banner

Қытай инвестициясынан қауіптену керек пе?

Қытай Қазақстанға ең ірі инвестиция салушы емес. Бірақ қоғам бұған неге қауіппен қарайды?  Сарапшылар пікірін білген едік.

Қытай инвестициясынан қауіптену керек пе?

Қазақстанға тікелей инвестицияның басым бөлігін Еуроодақ елдері мен АҚШ құйған.  Көш басында Нидерланды, одан кейінгі орында АҚШ, Швейцария, Ресей тұр. Ал бұл бестікті Қытай түйіндейді.

2018 жылы Қазақстан экономикасына құйылған жалпы инвестиция көлемі 24 276 млн доллар. Оның ішінде Қытайдың үлесі 14 89,4 млн доллар, яғни 6,1%. 2019 жылдың бірінші тоқсан қорытындысына сәйкес ҚХР жалпы инвестиция көлемінен 6% көрсеткішін сақтап қалды. Бұл көрші елдің Қазақстанның ең ірі инвесторы еместігін дәлелдейді. Соған қарамастан қоғам тарапынан көрші елдің "инвестициясына" теріс көзқарас байқалады. Оған Жаңаөзен, Алматы қалаларында өткен митингілер дәлел. Осы орайда inbusiness.kz тілшісі бұл мәселеге қатысты сарапшылардың пікірін білді.

Экономист Мақсат Сералы, қазіргі кезде қоғамда Қытайға деген дұрыс стереотип қалыптаспағанын айтады. Оның пікірінше, инвестиция құюды біздің елді жаулап алу деп түсінбеу керек.

"Егер Қытай қандайда бір елді жаулау мақсатын көздесе, ол Қазақстанды емес, ар жағында тұрған Тайваньды жаулап алар еді. Қазіргі таңда қытай экономикалық дамудың жоғары деңгейіне жеткен мемлекет. Оның ары қарай дамуы үшін қарапайым экономикалық процесстер негізінде ішкі нарықтан шығып, сыртқы нарықты қаржыландыруы керек. Сондықтан олар көршілес мемлекеттерге инвестиция салуға мәжбүр. Бұл  –  заңды механизм. Олар біздің елімізден бөлек, "Бір белдеу, бір жол" бағдарламасы бойынша Өзбекстан, Ресей, Әзірбайжан экономикасын да қаржыландыруда. Бұл  – экономикалық фактор, яғни, ақша бір орында тұрмауға тиіс. Ол  айналымда жүруі қажет", – дейді Мақсат Сералы.

Экономистің пікірінше, қытайлық инвесторлардың бізге қызығып отырған себебі аталмыш елде экологиялық, экономикалық көрсеткіштер бойынша зауыт салатын орын жоқ. Ал ел үкіметі сыртқа инвестиция салған кәсіпкерлерді қолдайды. Тіпті салықтан босатып, пайызсыз несие береді. Сонымен қатар Мақсат Сералы Қытайдан келетін қаржыны ақылмен пайдаланып, экономикамызды күшейтіп алуымыз керек екенін айтады.

"Көршілеріміз үйрететін технологияларды меңгеріп алуымыз керек. Мәселен, Қытайдан мықты инженер келсе, біздің бір адам жанында тұрып, барлығын түсініп, мамандануы қажет. Олар салған қаржысын қайтарып алады. Ал технология мен зауыттар бізге қалады", – деді экономист.

Сарапшы қытайлық инвесторлардың Қазақстанға қызығып отыруының тағы бір себебі – өз халқын жұмыспен қамту деп есептейді. Сондықтан осы мәселеге келгенде сақ болу керек екенін ескертеді.

"Инвестициядан қорқудың қажеті жоқ. Ал жұмыс істеуге келетін халықтан қауіп бар. Олар болашақта қоныстанады, сіңісе бастайды. Сол себепті бұған қатысты арнайы шарттар болуы керек. Инвестициялық заңдарда мұның барлығы бекітіліп, қадағалануға тиіс", – деп атап өтті экономист.

Ал саясаттанушы Мақсат Жақау көрші елге деген халықтың наразылығы жер мәселесінен туындағанын айтады. Саясаттанушының пікірінше, қытайлық инвесторлар еліміздің табиғи байлығына көз салып отыр.

"Қытай тек Қазақстанға ғана емес, Африканың тең жартысына инвестиция құйды. Ал Қазақстанға көз салып отырған себебі олардың табиғи байлығы, ішкі қоры сарқыла бастады. Қытай АҚШ сияқты қорларын сақтап, жинамайды. Сондықтан көршілеріміз Орта Азияның табиғи шикізат көздерін игеруге ұмтылуда", – дейді саясаттанушы. 

Мақсат Жақаудың пікірінше, Қытай сауда қатынастары арқылы басымдылық көрсететін ел. Сондықтан халықаралық келісімшарт жасасу маңызды.

"Қытай – алып мемлекет, ал біз оның "жемтігі" болып кетпеуіміз керек. Ол үшін бірінші кезекте халықаралық келісімшарт жасалуы қажет. Ал бұл парламентте талқыланып, ашық жүзеге асырылуға тиіс. Халықтың бұдан хабардар болуы маңызды. Ал бастысы бұл құжатта  ұлттық мүддеміз ұмыт қалмау керек", – деді саясаттанушы.

Бір айта кетерлігі, finprom.kz мәліметтеріне сәйкес, ел аумағында жалпы құны 27 млрд доллар тұратын 51 Қазақстан-Қытай жобасы жүзеге асырылуда. Одан бөлек 2018–2019 жылдары 20 мың адамды жұмыспен қамтитын тағы 11 жобаның тұсауын кесу көзделген. Ал қытайлық инвесторлар ең көп қаржыны  көлік және қоймалар, тау-кен өндірісі, қаржы және сақтандыру, құрылыс пен өңдеуші өнеркәсіп салаларына құйған.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу