Ауыл шаруашылық министрінің орынбасары Рүстем Құрманов орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында шекаралық аумақтағы жердің шетелдік азаматтар мен шетелдік үлесі бар компанияларға сатылмайтынын атады. Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға қол қойған болатын. Аталмыш заңда Жер кодексіне де бірнеше өзгерту енгізіліп отыр.
"Бізде жер пайдалану талаптары екі санат бойынша бекітіледі. Оның бірі – шекаралық жолақ шегі. Қытаймен шекаралық жолақ шегі 2 шақырым болуға тиіс. Ал Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан, Түркіменстан елдерімен шекарада бұл шек – 100 метр. Бұдан бөлек шекаралық аумақ шегі деген ұғым бар. Қытаймен шекаралас аумақта Шығыс Қазақстан бойынша Күршім, Үржар, Зайсан, Тарбағатай аудандарының, Алматы облысы бойынша Ақсу, Алакөл, Панфилов, Райымбек, Ұйғыр аудандарының бүкіл аумағынан жер берілмейді. Ал Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркіменстан елдерімен шекаралас аудандарда 25 шақырым шекте жер сатылмайды", – деді вице министр.
Ал Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Гүлжахан Бимендина бұған дейін шекаралық аудандардан бөлінген жерлерді жаңа заңға сәйкестендіру жүретінін айтады.
"Шекаралық жолақ шегінде жатқан жер ешкімге берілмейді. Тіпті қазақстандықтар да оны жеке меншігіне рәсімдей алмайды. Ал шекаралық аумақ шегіндегі жер бұған дейін шетелдіктің қатысымен рәсімделген болса, қайтадан рәсімделіп, бұрынғы құжат күшін жояды. Яғни шекаралық аумақтағы жер шетелдік үлесі бар заңды тұлғаларға берілмейді. Ондай жайттар анықталса, іс дереу сотқа жолданып, 3 айдың ішінде мемлекет меншігіне өтуге тиіс. Жер Кодексінде осыны реттейтін арнайы №66-бап бар", – деді комитет басшысы.
Есімжан Нақтыбайұлы