Қытай компаниясы Ертіс арқылы мұнай тасуды жоспарлауда

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
6851

Жыл сайын шамамен 3 миллион тоннаға дейін жүк жеткізуді көздеп отыр.

Қытай компаниясы Ертіс арқылы мұнай тасуды жоспарлауда

Қытай қазақ жері арқылы Ресейден жүк тасымақ. Дәлірек айтқанда, бұл үшін қазақстандық өзенді пайдалануға ниетті.

Қазақстанда автокөлік, теміржол, әуе көлігі және теңіз көлігі қарқынды дамуда. Кенже қалып отырғаны – өзен жолдары. 

Мемлекет өзен жолдары арқылы кеме қозғалысын дамытуға күш салуда. Бірақ әзірге ол ойын-сауық және көңіл-көтеру мақсатында шағын жолаушылар кемелеріне туристерді не қазақстандықтарды тиеп алып, әрлі-берлі серуендеуден әрі аса алмай отыр.

Салаға жауапты "Қазақстан су жолдары" республикалық кәсіпорнының бас директорының дамыту және логистика жөніндегі орынбасары Руслан Сигалиевтің айтуынша, "Су көлігін және су инфрақұрылымын ұстап тұру, дамыту" бюджеттік бағдарламасы аясында жыл сайын су жолдарын кеме жүруге жарамды жағдайда ұстап тұруға, шлюздерді жөндеуге бағытталған шаралар жүзеге асырылады.

Оның мәліметінше, қазіргі кезде Қазақстанда небары өзен көліктерін ұстаушы 32 компания бар. Бұдан бөлек, 3 кеме жөндеуші зауыт жұмыс жасайды.  

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, өзендегі кеме қатынасы Қазақстанда Ертіс, Орал, Қиғаш, Есіл, Іле өзендерінің бассейндерінде, Қапшағай су қоймасында және Балқаш көлінде жүзеге асырылады.

Бұл ретте Ертістегі кеме қозғалысы жолының құрамына Зайсан көлі, Бұқтырма, Өскемен және Шүлбі су қоймалары да кіреді. 

Пайдаланылатын ішкі су жолдары учаскелерінің жалпы ұзындығы 4 мың 108,5 шақырымды құрайды. Соның ішінде 4 мың 40,5 шақырымы кеме қатынасы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар кешенімен қамтылған.

Министрліктің 2021 жылға дейінгі стратегиялық жоспарында айтылғандай, ішкі су жолдары бойынша жүк тасымалдауды 659 кемесі бар жеке меншік кеме иелері жүзеге асырады. Бұл салада мемлекеттік мекеме не кәсіпорын жоқ.

Өзен көлігінің еліміздегі көлік тасымалының жалпы көлеміндегі үлес-салмағы аз. 2016 жылы ішкі су көлігімен 1 миллион 266,6 мың тонна, ал 2017 жылы 1 миллион 600 мың тонна жүк тасымалданды. Бұл алдындағы жылғыдан 38,8%-ға көп.

Алайда 2018 жылы өзендермен жүк тасу көлемі бір жыл ішінде 10 есеге күрт құлдыраған. Сондай-ақ жолаушылар тасымалы көлемі екі есеге кеміген.

Рас, бұл саланы күрт көтеруге де болады.

Елімізге "Синьцзян ИэР халықаралық ресурстар мен даму" компаниясының бас директоры Цзяо Синь-Шэн бастаған қытайлық делегация келіп қайтты. Олар қазақстандық шенеуніктерге су көлігі қатынасын қалай дамытуға болатыны туралы баяндай келе, ұсыныспен шыққан.

Цзяо мырзаның айтуынша, оның компаниясы 2019 жылдың мамырында Ертіс өзені арқылы Ресейдің өзен порттарынан Қытайға және кері бағытта жүк тасымалын ұйымдастыру жұмыстарын бастауды жоспарлап отыр. Бірақ бұл жолда олар Қазақстан арқылы транзитпен өтпек. Өйткені Ертістің үлкен бөлігі екі ортада қазақ жерін басып өтеді. 

Қытайлар Ертіс арқылы жыл сайын шамамен 3 миллион тоннаға дейін жүк жеткізуді қарастыруда.

Нақтылай кетсек, Ертіс арқылы Қытайдан Ресейге халық тұтынатын әртүрлі тауарларды, ал солтүстік көршімізден шың еліне қарай мұнай өнімдерін, ағаш бөренелерін тасу көзделуде.

Сонымен қатар, Цзяо Синь-Шэн Қазақстанда өз компаниясының филиалын ашуға ниеті барлығын мәлімдеді.

Әрине, бөренелер арасында тыйым салынған заттар не заңсыз миграция жолға қойылмауы үшін бұл миллиондаған тонна жүкті қырағы тексеру жолға қойылғаны жөн.

Цзяо Синь-Шэн осы орайда қазақстандық мемлекеттік органдардан "кедендік әкімшілендіру бойынша кеңес-консультациялар алуға жәрдем көрсетуді" сұрады. Бұған қоса, ол өз компаниясының қызметкерлері үшін елімізге келуге виза алуды және елден шығуға рұқсаттар беруді ұйымдастыру туралы өтінішпен жүгінді.

Алайда "Ертіс Транс" компаниясының дерегінше, өзен кемелерінің жүзуі қауіпсіз болуы үшін Зайсан өзеніндегі бөгенді жөндеу қажет. Себебі, онда 20 жылдан бері ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілмепті. 

Ол сондай-ақ су деңгейі төмендейтін кездері Шүлбі су қоймасынан су құлатып тұру қажеттігін ескертті. Әйтпесе, кепілдендірілген тереңдік деңгейі сақталмай, кемелер қайраңдап қалуы ықтимал.

"Павлодар өзен порты" АҚ-ы басқарма төрағасының орынбасары Төлеген Құлжанов та Шүлбі ГЭС-інен су жіберіп тұрудың маңыздылығын айтады. 

"Қазіргі уақытта Қазақстан мен Ресей арасында 3000 мың тоннаға дейін жүк көтере алатын баржаларды өзен жолдарына шығарып, жүк тасымалын жолға қою әлеуеті бар. Алайда бұл тасымал тек 260 сантиметрлік кепілдендірілген тереңдік сақталса ғана мүмкін болады. Өйткені әр кеменің астында біраз су запасы болуға тиіс. Ал су төмендейтін маусымда Павлодар облысындағы бірқатар телімдерде тереңдік 135-тен 160 сантиметрге ғана жетеді. Бұл тасымалдаушыларға да шығын әкеледі: олар баржаларын техникалық мүмкіндіктерінің тек 70% пайызын пайдалануға, тіпті жартылай ғана жүктеуге мәжбүр болады", – дейді Төлеген Құлжанов.

Көлік комитеті төрағасының орынбасары Қайриден Нұркенов бұл мәселелерді шешуге болатынын айтады. Саладағы тасымалдаушылар, инвесторлар және бизнесмендердің ұсыныстары қазір пысықталуда екен, ол бойынша тиісті талдау және жол картасы дайындалады. Нәтижесінде, оның сендіруінше, су көлігіне қатысты бірқатар іс-шаралар 2020-2025 жылдарға арналған жаңа "Нұрлы жол" инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасының жобасының тұжырымдамасына енгізілмек. Саланың жүйелі мәселелері сонымен бірге, өңірлерді дамыту жоспарына да кіргізіледі.

Айта кету керек, қытайлық тарап Ертісте мемлекетаралық өзен қатынасын жолға қою жайында Ресеймен 2015 жылдан бері келіссөздер жүргізуде. ҚХР-дың Шыңжаң өлкесі олардан Сібір мұнайы мен газын шикізат түрінде өзен арқылы өзіне тасымақ. Шың елінің делегациясы бірнеше рет РФ-ның Ханты-Мансы автономды округіне де барып қайтқан. Шыңжаң автономды ауданы мұнай өңдеуге маманданғаны, демек, бұл шикізатты молынан қажет ететіні мәлім.

Ертістің ұзындығы 4 мың 248 шақырымды құрайды. Ол Моңғолия мен Қытай шекарасынан бастау алады. Қытайлық Шыңжаң ауданының, біздің Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының аумағын басып өтіп, ресейлік Омбы, Түмен облыстары мен Ханты-Мансыға жетеді.

Әйткенмен, ХХІ ғасырдың басында Ертіс қолдан жасалған апатқа жолығып, ондағы су деңгейі алапат көлемде түсіп кетті. Бұған Қытайдың Ертістен суды көп көлемде алып қоюы ықпал еткен. Салдарынан, Ертіс бойынша кеме қатынасы дағдарысқа ұшырады.

Бірақ қазақстандық бірқатар экономистердің есептеуінше, өзен кемесі арқылы тасымалдау, жүк көліктері мен пойыздарға қарағанда, бәрібір арзанға түсетін көрінеді. Өз кезегінде Павлодар облысы көмірді, құм, қиыршық тас секілді табиғи сусымалы құрылыс материалдарын Ресейге өзен арқылы жеткізуге және кері бағытта ағаштар әкелуге қызығушылық білдіруде.

Бұл жобалардың барлығы енді тек экономикалық-техникалық негіздемемен шектелмей, экологтардың да сараптамасын өтуі керек.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу