Қытайлық коронавирус: әлем бойынша 17 наурыздағы соңғы жаңалықтар

6379

Бүгін АҚШ-тың Kaiser Permanente Washington Research институтында  коронавирусқа қарсы вакцина сынақтан өткізіле бастады. Енді бір ай бойы ғалымдар 45 еріктіге препаратты екі мәрте егіп, олардың денсаулығын бақылайды. Бірақ вакцинаның нақты қашан дайын болатыны белгісіз. 

Қытайлық коронавирус: әлем бойынша 17 наурыздағы соңғы жаңалықтар

Қаза тапқандар мен жұқтырғандар

Қытайдың мемлекеттік CGTN телеарнасының соңғы мәліметіне сүйенсек, осы күнге дейін вирусты 81116 қытайлық жұқтырыпты. Оның 3231-і қаза тапқан (төртеуі Гонконгта, біреуі Тайваньда). 68799 кісі жазылған.

Басқа елдерде жұқтырғандардың саны 86400-ге жеткен. Оның 3388-і ажал құшқан. Вирус әлемнің 140-тан астам еліне таралып кеткен.

Қазақстандағы жағдай

Елімізде 33 адамның коронавирус жұқтырғаны ресми түрде тіркелді. Науқастардың 15-і Алматыда, қалғаны Нұр-Сұлтанда. Қазір стационарлық карантинде 1641 кісі, ал үй карантинінде 981 адам бар. 16 наурыздан бастап елімізде төтенше жағдай режимі жарияланды. Ол бір айға созылмақ.  

Басқа елдердегі жағдай

АҚШ-тың ауруды бақылау және алдын алу орталығының дерегі бойынша, коронавирус жұқтырғандардың саны 3800-ден асты. 80 кісі көз жұмған. Пандемия кесірінен америкалық Dow Jones индексі 3000 базистік құлдырап, 1987 жылдың қазанынан бергі ең төмен көрсеткішке ие болды.

Ресейде вирус жұқтырған ресейліктердің саны 93-ке жеткен.4 науқас құлантаза жазылған. Роспотребнадзор алдағы уақытта барлық өңірлерге инфекцияны анықтайтын тест жүйесін орналастырады.

Оңтүстік Кореяда ауруға шалдыққандардың саны 8320-ға жеткен, оның 1401-і жазылған. 81 кісі қаза тапқан. Бұл елдің ғалымдары бірнеше мәрте қолдануға болатын медициналық маска жасап шығарды. Масканы 20 рет жууға болады.

Италияда науқастардың саны 24980 болса, оның 2158-і қаза тапқан. Шамамен 2000 кісі жазылған. Бұл елде тұрғындарға басқа елдімекен тұрмақ, көшеге шығуға тыйым салынып, карантин жарияланған: мектептер, жоғарғы оқу орындары, кинотеатр, музей, мейрамханалар және тағы да басқа адам көп жиналатын қоғамдық орындар уақытша жабылды.

Германияда аурулардың саны 6012-ге жетіп, оның 13-і ажал құшты.

Бүгін Колумбия 30 мамырға дейін өз шекарасын жауып тастады. Яғни елге шетелдіктердің кіруі мен колумбиялықтардың шекарадан өтуіне тыйым салынды. Президент Иван Дуке осындай шешім қабылдады. Тек тауар тасымалы ғана жүзеге асырылатын болды.

Канадада вирусты жұқтырғандардың саны 400-ден асты. 1 адам көз жұмған. Жергілікті биліктің дерегінше, інде, әсіресе, Онтарио, Квебек, Альберт провинцияларына кең етек жайыпты.

Мексикадағы науқастардың саны 82-ге жетті. Олардың 90 пайызында ауру жеңіл түрде өтуде. Кеше ел билігі 20 наурыздан бастап 20 сәуірге дейін мектептер мен басқа да оқу орындарында сабақ болмайтынын мәлім еткен еді.

Еске сала кетсек, New York Post басылымы АИВ-ке (ВИЧ) қарсы дәрімен жаңа коронавирусты емдеуге болады деп жариялаған болатын. Оның дерегі бойынша, Нью-Джерси тұрғыны осындай дәрі қолданғаннан кейін жазылыпты. Қытай, Таиланд және Жапония елдерінің дәрігерлері науқастарды АИВ-ке қарсы қолданылып жүрген лопинавир және ритонавир деп аталатын препараттармен емдеп шығарған.

Бірақ бұл дәрі-дәрмектер коронавирусты емдеуге арналған препарат деп ресми түрде мақұлданбады. Вакцина да әзірге жасалған жоқ. 

Қытайлық мамандар малярияға қарсы препарат – хлорохин мен АИВ-ке қарсы Kaletra деп аталатын дәрімен де емдеген. Бұл препараттар протеаз ингибиторлары санатына жататын – дәрілер. Олар вирустың көбеюін тежейді екен. Бұған дейінгі зерттеу нәтижелері көрсеткендей, Kaletra атипиялық пневмонияның қабынуын тоқтатып, коронавирустың көбеюін тежейді.  Испанияның El Pais басылымының мәліметіне сүйенсек, елде бірінші болып коронавирус жұқтырған 62 жастағы Мигель Анхель Бенитес Kaletra-ны қолданғаннан кейін жазылған екен.

Таиланд пен Жапонияның дәрігерлері де COVID-19 вирусымен күресте осы препаратты қолданғанын жариялаған болатын. Таиланд елінің медициналық қызметкерлері Kaletra-мен қатар тұмауға қарсы осельтамивирді науқастарға беріп, екі күннен кейін ауруға шалдыққандар құлантаза жазылған екен.

Ескере кететін жайт, қазір Қытайда лопинавир мен ритонавирдің коронавирусты емдеудегі тиімділігі мен қауіпсіздігі анықталып жатыр. Ал АҚШ-тың кейбір фармацевтикалық компаниялары бұларды ем ретінде қолдануды бастап кеткен.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу