Шенеуніктер блогер болғысы келеді

3193

Әлеуметтік желі оларға күреп қосымша табыс табуға мүмкіндік ашпақ.

Шенеуніктер блогер болғысы келеді

Блогерлердің танымалдылығы шенділерге ұйқы бермейтінге ұқсайды. Бірақ мемлекеттік қызметшілер осыған бола заң жүзінде қудалауға ұшыраудан да қорқады екен. Сондықтан блогер болу немесе олармен бірге жұмыс істеу заңнамаға қаншалықты қайшы келетін-келмейтіні жөнінде құзырлы органға сауалдар түсіп жатыр.

"Қазақстанның мемлекеттік қызметі туралы" және "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" заңына сәйкес, шенеуніктерге, сондай-ақ мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті тұлғаларға теңестірілген қызметкерлерге біраз шектеу қойылған.

Мысалы, оларға негізгі жұмысы сыртында тек педагогтiк, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметпен ғана айналысуға рұқсат етілген. Тиісінше, қолынан келгені және ғылыми атағы барлары университеттерде оқытушы болып істеп, қосымша табыс табады.

Бірақ әсіресе, жас шенділерді бұл әрине, қанағаттандырмайды. Олар әлеуметтік желіні кіріс көзіне айналдыруға ынтық.

Бұл ретте шығармашылық қызметке не жататыны "Мәдениет туралы" заңында анықталған. Ол бойынша қызметтің осы түріне "кез келген нысанда және кез келген тәсілмен көркем құндылықтар жасау немесе әдебиет пен өнер шығармаларын түрлендіру, тәржімалау" жатады.

"Уақыт бір орында тұрмайды. Біздің күнделікті өмірімізде заманауи технологиялар үлкен рөл атқарады. Әлеуметтік желілер бүгінде адамдар үшін негізгі ақпарат көзіне айналды. Қазіргі кезде әрбір екінші адам көп уақытын әлеуметтік желілерде өткізеді, YouTube, Instagram-да блог жүргізеді. Көптеген адам өз бетінше видеорепортаждар жасайды не оларға қатысады. Осы орайда ғаламторда белсенді тұлғалар, мысалы, блогерлер халық арасында керемет танымал, үлкен беделге ие екенін атап өткен жөн. Ендеше неге мемлекеттік қызметшілердің немесе квазимемлекеттік сектор нысандары қызметкерлерінің осындай тұлғаға айналуына жол бермеске. Телеарналар, атақты блогерлер оларды тележүргізуші, интернет-ресурстағы бағдарламаны жүргізуші есебінде жұмысқа тартып, ақысын жеке төлей алар еді", – дейді құзырлы органға өтінішпен жүгінген Мерхат Ахметолдин.

Ол өз хатында антикоррупциялық агенттіктен YouTube-та блог жүргізу, әлеуметтік желілерде вайндар түзу, телевизиялық және радио бағдарламаларды жүргізу және жасау бойынша қызмет "шығармашылық қызмет" ұғымына жататын не жатпайтынын түсіндіріп беруді сұрайды. Өйткені егер бұл ұғымға қайшы болса, онда шенеуніктер, сондай-ақ мемлекет меншігіндегі кәсіпорындар мен компаниялар қызметкерлері әлгіндей істерге қатысып, табыс тапқаны үшін негізгі қызметінен қуылуы мүмкін.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев бұған тосқауыл жоқтығын айтады.

Бірақ "шығармашылық" деген ұғым әр саланың төл заңына сай анықталуы мүмкін. Демек, негізгі жұмыспен қайшы келетін тұстары да табылуы ықтимал. Мәселен, мемлекеттік құпиямен жұмыс жасайтын адамдар сыртқа сыр шашпауға міндетті.

"Жалпы, "Қазақстанның мемлекеттік қызметі туралы" заңының 13-бабына сәйкес, мемлекеттік қызметшілерге педагогтiк, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтен басқа ақысы төленетін қызметпен айналысуға тыйым салынған. Ал қандай да бір қызмет түрін осы айтылған педагогтiк, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметке жатқызу жайы салалық заңнамада белгіленеді. Осыған байланысты егер сол салаға жауапты уәкілетті орган блог жүргізуді не вайн жасауды шығармашылық қызмет ретінде таныса, онда бұл табысыңыз мемлекеттік қызметті өткеруге еш кедергі бола алмайды", – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы.

Әйткенмен, сарапшылар шенеуніктердің танымал блогерге айналу жолында кең құлаш жаюына, көсіле шабуына рұқсат етілеріне күмәнданады. Ютуб Қазақстан даму жөніндегі менеджері Самсон Безмятежный оларға басқа түгіл, тіпті бірінші басшылардың мақұлдауынсыз ақпарат құралдарына сұхбат беруге де бейресми шектеу қойылғанына назар аудартады.

"Сонымен қатар көп адамда блогер болу оңай, еш дайындықсыз камера алдында қиқалаңдап, ауызға келгенді айтсам, елді әлденемен таңғалтсам, атақты боламын, көп жазылушы жинап, мол ақша табамын деп ойлайды. Шынында, олай табысқа жеткені шамалы. Бұл күн сайын көп уақытты алатын үлкен еңбек. Оның үстіне шенеуніктер таңнан түннің бір уағына дейін кеңседе қамалып отырады. Ондай жағдайда қандай сапалы контент жасауға болады?! Шығармашылық деген еркіндікпен егіз", – дейді сарапшы.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу