Сәрсенбі күні "Рейтер" агенттігі хабарлағандай, "Талибан" қозғалысы АҚШ-пен келісім жасауға жақын. Оның негізгі шартына сәйкес, Америка өз әскерін Ауғанстаннан әкетеді, ал тәліптер шетелдік контингент шығарылғаннан кейін бұл мемлекетті халықаралық терроризмнің ордасына айналдырмауы керек.
Ауғанстандағы 18 жылға созылған соғысты аяқтау жөніндегі келіссөздер былтырғы жылдың соңында Катар астанасы – Дохада жүргізілді. Оның тоғызыншы раунды өткен аптада басталды.
"Біз таяуда мұсылмандарымыз бен тәуелсіздік іздеген еліміз үшін жақсы жаңалық айтудан үміттіміз", - дейді "Талибанның" Дохадағы саяси кеңсесінің өкілі Сухаил Шахин.
Кабулдегі қауіпсіздік жөніндегі жоғары лауазымды өкілдердің бірінің мәлімдеуінше, "Талибан" мен АҚШ Америка контингентін ауған жерінен 14-24 ай ішінде шығаруға уағдаласқан.
Құрама Штаттар мен тәліптер осы пәтуаға жақындағанда, Ауғанстанда "Ислам мемлекеті" (Даиш) тобының белсенділігі күшейіп отыр. Оның содырлары осы айда Кабулде үйлену тойына жасалған шабуылды өз мойнына алды. Айта кетсек, сол қастандықтан кемінде 80 адам мерт болып, жүздеген ауғандық жараланды.
Пентагон өкілдерінің сөзінше, ауғанстандық "Даиш" Америкаға тәліптерден көбірек қауіп төндіруі мүмкін.
Тәліптерден де қауіпті
"Даиш" 2014 жылы Ирак пен Сүрияның үштен бір бөлігін басып алып, ол аумақтарда халифат немесе Ислам империясын жариялағаннан кейін, көп кешікпей Ауғанстанда да пайда болды. Бұл топтың ауғандық филиалы өзін Хорасандағы Ислам мемлекеті (ISIS-K) деп атайды. Орта ғасырларда Ауғанстанның, Иранның, Орталық Азияның бір бөлігі дәл осылай аталғаны тарихтан белгілі.
Ирак пен Сүрияның орталық аудандарында ойсырай жеңілсе де, бұл экстремистік топ екі елде де қауіпсіздік күштері мен бейбіт халыққа қарсы шабуылдар ұйымдастыруға қайта кірісіп отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутеррештің осы айдың басында жасаған баяндамасына жүгінсек, "Даиш" өзі жариялаған халифаттан айрылғаннан кейін 300 млн доллар қаражатпен қалған. Әлемнің бас дипломатының ескертуінше, қарулы ұйымның халықаралық шабуылдарды тоқтатуы уақытша нәрсе. Ал, Ауғанстан оларға бұрынғы іс-әрекеттерін әрі қарай жалғастыру үшін қолайлы мекенге айналған.
Ауғанстандағы "Даишқа" алғашқы кезде он шақты адам ғана мүше болды. Олардың дені – ауған-пәкістан шекарасынан ығыстырылған пәкістандық тәліптер мен әсіре экстремистік идеологияға қызыққан ауған тәліптері.
Тәліптердің күресі Ауғанстан шеңберінен аспаса, "Даиш" содырлары өздерінің Таяу Шығыстағы жетекшісі Әбу Бәкір әл-Бағдадиға адал болуға ант беріп, оның өзге діндерге жариялаған жиһадын қабыл алды.
Ауғанстандық "халифатшылар" лидерлері Американың авиациялық соққыларына жиі ұшырағаннан кейін біршама әлсірегенді. Алайда, бұл топ 2015 жылы қатарына Өзбекстан ислам қозғалысы қосылғаннан кейін, қайта күш алды. БҰҰ-ның есебінше, бүгінде хорасандық "Даиштың" құрамында 2500-4000-дай соғыскер бар. Олардың көпшілігі – Орталық Азия мен Араб елдерінен, Шешенстаннан, Үндістаннан, Бангладештен және Шыңжаңнан (этникалық ұйғырлар).
"Даиш" Ауғанстанда шииттерге қарсы кең ауқымды шабуылдарды бастап отыр. Топ өкілінің айтуынша, Кабулде қанға бөктірілген тойда қырылғандар – шииттер. Алайда зал қожайыны Хуссейн Әлидің сөзінше, ол кешке сүннит-мұсылмандар да көп жиналған.
"Даиштың" әскери потенциалы мен Ауғанстанда және әлемде бейбіт халықты көздеу стратегиясы жетілдірілген. Сондықтан бұл экстремистік ұйым "Талибаннан" да қауіпті саналады.
Американың Джорджтаун университетінің Қауіпсіздікті зерттеу орталығының директоры Брюс Хоффманның пікірінше, Ауғанстан "Даиштың" жаңа базасына айналуы мүмкін. Өйткені ол қазірдің өзінде "Ауғанстанға көп назар аударып, мол ресурс салып, оның шығысында үлкен қару-жарақ қоймасын" ұстап отыр.
Құрама Штаттарда "Даиштың" Ауғанстандағы бөлімшесімен байланысты сегіз рет тұтқындау операциясы жүргізілді. Солардың бірінде техастық 18-жасар Мартин Әзизи Яранд ұсталып, 2018 жылы қала шетіндегі сауда орталығына шабуыл жоспарлағанын және "Ислам мемлекетінің" филиалына қосылуға ниет етіп жүргенін мойындады.
Топ өзінің қатыгез тактикасын Ауғанстанда бірнеше жылдан бері көрсетіп келеді. Қарулы ұйым басып алған аудандардан қашқан тұрғындардың айтуынша, "Даиш" олардың ауылдары мен қалаларында да тура Сирия мен Ирактағыдай террормен үстемдік етіп отыр.
"Даиштың" ауғандық бөлімшесі елдің шығысындағы тіршілігі қыз-қыз қайнаған әрі Пәкістанмен шекаралас Нангархар провинциясында орналасқан. Сонымен қатар олар Ауғанстанның солтүстігінде де көбейіп, Кунар провинциясында да ықпалын кеңейтіп отыр. "Ислам мемлекетін" бұл өңірден ығыстыру оңай болмайды деген болжам бар. 2001 жылы тәліптер билігі құлағаннан кейін, Осама бин Ладен дәл осы таулы провинциядан пана тауып, АҚШ әскері оны бірнеше жыл бойы қолға түсіре алмағаны белгілі.
Ақтан қараға
Соңғы айларда "Талибан" қозғалысы бірнеше рет мәлімдеме жасап, соғыс аяқталғасын, Ауғанстанда билікті монополизациялауға ұмтылмауға уәде берді. Ал, "Даиш" ғаламдық халифат орнату жолында Кабулдағы ресми үкіметті құлату жоспарынан бас тартпай отыр.
Осылайша, тәліптер мен "даиштықтар" идеология мен тактикалық тұрғыдан да араз. Жергілікті ақпарат құралдарының мәліметінше, олар бір-бірімен соңғы жылдары бірнеше рет қақтығысқан. Дегенмен "Талибан" 2001 жылы АҚШ әскері Ауғанстанға басып кіргенде қатты әлсірегенімен, қазір үлкен күшке қайта айналып, елдің жартысына бақылау жүргізіп отыр.
Бірақ Нангархар провинциясы аймақтық кеңесінің мүшесі Сохбар Қадеридің мәлімдеуінше, "Талибан" құрамынан көптеген содырлар "Даиш" жағына өтіп жатыр. Өйткені кейбір тәліптер Америкамен келіссөз жүргізуді "кәпірлермен" сөз байласу деп қабылдап, АҚШ пен оның одақтастарына (соның ішінде Ауғанстанның ресми үкіметі де бар) қарсы күресті жалғастыра беруге бекінген. Ал, өзге тәліптер соғыстан кейінгі қоғамға сіңісіп кететіндеріне және үкіметтің оларды қарусыз өмірге зорлықсыз, заңмен бейімдей алатынына сенбейді және де олар кезінде талай адамның жанын қиғандықтан, өздерінен кек алушылар табылады деп, бейбітшіліктен гөрі "Даиш" құрамындағы соғысты таңдауы мүмкін.
"Күн көру үшін "Даишқа" қосылып, кәпірлермен, жемқорлармен күресті әрі қарай жалғастырамыз. Ақ туды қару туға ауыстыру оңай. "Талибан" лидерлері дінсіздермен соғыста құрбан болғандарды сатып кетті. Енді біздің қатарымыз моджахедтермен толыға береді", - дейді "Талибанның" атын атамаған бұрынғы мүшесі "Рейтер" агенттіне берген сұқбатында.
Ауғанстанда "Даиштың" күшейіп келе жатқанын ел президенті Ашраф Ғанидің баспасөз хатшысы да растады. Сыдық Сыдыққидің мәлімдеуінше, бүгінгі "даиштықтардың көбі – экс-тәліптер".
Арыс Әділбекұлы