Қызылорда қайтадан буферлік бұғатқа түсуі мүмкін

Депутаттар ветеринарлық бекеттерді жөндеуге 565 млн теңге сұрап отыр.  

Қызылорда қайтадан буферлік бұғатқа түсуі мүмкін

Облыстық мәслихаттың кезекті сессиясы аграрлық салаға арналды.

Бұл ретте апта бойы әр ауданды аралап, ондағы ағайынмен жүздескен облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықовада аймақтың азық-түлік бағытындағы әлеуеті мен кемшілігі барын, бірақ оны ұтымды пайдалануда есе жіберіп отырғанымызды байқапты. Несін жасырамыз, сырттан келетін тауарға тәуелді екеніміз рас. 

"Біз қазір терең анализ жасап жатырмыз. Аймаққа сырттан келетін заттар, яғни тағам түрлері, өндіріс заттары өте көп. Бірақ аудандарды аралағанда байқағаным, олардың қолында үлкен мүмкіндіктер бар. Соны тиімді пайдаланатын кәсіпкерлерді тартуымыз қажет. Осыған байланысты жақында бағдарлама дайындаймыз, оны өздеріңізге сәл кейінірек таныстырамын",  деді аймақ басшысы. 

Әкімнің нені меңзеп отырғанын отырғандарда да бағамдады. Басқасын былай қойғанда, картоп пен көкөніс те көрші облыстардан келеді. Облыстық мәслихат депутаты Имамзада Шағыртаев карантиндік шектеу онсыз да субсидия ережесіне енген өзгерістен ес жия алмай жүрген шаруаларға жығылғанның үстіне жұдырықтай әсер еткенін айтады. 

"Биылғы жылдан бастап мал өнімдерін өндірушілерге берілетін субсидия тоқтап қалды. Бұл өз кезегінде мол өнім өндіру көлеміне кері әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан бұрынғы жүйе бойынша мал шаруашылығына берілетін мемлекеттік субсидияны қалпына келтіру қажет сияқты. Енді мұны тиісті орындарға, осы саламен айналысатындар жеткізе жатар. Бұл мәселені депутаттар көпке дейін тыс қалдырды. Енді ешқандай негіз қалмады, айтуға тиіспіз", – деді халық қалаулысы. 

Депутат аудандардағы ветеринариялық станциялардың кісі шошырлық жағдайына да тоқталды. 

"Ветеринарлық пунктерге 2014 жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмей, авариялық жағдайға жеткен. Эпизотиялық іс-шараларға бөлінген қаржы жеткіліксіз. Осының салдарынан қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы алдын-ала егу, диагностикалық тексеру шаралары уақтылы орындалмай эпизотиялық тұрақтылыққа кері әсерін тигізуде. Уақытша комиссияның сараптау және талдауы барысында облыстық бюджеттен 565 млн қаржы қажет екені анықталып отыр",  деді мәслихат депутаты.

Басты мәселе де осы еді. Өйткені ветериналық стансалардың  жағдайына, мал шаруашылығына, дұрыс көңіл бөлінбесе, ет өнімдері, мал басы экспортқа шықпаса, күні кеше ілдалап шыққан буферлік аймаққа қайта еніп кетуіміз де бек мүмкін. 

Сонымен, көтерілген мәселелердің бірқатарына қаражат жергілікті бюджеттен, қалған бөлігіне республикалық қазынадан қаралмақ. Үкіметке жеткізер ұсыныс та баршылық, ол жағын аймақ басшысы назарына алғанын айтты. 

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу