Қытайдағы коронавирус. 28 қаңтардағы ең соңғы жаңалықтар

6989

Шанхайдағы Тунцзи университетінің қарамағындағы госпитальде коронавирусқа қарсы вакцина жасау жұмыстары басталды.   

Қытайдағы коронавирус. 28 қаңтардағы ең соңғы жаңалықтар

Бұл туралы Қытайдың CGTN басылымы хабарлады. Вакцина қолданысқа енгізілмес бұрын, препаратты елдің ауруларды бақылау және алдын алу орталығы мақұлдауы тиіс.

28 қаңтарда Ухань қаласында коронавирусты жұқтырған үш медициналық қызметкер емделіп, ауруханадан шығарылды. Бұған дейін 12 дәрігер осы вирусты жұқтырып алған болады. Қазір олар да жазылып, денсаулықтары қалыпқа келді.

27 қаңтардан бері Қытай бойынша пневмонияға шалдыққан 60 кісі емделген.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Аданом Гебреисустың айтуынша, Қытайдың коронавируспен күрес жүргізуге шамасы жетеді. Ол жергілікті биліктің вирустың кең етек жаюын тежейтініне толықтай сенім білдіріп отыр. Бірақ әзірге ұйым осы жағдайға байланысты халықаралық төтенше жағдай жарияламады.

Айта кететін жайт, Ухань қаласының мэрі қалада карантин жариялағаны үшін отставкаға кетуі мүмкін. Оның бұл шешімінің тиімділігіне күмән келтіріп отырғандардың қатары көп. Өйткені карантин жарияланбас бұрын қаладағы 11 миллионға жуық тұрғынның шамамен жартысы басқа жаққа кетіп қалған, деп хабарлайды Yahoo! Finance басылымы.

"Вирустың таралмауына септігін тигізетін болса, мен кешірім ретінде отставкаға кетуге дайынмын", – деді Ухань қаласының мэрі Чжоу Сян Ван.

АҚШ президенті Дональд Трамп әлемді дүрліктіріп отырған вирусқа байланысты Қытай президенті Си Цзиньпинге көмек көрсетуге дайын екенін білдірді.

"Біз Қытай билігіне қолдан келгенше көмек көрсете алатынымызды жеткіздік", – деді ол Твиттердегі парақшасында.

Оның айтуынша, қазір ресми Вашингтон мен Бейжің коронавирус бойынша тығыз қарым-қатынас орнатқан.

Қытайдың CGTN басылымының соңғы мәліметіне сүйенсек, пневмониядан қаза тапқандардың саны 106-ға, ал вирусты жұқтырғандардың саны 4535-ке жеткен. Ажал құшқандардың барлығы да Қытай азаматтары.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу