Қытай экономикасы қиын жағдайда

3442

Бұл мемлекет өндірісі қыс басында локдаундардан құтылып қарқын алғанымен, сәуірде қайта әлсірей бастады. Мұның бірнеше себебі бар.   

Қытай экономикасы қиын жағдайда Фото: chaslaupiastsiuk.com

Қытай ұзақ уақыт бойы жаһандық өсімнің локомативі саналды.

Бірақ соңғы апталарда оның экономикалық құлдырауы әлем лидерлері мен инвесторларды алаңдатып отыр. Олар енді бұл мемлекетті өзгелерді әлсіздіктен қорғайтын қозғаушы күш деп есептемейді. Шын мәнінде, соңғы онжылдықтарда  дүниенің екінші экономикасы алғаш рет өзі проблемаға айналып отыр.

Гонконгтың Hang Seng (HSI) индексі жұма күні қаңтардағы шыңынан 20%-ға төмендеді. Ал өткен аптада Қытай юані соңғы 16 жылдағы ең төменгі деңгейге дейін құлдыраған.

Мәселе мынада, осы жылдың басында Қытайда коронавируске қарсы локдаун тоқтатылғаннан кейін, экономикалық белсенділік қарқын алып, сәуірде сол қарқын қайтадан бәсеңдеп қалды. Тұтыну бағасы төмендеп, жылжымайтын мүлік дағдарысы тереңдеп, экспорт құлдырап жатыр. Жастар арасындағы жұмыссыздық проблемасының ушыққаны сонша, үкімет ол туралы деректерді жарияламайтын болды.

Ең жаманы сол, ірі үй салушы және танымал инвестициялық компаниялар соңғы апталарда өз инвесторларына  дивиденд төлеу мерзімін өткізіп алды. Жылжымайтын мүлік нарығындағы мұндай проблемалар қаржылық тұрақтылыққа қауіп төндіреді деген қорқынышты қайта оятып отыр.

Ішкі сұранысты ынталандыру бойынша батыл шаралар қолданылмады және жұқпалы ауру қайта тарайды деген қауіп өсімді қайтадан тежеп  отыр, сондықтан бірнеше ірі инвестициялық банк Қытайдың экономикалық өсімі туралы болжамдарын 5% -дан төменге түсіріп отыр.

"Біз Қытайдың нақты жалпы ішкі өнімі жайлы болжамды төмендетеміз ... өйткені онда жылжымайтын мүлік нарғының құлдырауы тереңдеп, сыртқы сұраныс одан әрі әлсіреп, саяси қолдау жеткіліксіз болып тұр", – деп жазды UBS сарапшылары дүйсенбі күнгі зерттеуінде.

Осыған дейін Nomura, Morgan Stanley және Barclays зерттеушілері де Қытайдың экономикалық дамуына қатысты болжамдарын төмендеткен еді.

Қытай үкіметі болса, өндірістік өсімді биыл "шамамен 5,5%-ға" жеткізуді көздеп отыр. Ол мақсат орындалмаса, Си Цзиньпиннің елі әлем алдында ұятқа қалуы мүмкін.

Қытай әлемдегі ең үлкен ынталандыру пакетін іске қосып, 2008  жылғы жаһандық қаржылық дағдарыстан бірінші болып шықты. Бүгінгі жағдай одан өзгелеу. Сонымен қатар, Қытай пандемияның алғашқы күндері рецессияға жол бермеген ірі әрі дамыған экономика атанды. Сонда оған қазір не болды?

Жылжымайтын мүлік проблемалары

Қытай экономикасы сәуір айынан бері құлдырап жатыр. Сол кезде оның жыл басындағы серпілісі басылды деуге болады. Ал осы айда елдегі жылжымайтын мүлік сататын ең ірі құрылыс компаниясы Country Garden мен Zhongrong Trust дефолтқа ұшырағаннан кейін, алаңдаушылық тіпті күшейді.

Бұған қоса, дүйсенбі күні қытайлық жылжымайтын мүлік алыбы – Evergrande компаниясының акциялары Гонконг биржасында бір жарым жылда алғаш рет саудаланып, 80%-ға жуық арзандады. Ал соңғы үш жылда оның құнды қағаздарының бағасы 99%-ға түскен екен.

Фото: storm100.livejournal.com

Бұл компания Қытайдың жылжымайтын мүлік секторындағы дағдарыстың ортасында тұр.  Ол 2021 жылдың соңынан бері қыруар қарызын өтей алмай, талай дефолтқа куә болып, құрылысты дер кезінде аяқтамай, жеткізушілер алдындағы қаржылық міндеттемелерін орындамай, тұтынушылардың Қытай экономикасына деген сенімін сетінетті.

Жергілікті үкіметтің қарызы

Фото: stranabolgariya.ru

Тағы бір үлкен проблема – жергілікті билік органдарының қарыздары. Тұрғын үй нарығы құлдырағандықтан, Қытай аймақтарында жер сатудан түсетін кіріс күрт азайып, берешек артқан. Оның үстіне пандемиялық шектеулерге қыруар қаражат жұмсалуы өңірлердің борышын азайтуға қолбайлау болып отыр.

Бұл қаржылық стресс үлкен банктерге қауіп төндіріп қана қоймай, үкіметтің экономикалық өсімді ынталандыру мүмкіндіктерін шектеп, мемлекеттік қызмет түрлерін кеңейтуіне бөгет жасауда.

Жексенбіде Бейжіңдегі саясаткерлер өздері үшін басты басымдықтардың бірі - жергілікті үкіметтердегі қарыз мәселесін еңсеру екенін растады. Ал Қытай Халық банкі бұл қиындықтан шығу үшін аймақтық билікпен бірлесіп жұмыс істеуге уәде берді.

Осыдан 15 жыл бұрын Қытай басшылары жаһандық қаржы дағдарысының кері әсерін азайту үшін төрт триллион юань (586 миллиард доллар) фискалдық пакетті іске қосты. Бірақ сол кезде билік жетекшілік еткен инфрақұрылымдық жобалар несиелік салмақты арттырып, жергілікті үкімет қарыздарының жаппай өсуіне әкеліп соққан.

Демографиялық құлдырау

Оның үстіне Қытай қазір демографиялық дағдарысқа, сондай-ақ Америка Құрама Штаттары мен Еуропа сияқты негізгі сауда серіктестерімен шиеленіскен қарым-қатынастар сияқты ұзақ мерзімдік қиындықтарға тап болып отыр.

Мемлекетке тиесілі Jiemian.com сайтының соңғы есебіне сүйенсек, елдегі туудың жалпы коэффициенті немесе әйелдің өмір бойы дүниеге әкелетін сәбилерінің орташа саны екі жыл бұрынғы 1,30-дан 1,09-ға дейін төмендеген. Бұл – рекорд.

Осылайша, Қытай туу көрсеткіштерінің төмендеуі бойынша қоғамы қартайып бара жатқан Жапониядан да асып кеткен. Сонымен қатар, жыл басында Қытай соңғы 60 жылдың көлемінде алғаш рет халқының саны қысқара бастағанын мойындады.

Фото: thailand-good.ru

Moody's Investors Service сарапшыларының өткен аптадағы зерттеуіне жүгінсек, "Қытай қоғамының қартаюы оның экономикалық өсу әлеуетіне елеулі қиындықтар әкеледі".

"Жұмыс күшінің азаюы және денсаулық сақтау мен әлеуметтік бағдарламаларға шығындардың артуы бюджет тапшылығын кеңейтіп, қарыздық жүктемені ауырлатуы мүмкін. Және де еңбек нарығының кішіреюі банктерде салымдарды азайтып, соның салдарынан пайыздық мөлшерлемелер жоғарылап, инвестиция кеміп, тұрғын үйге сұраныс ұзақ мерзімдік перспективада төмендеуі мүмкін",– дейді америкалық рейтингтік агенттік сарапшылары. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу