Лагард: Жаңа жел соғып тұр. Ол – цифрландырудың лебі

3022

Халықаралық валюта қорының басшысы дүниежүзінің орталық банктерін сандық  ақша шығаруға үндеді.

Лагард: Жаңа жел соғып тұр. Ол – цифрландырудың лебі

Сәрсенбі күні Халықаралық валюта қорының басшысы Кристин Лагард Сингапурда мәлімдеме жасап, сандық валютаны ақша аударымдары үшін "қауіпсіз", "арзан", "потенциалдық тұрғыдан жартылай анонимдік" деп атап өтті. Осы артықшылықтарды ескере отырып, ол әлемнің орталық банктерін өз сандық ақшасын шығару мүмкіндіктерін қарастыруға шақырды.

Қазір дүниежүзінде қолақшасыз есеп айырысу үрдісі күшейіп келеді. Бұл ахуал бір жағынан үкіметтер мен орталық банктерді  алаңдатып отыр. Өйткені, мұндай  транзакцияларды бақылау жүйесі әлі де осалдау.

"Меніңше, біз сандық ақша шығару мүмкіндіктерін қарастыруға тиіспіз. Мемлекет цифрлық экономикаға қаржы бөлуде маңызды рөл ойнай алады. Мұндай ақшаның артықшылығы айқын. Сіздің төлемдеріңіз жедел, қауіпсіз, арзан әрі жартылай анонимді болады. Ал, орталық банктер бұл төлемдерді жүзеге асыру мәселесінде өзінің қадағалаушы рөлін сақтап қалады", – дейді ХВҚ директоры.

Лагардтың мәлімдеуінше, Канада, Қытай, Швеция, Уругвай орталық банктері виртуалдық валюта жасау жайлы ұсыныстарды қазірден-ақ салмақты түрде қарастырып жатыр. Және де әлемнің бас қаржыгерінің сөзінше, бұндай төлем құралы ұлттық банктер шығарғандықтан, жекеменшік фирмалардың емес, кәдімгі қолақша тәрізді, мемлекеттің пассивіне айналады.

Кристин Лагардың тағы бір мәлімдемесіне жүгінсек, сандық ақшаның көмегімен транзакцияларды қауіпсіз, жеңіл әрі арзан орындауға болады.

"Оны адамдар неғұрлым көп қолданса, бұл қызмет соғұрлым арзан және пайдалы болады. Ал, жеке фирмалар қауіпсіздікке жеткілікті деңгейде көңіл бөлмеуі мүмкін", – дейді Лагард ханым.

Бұған дейін Халықаралық валюта қорының басшысы биткоин тәрізді виртуалдық валюталардың анонимдігі олардың "террористер мен қылмыскерлердің" де қолына түсе алатындығын білдіреді деп атап өткенді.

ХВҚ-ның жаңа ұсынысы виртуалдық валюта операторларын қуанта қоюы екіталай. Өйткені, криптоақша жасаушылар банк жүйесінен тысқары жұмыс істеу технологиясымен адамдарды өзіне тартып отыр. Олардың ойынша, банктер сандық ақша ісіне өздерінің күрделі ережелерін енгізетін болса, транзакциялар баяулап, төлеп операцияларының құны өсуі мүмкін.

Айта кетсек, криптовалюта транзакцияларының тірегі саналатын блокчейн технологиясы қолданушыларға сандық есепшот ұстауға, биткоин секілді цифрлық ақшамен есеп айырысуға мүмкіндік береді. Және де мұндай виртуалдық әмиянмен өзіңнің кім екеніңді көрсетпей-ақ керек дүниеңді сатып алуға болады.

Сонымен қатар, бүгінде блокчейн технологиясы негізінде қызмет ұсынатын стартап-бизнеске миллиондаған доллар инвестиция салынып жатыр. 

Алайда, биткоин, эфириум сияқты валюталар тұрақты деуге келмейді. Олардың құны кейде шарықтап кетсе, кейде мүлде құлдырап жатады. Бұған қоса, олар да ұрылардың назарына ілігіп, биылдық өзінде жүздеген миллион доллардың виртуалдық ақшасы қолды болды.

Дегенмен,  көптеген тұтынушылар тауарлар мен қызмет түрлерін сатып аларда, банк есепшоттарын да қолданудан қауіптенеді. Өйткені, сол төлемдер туралы мәліметтер үшінші жақтың қолына түсуі мүмкін.

Кристин Лагардтың пікірінше, адамдардың сандық ақшаны қалауы заңды, бірақ, орталық банктер сол тұтынушылар қорларының ұрлануына жол бермейтіндей бақылау механизміне ие болуы керек. Халықаралық валюта қорының зерттеуіне қарағанда, тек орталық банктер ғана қазіргі заман клиенттерінің виртуалдық валюта жөніндегі талап-тілектеріне жауап бере алатын қауіпсіз жүйе қалыптастыруға қабілетті.

"Жаңа жел соғып тұр. Ол – цифрландырудың лебі. Осынау өзгерген әлемде біз кез келген жерде, кез келген уақытта кездесе аламыз. Бұл – виртуалдық дүние. Онда смартфон көмекші. Қашықтықтан қас-қағым сәтте ақпарат алмасамыз, қызмет алмасамыз, тіпті эмоциямызды жеткіземіз. Біз ақпарат айдынында жүзіп жүрміз. Сол айдында мәліметтер "жаңа алтынға" пара-пар. Иә, киберқауіпсіздік пен құпия деректерді сақтау мәселесі алаңдатады. Жаңаша жұмыс істеп жатқан экономика қолыңда телефоның болғанын қалайды. Ақшаның өзі де өзгеріп жатыр. Сол ақша келешекте тартымсыз көрінсе де, қолданушыға қолайлы болады деп үміттенеміз", – деді Сингапурда өткен халықаралық конференция барысында ХВҚ директоры.

Тағы бір сөзінде Лагард орталық банктің сандық валютасы әлеуметтік желілермен етене байланысып, онлайн-қолданушылар мен микротөлемдер үшін қолжетімді болып, қылмыскерлер мен ашкөздерден мейлінше берік қорғалады деп үміт білдірді.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу