Проблемалық кредиттер қоры жер сатуға кірісті

7328

Шенеуніктер жерге қатысты заңнамаға жаңа өзгерістер әзірледі. 

Проблемалық кредиттер қоры жер сатуға кірісті

Өткен апта соңында, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін мәжбүрлі түрде алып қою мерзімін қазіргі 2 жылдан 1 жылға дейін күрт азайтуды жүктеді. Атқарушы билік жаңа жылда жерді сот арқылы алып қоюдың тиімді және жедел тетіктерін қабылдауға тиіс. Осы орайда Мемлекет басшысы игерілмей жатқан жер телімін қайтарып алу кезінде істі созбалаңға салудың түрлі амал-тәсілі мен айла-шарғысы іске асырылатынын және оған тосқауыл қою керектігін ескертті.

Бұл қатаң шаралар Үкіметтің өзі құрған ұйымға кесірін тигізуі мүмкін. Сондықтан еліміздің бас экономисінің командасы оны бұл соққыдан құтқарып қалудың қамына кірісуде.

Отандық банктерді "улы" активтерден, яғни банкрот болған борышкерлер кепілге қойған, бірақ өтпейтін дүние-мүліктен арылту үшін 2012 жылы елімізде "Проблемалық кредиттер қоры" (ПКҚ) құрылды. Бастапқыда ол Ұлттық банктің қанатының астында болды. Кейін 2017 жылы Қаржы министрлігінің басқаруына табысталды. Қордың жалғыз акционері – Үкімет.  

Төл миссиясы аясында Проблемалық кредиттер қоры 2017 жылғы 1 шілдеде "Активтерді сатып алу-сату шарты" негізінде "БТА Банкі" АҚ-ның активтерін сатып алады. Нақты қанша төлегені жарияланбады.

Дегенмен ашық дереккөздерден осыған қатысты мәлімет табуға болады. Мәселен, ПКҚ-ның 2018 жылғы жылдық есебінде БТА банкінің активтерін сатып алуға 2 трлн 640 млрд теңге бағытталғаны көрсетілген. Жалпы алғанда, БТА банкінен 958 мүлік алынған.

Міне, сол мүліктер арасында Қазақстанның барлық облысында орналасқан 600-ден астам жер учаскесі де бар екені қазір анықталып отыр. Қор екі жылдан бері осы қаптаған жер телімін өз атына көшіріп, меншіктеумен айналысқан, жер телімдерінің идентификациялық құжаттарын рәсімдеген.  

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтың мәліметінше, "осы жер учаскелері республикалық бюджеттен және Ұлттық қордан бөлінген қаражаттар есебінен сатып алынды".

Оның айтуынша, 600 жер учаскесінің басым бөлігі қор меншігіне өткенге дейін ұзақ уақыт бойы нысаналы мақсатына сай пайдаланылмаған және игерілмеген. Осының салдарынан, енді мемлекет пайдасына мәжбүрлеп алып қойылуы ықтимал. Қолданыстағы жер заңнамасының талаптарына сәйкес, мақсаты бойынша пайдаланылмаған және нысаналы мақсатына сай екі жыл ішінде игерілмеген жер учаскелері сот арқылы мемлекет пайдасына мәжбүрлеп алып қойылуға тиіс.

Шенеуніктер бұған жол бергісі келмейді. Өйткені осынша мол активінен айырылып қалса, қор оларды сатудан түсуі мүмкін қаншама миллиард сомадан қағылады.

Осы ұйымның ұстанымын жақтаған бас экономист 600 жер телімін мемлекеттің тегін тартып алуына қарсы екі дәлел-дәйектеме келтіреді. Біріншіден, мәжбүрлеп алынса, ПКҚ соларды БТА банкінен сатып алуға жұмсаған Ұлттық қор қаражатын кері қайтара алмайды.   

Екіншіден, жүздеген жер телімі нарыққа бір мезгілде саудаға шығарылса, жер нарығындағы баға күрт арзандап, нарық қатысушылары зардап шегеді.

Ведомство "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне салық салу және инвестициялық ахуалды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасын әзірледі. Құжат қор мүддесі үшін жұмыс істейді.

"Бюджет пен Ұлттық қор қаржыларының қайтарылуын қамтамасыз ету үшін Жер кодексіне түзетулер енгізу қажет. Сондай-ақ, біз ұсынып отырған толықтыру қолда бар және жаңадан сатып алынатын жер учаскелерін бір мезгілде өткізу кезінде нарықтағы бағалардың құлдырау тәуекелдерін болдырмайды. Бұдан бөлек, активтерді басқару тиімділігін, оларды кезең-кезеңімен сатуды немесе жергілікті атқарушы органдармен тығыз өзара іс-қимыл жасай отырып, тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламалары арқылы игеруді қамтамасыз етеді", – дейді заң жобасына қоса берілген салыстырма кестеде министр Руслан Дәленов. 

Үкіметте бұл істі жақтайтындар жетерлік. Мысалға, 2018 жылғы 16 шілдеде сол кездегі Премьер-министрдің орынбасары болған Ерболат Досаев кеңес өткізген. Сонда ол Қаржы министрлігіне облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктерімен бірлесіп, Жер кодексіне тиісті түзетулер енгізілгенге дейін "Проблемалық кредиттер қорына" және оның үлестес-аффилирленген тұлғаларына тиесілі жер учаскелерін алып қою рәсімін тоқтата тұруды тапсырды. Тапсырма №20-3/И-356 хаттамасында көрініс тапқан.

Ал Жер кодексіне түзетулер қорға қосымша уақыт ұсынуға бағытталып отыр. Қосымша мерзім ішінде ол жер учаскелерін игеруге қаржы тартып, әлеуетті инвесторларды іздеп тауып, жер учаскелерін жалға беріп үлгеруі керек.

Қабылданса, жаңа заң жобасы аталған қорға тағы бір "сыйлық" сыйлайды. Атап айтқанда, қолданыстағы заң талабы бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерткен жағдайда меншік иесі "сол жер учаскесінің кадастрлық-бағалау құны мен осы учаскенің бұрын мемлекеттен сатып алынған бағасы арасындағы айырмаға тең соманы бюджетке төлеуге міндетті". Құжатта Проблемалық кредиттер қорын және дауыс беретін акцияларының 50 және одан көп пайызы осы қорға тиесілі компанияларды бұл төлемді төлеуден босату көзделген.   

Жалпы, қор қазіргі кезде өз иелігіндегі бірқатар активтерін саудаға қоюда. Мысалға, Ақмола облысындағы 10,2 гектар жерді жылжымайтын мүлкімен бірге 42,3 млн теңгеден жоғары бағаға өткізбек. Баға көтеруге құрылатын сауда 2020 жылғы 9 қаңтарда ұйымдастырылады деп күтілуде. Алматы облысындағы 3 гектар жер 43,7 млн, ал 3,6 гектар – 51 млн теңгеге бұлданып отыр. Атбасардағы отын сақтау қоймасы, өндірістік және қызметтік орынжайлары бар 8,7 гектар жерді 620,3 млн теңгеге саудалауда.

Ең қымбат мүліктің бірі Нұр-Сұлтан қаласында. Байқоңыр ауданының Өндіріс тұрғын үй алабы аумағында орын тепкен, жалпы ауданы 4688,6 шаршы метрді құрайтын төрт қабатты әкімшілік-тұрмыстық ғимарат үшін 1 млрд 311,4 млн теңге сұралған.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу