Ауғанстан әйелдері үйден шыға алмай отыр – жергілікті тұрғын

7803

Тек америкалық ұшақтарға басқа елдерге не Құрама Штаттарға Ауғанстаннан ұшуға рұқсат етілген.  

Ауғанстан әйелдері үйден шыға алмай отыр – жергілікті тұрғын

Абулфазл есімді (есімі әдейі өзгертілген) Ауғанстан азаматы елдің қазіргі ахуалы туралы Inbusiness.kz тілшісіне айтып берді. Ол қазір Кабул қаласында, Қазақстанға оқуға келе алмай отыр. 

– Елдегі дәл қазіргі жағдайды сипаттап берсеңіз...

– Бір ай бұрын "Талибан" қозғалысы үкіметтік әскерлерге қарсы шабуылын бастады. Қазіргі таңда ол елдегі барлық дерлік провинцияны басып алды. Кеше елдің бұрынғы президенті Ауғанстаннан қашып кетті. Неге мен оны "бұрынғы" деп отырмын? Өйткені кеше ол мемлекет басшысы болған еді, қазір ол президент емес.

–  Билікті басып алған тәліптердің әйелдерге қатысты саясаты қатал болады деген ақпарат оқыдым. Ол қаншалықты рас?

– Қазіргі жағдай өте жаман деп айтар едім. Қыздар мен әйелдер үйден шыға алмай отыр. Егер олардың сыртта жүргенін көрсе, оларды ұруы, тіпті өлтіріп тастауы мүмкін деп үрейленіп отыр. Біз де тәліптердің не істейтінін айта алмаймыз. Мектептер мен жоғарғы оқу орындары жұмысын тоқтатты. Тек кейбір азық-түлік дүкендері мен супермаркеттер ашық.

– Америкалық үкіметпен жұмыс істеген ауғанстандықтар елден қашып жатыр деген мәлімет рас па? Кейбір азаматтар әуежайға барып, ұшаққа жармасып ұшпақшы болды ғой.

– Ия, бұл рас. Бұл процесс 1-2 ай бұрын басталған еді. Яғни АҚШ үкіметімен жұмыс істегендер елден кете бастады. Құрама Штаттардың біздегі елшілігі жабық. Бірақ дипломатиялық миссия АҚШ пен Ауғанстанның кейбір лауазымды тұлғаларына әуежайда виза беріп жатыр. Дәл қазір ешқандай ұшақ басқа елдерге ұша алмайды. Тек америкалық ұшақтарға басқа елдерге не Құрама Штаттарға Ауғанстаннан ұшуға рұқсат етілген. Осыдан екі апта бұрын біз, яғни ауғанстандық студенттер Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне виза жіберуін сұрап құжаттарымызды жіберген едік. Бірақ әлі күнге визамызды да, шақыру хатын да ала алмай отырмыз. 1 қыркүйекте сабағымыз басталады. Не істерімді білмей отырмын...

– Кабул қаласында адамдар жұмыс істеп жатыр ма? Кімдердің жұмыс істеуіне рұқсат берілді?

– Тек азық-түлік дүкендеріне, бірнеше министрлікке рұқсат берілді. Тек солар жұмыс істеп жатыр. Шамамен халықтың 20% жұмысқа барып жүр деп айтуға болады.

– "Талибан" қозғалысының билікке келгенін қолдайтындар бар ма халық арасында? Қуанғандарды көрдіңіз бе?

– Шыны керек, халық арасында ешкім де оларды қолдап отырған жоқ. Үкіметпен және тәліптермен жұмыс істеген кейбір атақты адамдар тәліптердің үстемдік орнатқанына қуанып отырған болуы керек. Қарапайым адамдардың бірі де оларды жақтамайды.

Еске сала кетсек, 15 тамызда "Талибан" Ауғанстанның бүкіл аумағына бақылау орнатқанын жариялаған еді. Қазір мемлекетті басқару міндеті уақытша кеңеске жүктелді, ол артынан бұл өкілеттікті тәліптерге тапсырады. Жаңа кеңестің құрамына ұлттық бітімгерлік жөніндегі жоғарғы кеңестің басшысы Абдулла Абдулла және бұрынғы президент Хамид Карзай енгізілді. Елдің қазіргі президенті Ашраф Ғани елден қашып кетті.

Ресейдің Сыртқы істер министрлігі "Талибан" қозғалысы Орталық Азия мемлекеттеріне қауіп төндірмейді деген пікірде. РФ президентінің Ауғанстан жөніндегі арнайы өкілі Замир Кабулов осындай мәлімдеме жасады.

"Біздің Орталық Азиядағы одақтастарымызға тікелей қауіп төніп отырған жоқ. Бұған байланысты бірде-бір факт жоқ", – деді Кабулов.

Оның айтуынша, Ресей тәліптермен алдын ала байланыс орнатып қойған, сондықтан бұл фактор сыртқы саясаттың активі саналады.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 16 тамызда Ауғанстандағы ахуалға байланысты жиын өткізді. Жиында Ауғанстандағы жағдайға байланысты Қазақстанның ұлттық мүддесін ескере отырып, шұғыл әрекет ету шаралары және ел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Президент құзырлы мекемелерге Ауғанстандағы жағдайды жан-жақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Табиғат Нұрболат

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу