"Қытай жұмсақ күші арқылы өзінің саяси ықпалын күшейтеді"

3416

​Қазақстан мен Ресейді синофобия толқыны соғып өтті. 

"Қытай жұмсақ күші арқылы өзінің саяси ықпалын күшейтеді"

АШМ қоғамдық пікірде дүмпу туғыза жаздаған ақпаратты фейк деп атауға асықты. Бірақ бір гәп бар.

Қытай сайттарында қазақ жерінің сатылып жатқаны туралы хабар қоғамымызды бір дүрліктірді.

"Ойда жоқта Қытайдағы Жер жалдау сайтына тап болып, таң қалдым, әлгі Жер кодексі арқылы шетелдіктерге жалға берілмейтін болып шешілген ауыл шаруашылығы мақстындағы қазақтың жері ол сайтта арзан бағамен ашық саудаға салынып жатыр. Бұл енді барып тұрған бассыздық қой!", – деп жазды Facebook парақшасында жас тарихшы Ерлан Мазан.

"Қытай банкісіндегі кепілдікте тұрған жерлер шығар. Біраз жер Қытай банкілерінде кепілде дейді. Кепілге қазақтар қойған шығар", – деп тұспалдады Мария Ибраимова есімді пайдаланушы.

Қоғамды дүр сілкіндірген бұл ақпаратты Ерлан Қытайдың tuliu.com сайтынан алыпты. Ашық дереккөз бойынша бұл жер жалдауда делдалдық қызмет көрсететін салалық портал көрінеді.

"Жер Қазақстанда орналасқан. Орта Азия. Өңделетін жер. Жалпы ауданы 24000 му (1 му 0,0667 гектарға сәйкес келеді). Бағасы жылына әр му үшін 150 юань. 5 жылға жалға алуға болады. Жүгерінің шығымдылығы әр мудан 900 келіден асады. Ол жерде мақта өсіруге барлық жағдай жасалған. Суару жергілікті өзеннен жүзеге асырылады. Суару құбырлары төселген", – делінген порталдағы хабарландырудың бірінде.

Заңгер Аслан Төребаев мұның алаяқтық схемаға көбірек ұқсайтынын айтады.

"Жалпы, бұл портал өзінде жарияланатын хабарландырудың шын-өтірігіне жауап бермейді, ақпараттың растығын кепілдендірілмейді. Оның үстіне хабарландыруда жердің кадастрлық нөмірі көрсетілмеген, жарнаманың коды ғана бар. Видео, фотосы берілгенімен басқа ақпарат тым аз. Мысалы, ол жердің нақты қай облысымызда орналасқаны көрсетілмеген. Әдетте өзге елдегі жерді сатқанда координаттарына дейін жазады. "Жер теліміне Soilflow.com кәсіби бағалаушылары бағалау жүргізді" деп жазып қойыпты. Бірақ білуімше, Soilflow жай ғана платформа, оның мамандары Қазақстанға келіп бағалау жүргізбек тұрмақ, әрі кетсе, кеңсесінен шықпай, Big Data, ғарыштық түсірілім негізінде бағалау жүргізе салады. Алаяқтар мұндай хабарландырулармен аңқау қытай кәсіпкерлерін тонауы да ықтимал. Егжей-тегжейлі дерегі болмасын кесіп-пішіп нақты айту қиын", – деді заңгер.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер комитетінің төрағасы – Жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі Бас мемлекеттік инспекторы Мұрат Теміржанов әлеуметтік желіде таралған ақпаратты жоққа шығарды.

Ол "Қазақстанның Жер кодексінің 24-бабының талаптарына сәйкес, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, шетелдік қатысуы бар Қазақстанның заңды тұлғалары, халықаралық ұйымдар, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтар, сондай-ақ қандастар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жеке меншік немесе жер пайдалану құқығымен иелене алмайтынына, яғни ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiн шетелдіктерге беруге қатаң тыйым салынғанына" назар аудартты.

"Әлеуметтік желіде жарияланған Қытай елінің сайтындағы Қазақстан аумағындағы жерлердің сатылатындығы туралы ақпарат жалған екендігін мәлімдейміз. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен некеде тұрған Қазақстан азаматтарына да жеке меншікке және жер пайдалану құқығымен берілмейді. Сонымен қатар, Кодекстің 38-бабының 5-тармағына сәйкес, жеке және заңды тұлғаларға уақытша жер пайдалану құқығымен тиесiлi ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiн ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн кейiнгi жер пайдалануға, субарендаға беруге жол берiлмейдi. Егер кез келген субъектілер тарапынан аталған заң нормаларын бұзу деректері анықталса, соған жол берген субъектілер заңнама талаптарына сәйкес жауапқа тартылады", – деп нықтады Мұрат Теміржанов.

Ол шетелдіктерге жер бермеу мәселесі "министрліктің тұрақты бақылауында" екенін нықтады.

Дегенмен Аслан Төребаев бір гәпті қаперге салды: Жер кодексінің 24-бабындағы тыйым тек ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне ғана тарайды. Ендеше егер Қытай азаматы инвестор ретінде ауыл шаруашылығымен байланысты емес кәсіпті жүргізгісі келсе, жерді жалға ала алады. Мысалы, Қазақстандағы мыңдаған шаршы шақырымды алып жатқан қаншама қазба байлық кен орындары бүкіл жерімен бірге ондаған жылдарға шетелдіктерге жалға берілген. Мұнсыз инвесторлар кен орындарын игеруге қаражатын салмас еді. Бұл мүмкіндікті Қытай инвесторлары да пайдалана ала алады екен.

Қазіргі кезде басшылары былқ етпеген сыңай танытқанымен, көрші Ресейдің қоғамы да Қытайдың ықтимал экспансиясынан шошып отыр.

Осы бейсенбіде қытай ақпарат құралдары Бейжіңнің іргедегі ресейлік Владивостокты ішкі саудаға арналған транзиттік порттардың тізіміне қосқаны туралы тосын хабарды таратты. Ресейлік сарапшылардың айтуынша, бұл қытай жүгі РФ аумағы арқылы жеңілдетілген тәртіппен әрі басымдықты түрде өтеді деген сөз. Әлеуметтік желіде пікір білдірушілер бұл Владивосток өңірінің ҚХР құрамына қосылуының алғышартына айналады деп алаңдайды.

Шынында, Қытайдың Бас кеден басқармасы Владивостокты 1 маусымнан бастап, "ҚХР-дың ішкі саудасына арналған транзиттік порт ретінде" бекітті. Мұны РФ Сыртқы істер министрлігі растады.

Қытайдың дәйектемесі келесідей: шың елінің 24 миллион адам тұратын Цзилинь (Гирин) мен 36 миллион халқы бар Хэйлунцзян провинциялары өз тауарларын Қытайдың оңтүстігіне Ляонин порты арқылы жөнелтуге мәжбүр. Ал бұл құрлық арқылы шамамен 1 мың шақырым жол. Владивостокты шетелдік емес, ішкі порт ретінде пайдалану аталған солтүстік провинциялардан экспортталатын тауарлардың логистикасын жақсартады.

РФ Сыртқы істер министрлігі өкілдігінің мәліметінше, 1 маусымнан бастап, әлгі қытайлық провинциялардың тауарлары Суйфэньхэ немесе Хунчунь арқылы 200 шақырым жол жүріп, Владивостокқа жетеді. Ары қарай теңіз жолымен ҚХР оңтүстік өңірлеріне бағыт алады.

РФ сарапшылары Владивостоктың үш жақтан Жапон теңізімен шектесетінін еске салады. Ендеше Американың Азиядағы одақтастарымен ашық қақтығысқа әзірленіп жатқан жұңғо елінің ресейлік бұл өлкеге қол созуының стратегиялық мақсатын, астарын түсінуге болатындай.   

VPost сарапшылары Владивостоктағы ресейлік инфрақұрылым қытайлық алапат жүк ағынын еңсере алмайды деген пікір білдірді. Кеңес одағы күйрегелі отыз жылдан астам уақыт ішінде жасай алмағанды әлсіреген Ресейдің енді жасайтынына сену қиын. Демек, ҚХР ол аумақты өзі игеріп, төл инфрақұрылымын түзеді. Владивосток арқылы Қытайдың солтүстік-шығысының оңтүстігімен байланысының арақашықтығы 5 есе қысқарады. Бұл да стратегиялық маңызға ие фактор. Сондықтан бұл өңірінің тізгінін орыстар қытайға бір ұстатса, ары қарай мәңгілік босата алмай қалуы мүмкін. 

Малайзия (Малай) университетінің Қытайтану институтының аға оқытушысы, зерттеуші Нұр Шахада Бинти Жамил (Nur Shahadah Binti Jamil) Қытайдың өзімен жақындасқан елді өзіне тәуелді етуге күш салатынын ескертті. Бұған мұсылман Малайзия елі дәлел бола алады.

"Бейжіңнің Малайзияға жұмсақ экспансиясы бірегей саналады. Себебі шың елі оны ресми және халықтық дипломатияның барлық бағыттары арқылы жүргізді, мәдени ықпалдастыққа екпін түсірілді. Ақыры орасан зор экономикалық қуатымен жаншыды. ҚХР Путраджаяның (Малайзияның жаңа астанасы) 14 жыл қатарынан аса ірі сауда серіктесі болып келеді. Екі елдің өзара тауарайналымы 2022 жыл қорытындысында рекордтық 203,6 млрд долларға жетті. Бұл аз болса, 2016 жылдан бері Қытай біздің елдің ең ірі шетелдік инвесторы. "Бір белдеу, бір жол" бастамасы аясында ҚХР Малайзиядағы түрлі инфрақұрылымдық жобаларға қаржы салды", – деді Нұр Жамил.

Оның айтуынша, экономикалық даму мақсатында басты инвесторына жағу үшін Малайзия үкіметі ҚХР бизнесмендеріне, жеке азаматтарына барынша көп экономикалық жеңілдіктер, преференциялар ұсынуға тырысады.

"Сөйтіп, билік Қытайға тәуелділікке түсіп қалды. Бұл шың еліне жұмсақ күшін тегеурінді түрде арттыруына жол ашты. Мысалы, соңғы жылдары ресми Путраджая Қытайға бүкіл ел бойынша қаптатып, жаңа Конфуций институттарын ашуына мүмкіндік берді. Бұл институттар тек мәдениетпен шектелмейді. Олар мысалы, Ханьбаньның немесе Қытай тілі бойынша халықаралық кеңестің агенті ретінде соның түрлі тапсырмаларын орындайды. Бейжің біздің елге ықпалын еселеп арттырғанымен, қарапайым малай халқы оның құндылықтарын, қағидаттарын, идеологиясы мен саясатын құптап отырған жоқ. Ішкі қарсылық, сенімсіздік бар. Біздің халық мысалы, Оңтүстік-Қытай теңізі үшін таласта, Шыңжаңдағы мұсылман ұлыстардың қудалануында біздің билік төл ұлттық мүдде мен ұстанымды қорғауға тиіс деп санайды. Бұл билік пен халық арасында диссонанс туғызады", – деді малайлық зерттеуші Нұр Шахада Бинти Жамил.

Америкалық Карнеги орталығының Қытайдағы штаттан тыс ғылым қызметкері Сюй Гонг (Xue Gong) шың елі өзге елдің ішкі ісіне араласудан тайынбайтынын жеткізді. Мысалы, 2021 жылы Мьянмада әскерилер төңкеріс жасап, олар азаматтық Үкіметті қару күшімен құлатқанда, жаңа диктаторлық режиммен жұмыс істегісі келмеген шетелдік инвесторлар кетіп қалды. Ал Қытайдың мемлекеттік кәсіпорындарының өзі "Белдеу мен жол" (Belt and Road Initiative, BRI) аясындағы ынтымақтастығын әскери өкіметпен бірге жалғастырған.

"Жалпы, BRI қытайлық экономикалық бастама болғанымен, оның саяси астары да бар. Оның аясындағы қытайлық жобалар әр елдегі жергілікті элитамен тығыз байланысты. Биліктегі тұлғалардың немесе оларға жақындардың компаниялары жүзеге асырады. Бұған қоса, жергілікті саяси элита, шенеуніктер өзінің саяси легитимділігін қытай инвестицияларын тарта алу қабілетімен тығыз байланыстырады", – дейді Сюй Гонг.

Олай болса, Қытаймен сыпайы ара-қашықтықты сақтамай, оның құшағына кіру ешбір мемлекетке абырой әпермейді, опа бермейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу