Қыздарды бала табуға шақырған Омар Жәлел желіні шулатты

5526

Орыс тілді басылым журналистері не туралы жазды. Inbusiness.kz-тің баспасөзге жасалған апталық шолуы.  

Қыздарды бала табуға шақырған Омар Жәлел желіні шулатты

fergana.ru: Жерлердің шөлейттенуі  Орта Азия елдеріне қандай қауіп әкелуі мүмкін, шөлейттенуді тоқтатуға бола ма? Бұл сауалды fergana.ru агенттігі қойып отыр. Басылымның хабарлауынша, қазіргі кезде жердің шөлейттену қаупі әлемнің 100 елінде бар. 

Мамандардың айтуынша, Орта-Азия аймағындағы жердің шөлейттенуі ғаламдық экологиялық мәселеге айналып отыр. Бұл аймақтағы елдер тәуелсіздік алған жылдардан бері жердің сапасы нашарлап, өңім алу деңгейі төмендеп келеді. Бұл туралы басылымға Ресей ғылым академиясы География институтының ғылыми қызметкері, бірқатар халықаралық ұйымдарының (ЮНЕСКО, БҰҰ)  сарапшысы Герман Куст өз сұхбатында айтып берген. Маманның айтуынша, орташа есеппен алғанда, соңғы 50 жылда Орталық Азия жерлерінің шөлейттену деңгейі 15-20%-ға өскен.

"Бұл өз кезегінде халықтың көші-қонына әсер етеді, оны қазірдің өзінде байқауға болады. Сол себептен аймақтық саясаттың дұрыс насихатталғаны керек. Өз басым жаман жорамал жасаудан аулақпын, себебі жергілікті халықты жақсы білем. Олар қиындыққа төзімді. Осыған байланысты бұл өңірде күрделі саяси оқиғалар болады деп тағы ойламаймын, себебі жергілікті менталитетті білемін. Алайда билік өкілдері шара қабылдамаса, жағдай нашарлай түседі", – дейді Герман Куст.

sputniknews.kz: Абайтанушы Омар Жәлел қыздарды маркермен салыстырды, деп жазады ресейлік басылым. Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде оқушылармен болған кездесу барысында ғалым қыздарды білім алудан бұрын бала табуға шақырған. 

"Қыздар академик болмай, академиктерді дүниеге әкелуі тиіс. Қыздар бала табуға жаралған. Бұл маркер сияқты, ол кеуіп кеткенде әдетте оны лақтырып тастайды", - деген өз сөзінде абайтанушы Омар Жәлел.

Оның бұл мәлімдемесі мектеп оқушыларына ұнамай, олар наразылық білдіріп, дау шықты.11-ші сынып оқушысы Аяулым Қанатбек Instagram желісінде: неге қыздар бала табатын конвейер болуы тиіс, деп сұрады. Оның пікірінше, әйелдер таңдауды өздері жасауы тиіс.

"Бала таба ма, әлде мансап құра ма, не істесе де өзі біледі. Тек қоғам міндеттеген нәрсені емес", – деп атап өтті қыз.

Сонымен қатар Аяулым әйелдер қауымын өз құқықтарын қорғауға шақырды. Оның ұстанымын мектеп әкімшілігі қолдап шықты. Соңынан арнайы мәлімдеме жасады.

"Барлық Зияткерлік мектептерде корпоративті оқытудың жаңа жобасы аясында Абайдың 175 жылдығына орай ғалымдармен кездесулер өтуде. Тараз Зияткерлік мектебіне ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы дәріс оқуға филология ғылымдарының кандидаты Омар Жәлел шақырылды.

"Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымы Омар Жәлелдің кездесу барысында қыздардың қоғамдағы ролі және орны туралы айтқан пікірін қолдамайды.

"Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымы Тараз қаласындағы Зияткерлік мектептің 11-сынып оқушысы Аяулым Қанатбектің ұстанымын қолдайды және оның Инстаграм әлеуметтік желісіндегі қыздардың заманауи қоғамдағы миссиясы туралы жарияланымымен келіседі", - делінген баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде.

camonitor.kz: "Қазақстан қоғамы мен мәдениеті не себепті деградацияға ұшырауда?", деп сұрайды басылым. Бұл сұраққа жауап алу үшін басылым танымал тарихшы Нұртай Мұстафаны әңгімеге тартқан.

Басылымның хабарлауынша, Қазақстан қоғамы деградацияға ұшырап бара жатқаны жайында көп айтылып келеді. Тарихшы Нұртай Мұстафаевтың пікірінше, кезінде мәдениет және ғылыми-зияткерлік өсуі жоғары болған халықтың бұрынғы позициясын қайтарып алуы екіталай. 

"Мұның ғаламдық және ішкі (өте-мөте қазақи) себептері бар. Ғаламдық себептерді айтатын болсақ, бұл енді Интернеттің дамуы, компьютерлік және IT-технологиялардың әсері. Осының салдарынан әдебиет жойылып бара жатқан Қызыл кітаптағы флора және фауна секілді ескі түсінікте қалды. Елде мәдениетті түрлендіретін адамдар жоқ. Қазіргі кинематография, телевидение, театр және эстрада болып жатқан мүшкіл жағдайы шығармашыл адамдардың жоқтығымен байланысты. Қазіргі театр және киноактерлерінің басым көпшілігі білімі шамалы адамдар. Олардың деңгейін телеарналарға берген сұхбатынан байқауға болады", – дейді Нұртай Мұстафаев. 

caravan.kz: "Неге қазақстандық жұлдыздар шетелдік әріптестеріне қарағанда Димаш Құдайбергеннің феноменді табысын елемейді?", деп жазады басылым. Бұл мақалада автор Димашты осы күнге дейін сынап келген қазақстандық шоу-бизнес жұлдыздарын тізбектеп берген. Сонмен қатар қазақ өнерін әлемдік деңгейге көтерген Димаш Құдайбергенді қолдаған әлем жұлдыздарының есімін атаған. 

Димашты алғашқылардың бірі болып Баян Алагөзованың сіңлісі Бағым Мұхитденова сынаған болатын. Өз пікірін ол 2013 жылы "Ел Арна" және "Хабар" телеарналарында көрсеткен жас әншілер байқауында айтқан. Соңынан Димашты қатты сынағандардың қатарында танымал айтыскер-ақын Ринат Зайытов болған. Соңынан Димашты Роза Рымбаеваның баласы Әли Оқапов сынап, өзі сынның астында қалды. Нәтижесінде халықтан кешірім сұрады.

"Біздің жұлдыздармен салыстырғанда әлемдің жұлдыздары Димаш Құдайбергенің таланты мен өнерін мақтап, таңданып жатқаны естен кетпейді. Ал франкотілдес Лара Фабиан Димаш Құдайбергеннің өнеріне тамсанғаны сонша, оған арнап ән шығарды", – деп жазылған басылым мақаласында. 

Гүльмира Қамзиева

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу