"Жер шетелдіктерге сатылмайды", бірақ...

Қазақстанның жер реформасы қытай ғалымдарының жіті назарында. 

"Жер шетелдіктерге сатылмайды", бірақ...

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің екінші Жолдауында "Жер шетелдіктерге сатылмайды" деген сөзді тағы айтты. Бірақ жалға беру, қазақстандықтарға сату мәселесін мүлде қозғаған жоқ. Сонда бұл қазақ жері шетелдіктерге  сатылмағанымен, жалға берілуі мүмкін деген сөз бе? Президент мәлімдемесін қайталаған сайын жұрт ішінде осындай сұрақ қайталап қойылып келеді. Ал "тыңдайтын мемлекет" тарабынан тырс еткен жауап жоқ. "Үнсіздік келісудің белгісі" деген қисынға салсақ, жұрттың қойып жүргені риторикалық сұрақ болса керек. Бірақ жер реформасы сияқты тағдыршешті мәселені құр қисынмен тұспалдап, ой түю әсте әбестік болар еді.

10 шілдедегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы жер мәселесіне ақырғы рет тоқталғандай болған.

"Негізгі мәселені айқындап алдық. Жер шетелдіктерге сатылмайды. Бұл мәселеге енді оралмаймыз", – деген еді. Алайда арада екі айға жуық уақыт өткенде бұл мәселеге қайтадан өзі оралып отыр.

"Келесі жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мәселесі бойынша Жер кодексінің кейбір нормаларына қатысты енгізілген мораторий күшін жояды.  Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Бірақ Үкімет ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Аграрлық секторға инвестиция тарту ауадай қажет", – деп өзі жапқан мәселені қайтадан өзі қозғады.

Әне-міне дегенше 2021 жылдың желтоқсанына да жетіп келеді.  Ал мораторий жарияланған нормалардың қайсысы күшінде қалатыны, қайсысы күшін жоятыны туралы толыққанды мәлімет жарияланбай отыр.  Сондықтан Президент бірнеше рет ресми мәлімдеме жасаса да, ел көңілі жай таппай келеді. 2016 жылғы митингтерден кейін сотталған Макс Боқаевтың әлі де бостандыққа шықпауын мемлекеттік машинаның жер меншігіне қатысты ұстанымы әлі түбегейлі өзгеріп кетпегенін көрсетеді деп бағалайтындар бар.

Карантин кезіндегі күмәнді норма

Көктемгі карантин кезінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ЕАЭО елдерінің қатысы бар компанияларға жер телімдерін ақысыз беру туралы қаулының жобасын көпшілік талқылауына ұсынбақ болған. Мұхтар Тайжан бастаған азаматтардың жаппай қарсылығынан кейін ғана қаулы талқылаудан алынған еді. Осындай дүдәмал нормалардың қайта-қайта қылаң беруі мораторийдің мерзімі таяған сайын ел көңілін ширықтырмаса, тыныштандыра алған жоқ. 

Аdilet.zan.kz сайтында Жер кодексіндегі атышулы 24-баптың төрт бірдей тармақшасындағы нормалар тек 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін ғана қаңтарулы болатыны аттың қасқасындай анық жазылып тұр. Егер заң жобасындағы қызылмен жазылған ескертпелерді алып тастап оқысақ, 2021 жылдың 31  желтоқсанынан бастап:

А). "Мемлекеттік меншіктегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері Қазақстан Республикасының азаматтарына және шетелдік қатысуы жоқ заңды тұлғаларына жер пайдалану құқығымен берілуі мүмкін. Шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, жарғылық капиталындағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі елу пайыздан асатын заңды тұлғалар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін 25 жылға дейінгі мерзімге жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалану құқығымен ғана иелене алады.

Ә). Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесіне жеке меншік құқығын табыстыру ақылы негізде жүргізіледі. (Яғни, сатылады – ред.).  

Б). Сатып алу ақысын толық төлеген тұлғаның жер учаскесімен Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған мәмілелердің кез келген түрін жасасуға құқығы бар.

В). Жер учаскелерін сатып алған кезде оның сомасын төлеу мерзімін ұзарту арқылы жүргізілуі мүмкін.

Ата заңдағы алтыншы бап

Жер реформасы туғызған митингтер ушыққан кезде елді сабырға шақырып, диалогке үндеген Мұхтар Тайжаннан даулы нормалардың тағдыры туралы сұраған едік. Ол да биліктің не ойлағанынан хабарсызбын деген жауап айтты.

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырза  шетелдіктерге жер сатылмайтынын айтып жатыр. Бірақ жал туралы ештеңе айтпайды. Бізге шетелдіктерге жалға беру де, сату да тиімсіз. Сондықтан біз шетелдіктерге жерді сатпаймыз да, жалға да бермеуіміз керек. Қазақстандықтарға да жерді жеке меншікке сатпағанымыз жөн. Қазақстандықтарға жер тек жалға берілуі керек", – деген қоғам қайраткері кейінгі кезде бұл істен шеттеп қалғанын айтады.

"Мені әзірге ешқандай жұмысқа тартқан жоқ. Шілде айында Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында Жер комиссиясын құрамыз деп еді. Бүгінгі дейін ондай комиссия, оған қатысты қандай да бір жаңалық жоқ", – дейді ол.

Қазір кейбір заңгерлер  мен оппозициядағы тұлғалар арасында  Қазақстан Конституциясының 1993 жылғы нұсқасы әлдеқайда әділетті, демократия талаптарына сай еді деген түсінік бар. Жер тек мемлекеттің меншігінде болу керек деген ұстанымдағы азаматтар да осы ойда. Себебі 1993 жылғы Конституция бойынша жер тек мемлекет меншігінде болатын құндылық еді. 1995 жылғы Конституцияның 6-бабының үшінші тармақшасында жер мемлекет меншігінде болғанымен, заңда бекітілген қағидаттармен, шарттармен және көлеммен жеке меншікте болуы мүмкін екені жазылған.

Қазақстанның жер реформасын жіті назарда ұстап келе жатқан Қытай ғалымдары Ата заңымыздағы бұл өзгерту Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен елдің экспорттық әлеуетін арттыру үшін енгізілген деп топшылайды.

Қытай ғалымдары не дейді?

Қытай орталық педагогикалық университетінің ресми сайтында 2017 жылдың 4 тамызында жарияланған "Қазақстандағы ауыл шаруашылығының дамуы және жер реформасы" атты мақалада автор Лю Цзи бұл мәселеге кеңінен талдау жасаған. 

"Қазақстан Президенті Назарбаев елдегі ауыл шаруашылығының баяу дамуына ұзақ жылдар бойы жер меншігіне қатысты тиімді нарықтық механизмдер болмауы  себеп болды деп есептейді. Сондықтан ол Қазақстан жерді жеке меншікке беру қажет деп санайды. Еуропаның, Солтүстік Америка елдері мен Аустралияның жер реформасын сәтті жүргізу арқылы ауыл шаруашылығын қарқынды дамытқанын алға тартып жүр.  Осыған қарамастан, 2005 жылға дейін  қазақстандық фермерлер реформаға тартылған жоқ. Басқаша айтсақ, Қазақстанда жер реформасы ұзақ уақыт бойы жүргізіліп келеді, бірақ тындырылған шаруа шамалы" – деп баға береді.

Ғалым бұл мақалада ел билігінің жерді меншікке беру жобасы экспорттық амбицияларға байланысты деген ой айтады.  

"Ел ішінде азық-түлік тұтыну жағынан ешқандай проблема жоқ. Бірақ аграрлық саланың кенже қалуы экспортқа кері әсер етіп отыр. Оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі мардымсыз", – дейді Лю Цзи.

Автор қазақстандықтардың жер реформасына қарсы болуының астарында саяси тартыс жатыр деп тұжырымдайды.

"2009 жылы Қытайға жалға жер беру туралы ұсыныс толқу туғызды. Бұл бір қарағанда Қытайға қарсы бағытталғандай болып көрінуі мүмкін. Шын мәнінде бұл президент Назарбаев ұсынған жер реформасы саясатына қарсылық. Жер реформасы экономикалық мәселе болғанымен, оған саяси реңк беру жиі кездеседі.  Саяси тартыста бұл мәселені көзір ретінде пайдалану оңай", – дейді ғалым.

Мақалада "Ерте ме, кеш пе Қазақстан жер реформасын соңына дейін жеткізу керек"  деген түйін айтылады. Оның бірнеше себебі де аталған. Біріншіден, Қазақстан ауыл шаруашылығын қомақты субсидиялардың күшімен ғана ұстап отыр. Оның ЖІӨ-дегі үлесі тым аз. Автордың ойынша, кейінгі жылдарда Қазақстанның мұнай мен металл сияқты экспорттық тауарларына сұраныс азайғандықтан, аграрлық саланы бұрынғыдай субсидиямен ғана асырау қиындай түскен.

"Назарбаев жерді жекешелендіру аграрлық секторды реформалау үшін қажет деп есептейді. Ол жер реформасын табанды түрде алға жылжытатын болады", – деп жазады Лю Цзи.

Қытайдағы танымал және ресми БАҚ біздегі жер реформасы туралы ресми көздерге негізделген қысқа ақпараттармен шектелсе де, ғылыми ортада бұл мәселе өте қызу талқыланатын көрінеді.

Ли Нин есімді автордың 2011 жылы жариялаған "Қазақстанның астық өнеркәсібінің дамуы" атты зерттеуі, Пу Кайфу, Ван Фу, Лю Ян үштігінің 2009 жылы жариялаған "Тәуелсіздік алғаннан кейінгі Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы ахуал" атты еңбегі, Лин Миннің 2017 жылы көпшілікке ұсынған "Бір белдеу, бір жол" стратегиясы аясындағы "Қытайдың Қазақстанға жасаған инвестицияларының тәуекелдері мен қарымта шаралар" атты зерттеуі, Фу Линнің 2015 жылы жазған "Қазақстанның ауылшаруашылық дамуы және қытай-қазақстан ауылшаруашылық әріптестігіне талдау" атты мақаласы, Сюй Чжиюан, Буваха Абра, Дин Шихао үштігінің 2015 жылы жариялаған "Қытайдың Жаңа Ұлы жібек жолы аясындағы Қазақстанға бағытталған ауылшаруашылық экспортының құрылымын оңтайландыру" атты зерттеуі осы сөзімізге дәлел.

"Жер реформасы сияқты тағдыршешті мәселені құр қисынмен тұспалдап, ой түю әсте әбестік болар" деген едік қой. Осы пайымға бағынып, Ауыл шаруашылығы министрлігінің сарапшысы Бағдат Қолдабаевтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда жерді экономикалық айналымға салу туралы тапсырмасы қалай жүзеге асатынын сұраған едік.

"Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін Жер кодексінің кейбір нормаларын қолдануға, шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалану құқығын беруге сондай-ақ, жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік меншіктегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне жеке меншік құқығын беруге мораторий жарияланған. Нақтырақ айтқанда, Жер кодексінің 24-бабы 1-тармақшасының үшінші бөлігін және 97-баптың 6-тармағы 1-інші және 3-інші тармақшаларын қолдануға мораторий жарияланды. Мемлекет басшысы  1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында жеріміз шетелдіктерге сатылмайтынын нақтылап атап өтті", – деген жауап алдық.

Сонымен, жер шетелдіктерге жалға беріле ме? Кодекстің даулы баптары күшінде қала ма? Бұл сұрақтың жауабын 2021 жылы ғана білетін сияқтымыз.

Есімжан Нақтыбайұлы


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу