Лавров Қазақстанды "Путиннің артқы ауласына" теңеген Батысты "көргенсіздер" деп атады

3381

Қазақстан мен Ресей бұл байламды жарыса жоққа шығарды. 

Лавров Қазақстанды "Путиннің артқы ауласына" теңеген Батысты "көргенсіздер" деп атады Фото: inbusiness.kz

Сонымен бір мезгілде ақпарат құралдары қазақстандық Байқоңыр қаласында қазақ тілін міндетті оқытуға Мәскеудің тыйым салғанын хабарлауда.

Inbusiness.kz еліміздің әлдекімнің "артқы ауласы" екенін Қазақстан билігінің жоққа шығарғанын жазған болатын.   

Даудың басы америкалық Bloomberg агенттігінің постынан басталды. Франция Президенті Эммануэль Макронның Қазақстанға сапарын жариялаған Bloomberg желідегі парақшасында шағын хабарламасын провокациялық тақырыппен берді. Онда француз көшбасшысының "Путиннің артқы ауласына келіп қонғаны" жазылған.

Bloomberg онда африкалық Нигердегі төңкеріс салдарынан билік басына Батысқа қарсы күштер келген соң Францияның ураннан қағылғаны, содан Макронның уран іздеп, Қазақстанға, "Путиннің артқы ауласына" кіргені айтылады.

Блумбергтің бұл жарияланымы 4 мыңнан астам лүпіл-лайк пен мыңдаған пікір жинады. Қазақстандықтар, өзге елдің тұрғындары мұндай тұжырымға наразылығын білдірді. Бір қызығы, Блумбергті былапыт қазақ сөзімен атауды доғаруды әзілдей өтінген, "себебі, оның бәріне лайк басып үлгермей жатқанына" қуақы назаланған америкалық Джорджтаунның тұрғыны, қазақ қызы Даянаның әжуасы 10 мыңнан астам лайк жинады.

Жұрттың көбі Блумберг сөзіне қорланған көрінеді. 

"Мен Қазақстаннан емеспін, бірақ қазақстандықтардың неге ашуланғанын түсінемін. Сендердің бұл қорлық сөздеріңнен құсқым келді! Қазақстанды осындай лас сөзбен атап, тұтас елдің намысына тиюге қалай арың барды? Қазақтар Ресейдің отаршылдығынан бәрінен көп зардап шеккен ел. Сол зұлматтың қайталанғанын қаламайды. Басқыншы елмен әлемдегі ең ұзын шекарасының болғаны үшін олар кінәлі емес. Сендер бүкіл қазақ халқының арын таптадыңыздар!" – деп жазды шетелдіктердің бірі.

Бірқатар қазақстандық Блумбергтен кешірім сұрауды талап етті. Блумбергтің арына тиіп, сөгу үшін латын қарпімен теріп, қазақша боғауыз сөздер жазғандар көп болды. Модерация қазақ тілін тек кириллицада ғана танитындықтан оның бәрін өткізіп жіберіпті.

Қазақстандықтар Блумбергтен тақырыпты дереу ауыстыруды және журналисті жұмыстан қууды талап етті. Бірақ агенттік еш реакция танытпады. Жарияланым да орнында тұр, оны жазған тілшісі де қызметін жалғастыруда.

Америкалық сарапшылардың бұл пікіріне Үкімет атынан Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин қарсылық білдірді.

"Қазақстан ешкімнің де "артқы ауласы" емес. Тәуелсіз елміз. Көпжылдық тарихы бар Мәңгілік ел. Өткенде Түркістанда үкіметаралық комиссия өткіздім. Ресейлік әріптестерімізді Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне апардық. Экскурсия жетекшілері бұл залда Ақсарай хан І Петрдың елшілерін қабылдағанын айтты. Ресейлік әріптестеріміз біздің тарихымыз туралы ештеңе білмейтінін жеткізді", – деді ол Үкімет отырысында.

Кремль болса, Қазақстанды өзінің "артқы ауласы" деп санамайтынын мәлімдеді.

Ресей басшысының баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың пікірінше, мұны Батыс екі ел арасына іріткі салу үшін жасауы мүмкін.

"Мұның бәрі ақымақтық, әрине. Бұл – ақпараттық соғыстың бір айла-шарғысы және сол сияқтылар. Қазақстан дербес ел. Бірақ біздің стратегиялық одақтасымыз. Біз Қазақстанмен бірге, озық стратегиялық серіктестік қатынастарымызды басшылыққа алып, төл ынтымақтастығымызды дамытып жатырмыз", – деді Песков "Москва. Кремль. Путин" бағдарламасына сұхбатында.

Ол Қазақстанның көпбағдарлы саясат ұстанатынын қаперге салды.

"Қазақстан барлық ықтимал азимуттарда ынтымақтастығын өрістетуде. Ол "не менімен, не онымен бірге бол" деген режимде қимылдамайды. Мәскеу Астанамен байланыстарын жоғары бағалайды. Оның аясы кең: өзара инвестициялар да, тауарайналым көлемі де, басқасы да артып келеді. Әсіресе, мәдени ықпалдастық, білім саласындағы кірігуіміздің перспективалары өте кең. Сондықтан біз қарым-қатынастарымызды дамыта береміз", – деді Кремльдің спикері Дмитрий Песков.

Бүгін Bloomberg агенттігінің бағасына қатысты Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров та пікір білдіруді жөн санады. Бірақ ол дипломатия сөзімен шектелуді жөн көрмепті. Қазақстанды "Путиннің артқы ауласына" теңеген Батысты "көргенсіздер" деп атады. Оған Франция Президенті Макронның: "Қазақстан қандай да бір державаның вассалы, құлы болудан бас тартады" деген сөзін ұнатпай қалыпты.

"Еуроодақтың лидерлерінің бірі Орталық Азияға сапарының қорытындыларына арналған баспасөз конференциясында Қазақстан ешкімнің де вассалы, құлы болмайды деп көкіді. Бұл дипломатия үшін арсыздық, көргенсіздік. Еуроодақ Ресейді Орталық Азиядан және Кавказ өңірінен ығыстырып шығару ниетін бүркемелеп отырған да жоқ. Бұл олардың қолынан келмейді. Бізді осында тарихтың өзі төрге қондырды, біз ешқайда жоғалмаймыз. Біздің одақтастар мұны жақсы біледі", – деді ол.

Сонымен бірге, Кремль өкілінің "білім саласындағы кірігуіміздің перспективалары өте кең" деген сөзінің бір астары және салдары қазірден белгілі болды. Ақпарат құралдарының жазуынша, Ресей қазақстандық Байқоңыр мектептерінде мемлекеттік тіл – қазақ тілінің міндетті түрде оқытылуына тосқауыл қойды.

Мәскеу жалға алған Байқоңыр қаласының Білім басқармасының түсіндіруінше, қала мектептерінде қазақ тілін және Қазақстан тарихын оқыту міндетті емес. Ведомство қаланың ресейлік әкімшілігінің өкілдері тұрғындармен көптеген кездесулерде осыған қатысты түсініктеме бергенін жеткізді.  

"Байқоңыр мектептерінде Қазақ тілі мен әдебиеті, сондай-ақ Қазақстан тарихы пәндерін оқыту тек қана оқушылардың жеке қажеттіліктерін қамтамасыз ету аясында мүмкін болады. Яғни, бұған олардың өздері тілек білдіріп, өтініш жазулары тиіс. Бірақ оның өзінде қазақ тілі мен Қазақстан тарихы сабақтан тыс уақытта, сабақтан тыс қызмет формасында оқытылады. Бұл пәндер Байқоңыр мектептерінің жалпы білім берудің негізі бағдарламасынан тыс өткізіледі", – деп табандап отыр Байқоңырдың білім басқармасы.

Соның өзінде қазақ тілі барлық мектепте сабақтан тыс оқытылмайды. Қалаған оқушылар әр мектептен жиналып, бір жерде топтастырылады.

Басқарманың хабарлауынша, Янгел атындағы №7 мектепте байқоңырлық ата-аналардың сұрауымен 5, 6, 8, 9-сыныптар үшін ғана "Қазақ тілі мен әдебиеті" және "Қазақстан тарихы" пәндерін сабақтан және мектеп бағдарламасынан тыс өткізу ұйымдастырылыпты.

Байқоңырлық түрғындар балаларға ана тілін және туған елдің тарихын оқытуға деген сұраныс өте жоғары екенін айтады.

"Байқоңыр мектептерінде қазақ балаларына "Президентіміз – Путин", "Астанамыз – Мәскеу" деп оқытады. Балалар Қазақстан тарихы орнына Ресей тарихын оқиды. Онда біздің ұлы даламыз Ресей империясының меншігі екені айтылған. Бала жастан соны қазақстандық жас ұрпақтың құлағына құюда. Бұған қазақстандықтар қарсы. Біз Ресей қоластындағы байқоңырлық мектептерде қазақ тілі мен Қазақстан тарихы оқытылғанын қалаймыз. Қаланың ресейлік әкімшілігінің тапсырмасымен, Білім басқармасы ата-аналар мен оқушылар арасында бірнеше рет сауалнама, мониторинг жүргізді, тұрғындар екі пәннің білім бағдарламасына қосылғанын қалайтыны белгілі болды. Соған қарамастан, сабақтан тыс үйірме сияқты форматта енгізді. Ол сабақтары бірде өтсе, бірде өтпейді. Білікті педагог тапшы", – деді қала тұрғыны С. Берік.

Тұрғындардың айтуынша, қазақ тілі мен Қазақстан тарихының мектеп бағдарламасына қосылғаны маңызды. Себебі, мектептен бос уақытта оқушылар басқа үйірмелер мен спорт секцияларына барады.

Өкініштісі сол, бұл екі пәнді мектеп бағдарламасына кіргізу туралы екі ел келісімге келген. 

Байқоңырдың Білім басқармасы ондай келісім барын растады. Әйтсе де, ата-аналар арасында әрі қарай да сұрау салумен уақыт созуға ниетті.

"2022 жылғы желтоқсанда Мәскеуде өткен "Байқоныр" кешені бойынша Ресейлік-Қазақстандық үкіметаралық комиссияның 8-ші отырысының қорытындысында "Қазақ тілі мен әдебиеті", "Қазақстан тарихы" оқу пәндерін Байқоңыр қаласының мектептерінде оқыта бастау мәселесін бірлесіп пысықтауға шешім қабылданды. Әрбір оқу жылы басталған сайын қала мектептерінде оқушылар мен ата-аналар арасында сауалнамалар жүргізіп тұратын боламыз. Бұл қала тұрғындарының әлеуметтік қажеттіліктеріне сәйкес келетін жылдық оқу жоспарларын қалыптастыру үшін қажет", – деген Білм басқармасының өкілдері егер қазақ тілі мен Қазақстан тарихын оқуға әрі қарай да сұраныс болса, онда олар сабақтан тыс қызмет аясындағы жаттығулар түрінде өткізіле беретінін нақтылады.

Бұл кем дегенде ғасыр ортасына дейін жалғаспақ. Қазақстан Байқоңыр ғарыш айлағына қоса Байқоңыр қаласын да 2050 жылға дейін Ресейге жалға берді.

Осының алдында Путиннің Қазақстанға сапары аясында Ресейдің елімізде, оңтүстік өңірлерде таза орыс мектептерін ашуға кірісетіні жария етілді. Оларда да қазақ тілі, қазақтың тарихы шетқақпай болмай ма? Ол жағы әзірге белгісіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу