Соңғы аптада Ресей рублінің долларға қатысты бағамы күрт құлдырады. Бүгінде бір АҚШ валютасының құны "қызыл ақшаға" шаққанда 89-90-ға тең, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Мамандар бағамның 2022 жылдың наурызындағы көрсеткішке жуықтағанын айтуда. Алайда болжам бұдан да жағымсыз...
Мұның себебін inbusiness.kz тілшісі экономист Бауыржан Шурмановтан сұрады. Сарапшының пікірінше бұл былтырдан бері көрші ел экономикасында болып жатқан "стресстік шоктардың" нәтижесі.
"Соңғы бір жылдың ішінде Ресей экономикасы қатты құлдырады. Оның салдары жаңадан ғана көрініс таба бастады. Мәселен, қолы сынған адам сол сәтте "шокта" болып, бірнеше сағаттан кейін ғана ауырсынуды сезе бастайды. Ресей де дәл сол күйді кешуде. Бір жыл ішінде аталған ел экономикасына салынған санкциялар пакеті бір бөлек, сонымен бірге инвесторлардың сенімі сейіле бастады", – дейді маман.
Сарапшының пікірінше саясаты мен экономикасы тұрақсыз елде инвестор болу өте қиын. Мәселен, жуырдағы Вагнер оқиғасы "қалталы" адамдардың қызығушылығын төмендете түсті.
"Бұл Ресейден инвесторлардың кетуіне ықпал етті, бүгінде онда санаулы ғана инвестор қалды. Салдарынан олардың өнімдеріне сұраныс төмендейді және санкциялардың әрбір жаңа раундымен олардың экспортына тыйым салынады. Экспорттық кірісті жоғалтып, импорт өссе, мұның бәрі валюта бағамына әсер етеді. Себебі кез келген экономиканың көрінісі – ол тұрақты валютаның бағамы", – деп түсіндірді сарапшы.
Былтыр рубль бір жыл ішінде 67% құнсызданды. Осы орайда маман халықтық төлем қабілетінің төмендегенін айтады.
"Салыстырар болсақ, мысалы халықтың төлем қабілетін автокөлік саудасынан бағалауға болады. 2019 жылы Ресейде "ковид кезеңінде" 1,7 млн автокөлік сатылды. 2022 жылы Ресейде бар болғаны 600 мың авто саудаланды, яғни көрсеткіш 3 есе аз. Міне, халықтың төлем қабілетін осыдан-ақ бағалайық. Сонымен қатар өткен жылғы әскери қызмет туралы мәліметтердің ашық жарияланбағанын да көреміз. Ресей әскери өнеркәсіпке орасан ақша жұмсайды, бұл сарбаздарды ұстауға тікелей шығындар ғана емес, сонымен қатар әртүрлі төлемдерге қажет шаралардың барлық кешенін жұмылдыруға қажет қаржы. Мемлекеттік аппарат "әдемі" статистиканы хабарлайды, бірақ олар сенім ұялатпайды. Көптеген сарапшылардың пікірінше, өткен жылы олардың экономикасы 7-8%-ға төмендеді, бұл 2008 жылғы жаһандық дағдарыс кезіндегі көрсеткіштерге пара-пар", – деп қосты маман.
Сондықтан ол бір доллар үшін 90 рубль көрсеткіші әлі де болса соңғы меже емес, қыркүйекке қарай бағам 100 рубльге жетуі мүмкін деп есептейді.
"Егер әскери қақтығыстарға қатысты қандай да бір жағымды жаңалық болмаса, валютаның құлдырауы жалғаса береді. Жақында салық есебін тапсыратын кезең аяқталды, содан кейін рубль бірден 90-ға дейін күрт көтерілді, енді қыркүйекке қарай келесі құлдыраудың куәгері болуымыз мүмкін. Ал бағам 100 рубль және одан жоғары болуы ықтимал", – деп түйіндеді экономист.
Бұл ретте сарапшыдан "Ресей валютасының құнсыздануынан Қазақстан экономикасы үшін қандай қауіп-қатер бар?" деп сұрадық.
"Бұның жағымды тұсы – нарықта арзан Ресейлік импорт артады. Көрші елдің өнімдерін тиімді бағамен сатып алуға болады. Ал кемшілігі сол біз бір экономикалық одаққа мүше және саяси байланысымыз мықты болғандықтан теңге де рубльдің артынан құнсыздануы мүмкін", – деп қорытындылады Бауыржан Шурманов.