Қолма-қол ақшамен төлем жасаудан бас тарта алмай жүр

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
6596

Еліміздегі 3 облыстың тұрғындары қағаз ақшамен есеп айырысады. 

Қолма-қол ақшамен төлем жасаудан бас тарта алмай жүр

Әлем елдері мен астаналары қолма-қол ақшасыз төлем жүйесіне бет бұрып жатқанда, Қазақстанның бас қаласы көш соңында қалды. Мұны астананы дамытуға арналған мәжілісте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

"Елордада қолма- қол ақшасыз төлем жасау көрсеткіші тым төмен. Ол небәрі 9%-ды құрайды. Салыстырмалы түрде қарасақ, Алматыда қолма-қол ақшасыз төлем жасау көрсеткіші 69%. Бұл проблема қала тұрғындары мен қонақтарына қолайсыздық туғызып қана қоймай, көлеңкелі экономикаға жол ашады", – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, қолма-қол ақшасыз төлем жасау үлесін арттыру үшін екінші деңгейлі банктер комиссия көлемін азайтуы керек.

"Қолданысқа жаңа төлем жүйелерін енгізу қажет. Жаңа жүйе екінші деңгейлі банктерге тәуелді болмауы керек. Төлем жүйесінің жаңа түрі қолданыстағы ереженің талаптарына сай болуға тиіс. Қаржы министрлігіне қала әкімдігімен бірлесіп, қаланың сауда нүктелері мен қызмет көрсету салалаларында кассалық бақылау машиналары мен карта терминалдарының болуына қатаң бақылау орнатуды тапсырамын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, былтыр дүниежүзі бойынша 1,8 млрд адам электронды саудаға жүгінген. Нәтижесінде бөлшек сауда 14,1%-ға ұлғайып, жеке кәсіпкерлер 2,8 трлн доллар табыс тапқан. 2023 жылы әлем бойынша электронды сауданың көлемі 22%-ға жетеді деген болжам бар.

Атап өту керек, біздің ел интернет арқылы жасалатын саудаға басымдық беріп жатыр. Өткен жылы электронды сауда өкілдері 144,6 млрд теңгенің тауары мен өнімін өткізді. Биыл қаңтар-тамыз аралығында қолма-қол ақшасыз төлем жасау көрсеткіші 7 трлн теңгеге жетті. Бұл 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есе көп көрсеткіш. Біздің елде көбінесе қолма-қол ақшасыз төлем интернет және ұялы телефон арқылы атқарылады екен. Соңғы 7 айда интернетпен және ұялы телефонмен жасалған қолма-қол ақшасыз төлем соммасы 4,6 трлн теңгені құраған. Ал POS-терминал арқылы 2,2 трлн теңге транзакция жасалса, банкомат арқылы жолданған ақша көлемі 122,5 млрд теңгеге жеткен.

Алматыда қолма-қол төлемсіз 4,9 трлн теңге, ал Нұр-Сұлтанда небәрі 597,5 млрд теңге ақша айналған. Ал Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарының тұрғындары қолма-қол ақшамен төлем жасаудан бас тарта алмай жүр. Аты аталған өңірлердегі қолма-қол ақшасыз төлем көрсеткіші 1,7%-ды ғана құрап отыр.

Айта кетейік, биыл тамыз айының соңында ел азаматтарының қолында 29,4 млн төлем картасы бар екені анықталып, оның 17 миллионы белсенді қолданылатыны жарияланды.

Ұлттық экономика министрі Руслан Даленовтің сөзінше, қолма-қол ақшасыз төлем жасауды ынталандыру үшін сауда орталықтарында онлайн  транзакция жасайтын азаматтарға бонус беру қажет. Бұл үшін үкімет екінші деңгейлі банктермен келісімге келуі керек. Осыған қатысты бастама келесі жылы көтерілуі мүмкін.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу