Лаңкестікпен күрес: Банктер күдікті клиенттерден жаппай бас тартуда

3233

Жыл сайын Қазақстанның қаржылық барлау органына 1,7 миллионға дейін хабарлама түседі. Қаржылық барлаушылар енді криптовалюта арқылы қаражатты жылыстатумен күреске бел шеше кіріспек.  

Лаңкестікпен күрес: Банктер күдікті клиенттерден жаппай бас тартуда

Посткеңестік кеңістіктегі әскери шиеленістердің ушығуы, террористік ұйымдар белсенділігінің артуы, санкциялық қысымның өрістеуі осы саладағы күресті күшейтуді талап етеді. Бұл жөнінде Қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеп отыр.

"Әлемдік экономиканың тұрақсыздығы мен ашық еместігі, жаһандық экономикалық және саяси даму болашағының белгісіздігі жағдайында қылмыстық кірістерді жылыстату, терроризмді қаржыландыру – бірінші кезектегі жаһандық сын-қатерлер болып қала береді. Бұл оларға қарсы күрестің тиімді шараларын қабылдауды талап етеді. Аталған мән-жайлар Қазақстанның алдына халықаралық стандарттарға сәйкес келетін қаржы мониторингі жүйесін құру міндетін қояды. Ол жүйе туындайтын қауіп-қатерлерге уақытылы ден қоюға, тәуекелдерді тиімді басқаруға қабілетті болуға тиіс", – деген байламға келді ведомство.

Жалпы Қазақстанда заңсыз жолмен алынған ақша мен мүлікті заңдастыру үшін қылмыстық жауапкершілік тек 2000 жылдары ғана енгізілген. Қаржылық барлау бөлімшесі де сол кезде ұйымдастырылды. Ал Президент Қ. Тоқаевтың 2021 жылғы 20 ақпандағы жарлығымен Қаржылық мониторинг агенттігі құрылды.

Қазіргі кезде қаржылық ұйымдар заңға сәйкес "өз қызметтерінің қылмыстық кірістерді жылыстату және терроризмді қаржыландыру тәуекелдеріне ұшырау дәрежесін бағалауға және тиісті түзету енгізу шараларын қабылдауға тиіс". Қарапайым тілмен айтқанда, банктер коррупцияға, лаңкестік қылмыстарға қатысы болуы мүмкін тұлғаларға қызмет көрсетуден бас тартуы шарт. Осылайша, қаржылық ұйымдардың "қара тізіміне" кіргендер саны жыл сайын көбейіп келеді.

Агенттіктің мәліметінше, 2018 жылдан бері банктердің клиенттермен іскерлік қатынастар орнатудан, мәміле жасаудан бас тартуға және қолданыстағы байланыстарды тоқтатуға қатысты қабылдаған шешімдерінің саны 3 есеге өсті. Атап айтқанда, іскерлік қатынастарды тоқтатудың 2018 жылы – 496, 2019 жылы – 1 089, 2020 жылы – 1 538 дерегі, ал іскерлік қатынастарды орнатудан бас тартудың 2018 жылы – 451, 2019 жылы – 1 293, 2020 жылы – 1 196 дерегі тіркелген. 2021 жылдың қорытынды көрсеткіші бұдан көп болады деп күтілуде.

Қазақстандық компаниялар 1,73 трлн теңге шешіп алған

Ведомствоның түсіндіруінше, күдік тудыратын операциялар туралы барлық ақпарат жабық байланыс арнасы арқылы қаржылық барлау бөлімшесіне жіберіледі. Тек 2021 жылдың өзінде 2 мыңнан астам субъект қаржы мониторингіне жататын операциялар туралы хабарлама жіберіпті.

Қазіргі уақытта Қазақстанда "Бірыңғай ақпараттық талдамалық жүйе" құрылғаны белгілі болды, ол қаржылық және қаржылық емес сектор ұйымдарынан "суыт" хабарламаларды онлайн режимде алуға, талдауға және сақтауға мүмкіндік береді. Жыл сайын қаржылық барлау бөлімшесіне 1-1,7 миллионға дейін хабарлама келіп түседі.

Бұрын органдардың өзара бақталастығы, өз ісіне салғырттығы, түсетін кейбір ақпараттардың сапасыздығы және басқа да себептермен, қаржылық барлаушылардың жіберген материалдарын құқық қорғау органдары көп қажетке жарата бермейді екен. Пайдаланылған материалдардың үлесі үштен бірге әзер жететін. Бірақ алмағайып заман керенаулықты көтермейді. Бүгінде полиция, прокуратура және басқа да органдар пайдаға жарата алған қаржылық барлаушылардың құпия мәліметтерінің үлесі 52,6%-ға жетіпті.

Нәтижесінде, жемқор ірі шенеуніктердің, квазимемсектор менеджерлерінің, радикалды топтарға, лаңкестікке қатысы бар тұлғалардың ірі соманы шетелге жасырын әкетуі анағұрлым қиындатылған.

Бұл мәліметтер қаншама көлеңкелі операцияларды әшкерелеуге, банктік шоттар бойынша айналымдар мен салық есебі арасындағы алшақтықты анықтауға мүмкіндік берді. Сондай-ақ ол тәуекелді операциялар бойынша жедел ден қоюға, сыбайластарды табуға, әрбір айыпталушының рөлін бағалауға ықпал етуде. Соның арқасында ұйымдасқан қылмыстық топтардың жаңа мүшелері анықталып жатыр.

Қаржылық мониторинг агенттігі жіберген 499 хабарлама кірістерді жылыстатудың 45 қылмыстық схемасын әшкерелеуге пайдаланылды.

Өткен жылдармен салыстырғанда, қазір сапалы ақпаратты бағыттаудың өсу динамикасы байқалады. Тарата айтсақ, егер 2018 жылы екінші деңгей банктердің 137 хабарламасы бойынша 5 қылмыстық топ табылса, 2019 жылы 83 ақпарат бойынша 19 топтың схемалары ашылды. 2020 жылы 179 ақпарат – 21 қылмыстық схеманы анықтауға мүмкіндік берді.

Ескерте кететін жайт, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыруға бір рет тартылған адам жазасын алғаннан кейін де "назардан тыс қалмауы" ықтимал. Себебі қылмыстық табысты қолма-қол ақшаға айналдырудың алдын алу үшін Қазақстанда банктерге арналған "Қауіпті тұлғалардың бірыңғай тізілімі" (Унифицированный реестр рисковых лиц) жасалды.

Негізі, шотына түскен заңды ақшаны қолма-қол қаражатқа айналдырып, сейфіне салып қоюды ұнататын бизнесмендер бар, олар да күдікке ілігіп жатады. Өйткені электрондыға қарағанда, шытырлаған ақшаның кейін чемоданға салынып, қайда кететінін бақылау қиын. Осы орайда республикада заңды тұлғалардың банк шоттарынан қолма-қол ақшаны алу сомасы шектелді. Олар енді өзара қолма-қол ақшамен есептесулері керек. Осы шектеудің нәтижесінде банктердің заңды тұлғаларға берген қолма-қол ақшасы соңғы 5 жылда алғаш рет азайған (бұрын жыл сайын тек өсіп келе жатты). Оның үстіне шамалы емес, күрт азайды (37%-ға немесе 2,75 триллионнан 1,73 триллион теңгеге дейін кеміпті).

Криптовалюта арқылы қаржы жылыстатумен күреседі

Айтқандай, биылғы наурыз айының тең ортасында Президент Қ. Тоқаев өз жарлығымен 10 мың доллар және соған бара-бар сомадағы қолма-қол шетелдік валютаны шетелге шығаруға тыйым салғаны мәлім. Бұл шара да арам қаржыны заңдастыруға, капиталды жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қуатты тосқауыл болмақ. Өйткені бұған дейін шетелдік валютаны декларацияласа болды, ірі көлемде де шетелге шығаруға рұқсат етілетін.

Қаржылық барлаушылар криптовалюта арқылы ақша жылыстату схемаларын әшкерелеуге де кірісіп жатқан көрінеді. Алайда бұл салада олқылықтар анықталған.

"Тыйым салынған сайттарға мониторинг жүргізілуде, криптовалюталарды пайдалану арқылы жасалатын мәмілелер қадағаланады. Сонымен қатар Қазақстанның аумағында қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді, криптовалюталарды сатып алуды, сатуды және айырбастауды реттеу заңнамалық деңгейде көзделмеген. Өз кезегінде бұларды пайдалану – кірістерді жылыстату мен терроризмді қаржыландырудың жоғары тәуекелдерін тудырады. Цифрлық активтер ағындарын қадағалау тетіктерінің болмауы және криптовалюталарды ұстаушылар туралы ақпараттың жоқтығы құқық қорғау органдарына осы қаржы құралы көмегімен жасалатын қаржылық, экономикалық құқық бұзушылықтарды анықтауға кедергі келтіреді", – деп мәселе көтерді Қаржылық мониторинг агенттігі.

Осы және басқа мәселелер "Кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы" аясында шешіледі деп күтілуде.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу