Ишкашемнен 152 адамды қабылдағанын айтқанымен, ауғандық сарбаздардың елге кіруіне тыйым салынғаны туралы түсініктеме бермеді.

Ауғанстанның Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Хамдулла Мохиб дүйсенбіде Мәскеуге қауіпсіздік келіссөздерін өткізу үшін барып, үкіметтік күштердің тәліптердің шабуылын күтпегенін, бірақ, олардың қарсы шабуылға шығатынын мәлімдеді.

ТАСС агенттігінің хабарлауынша, Ресей Ауғанстанның солтүстігіндегі Мазар-и-Шариф қаласындағы консулдығының жұмысын қауіпсіздікке байланысты тоқтатып отыр. 

Арыс Әділбекұлы

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу