Ливия жанжалы мұнайды қымбаттатты

5642

Солтүстікафрикалық мемлекетте қарулы қақтығыс азаматтық соғысқа ұласып кететін болса, әлемде шикізат құны өсіп, Американы генерал Хафтардың жағына итермелеуі мүмкін.

Ливия жанжалы мұнайды қымбаттатты

Мұнай секторы енді ғана қалпына келе бастаған Ливия қанды жанжалға беттеп барады. Соның салдарынан елдің өндірісі мен экспорты үлкен қауіпке душар болып отыр. Егер бұл солтүстікафрикалық мемлекеттен энергетикалық шикізат жетпейтін болса, Еуропаның қайта өңдеу зауыттары тұралап, тіпті әлемде мұнай бағасы шарықтайды деген болжамдар жиі айтыла бастады.

Ливия – ОПЕК-тің тұрақсыз алтылығы қатарында. Соған қарамастан, ол сәуірде мұнай экспортын 2011 жылы Муаммар Каддафи режимі құлағанннан бергі деңгейден арттыруды жоспарлаған-ды. Енді сол мақсатқа жету жолына қайта өршіген қарулы қақтығыстар бөгет болайын деп отыр. Осыдан бірер күн бұрын Ливияның халықаралық қауымдастық мойындаған билігі "елдің барлық қалаларын басқыншылардан тазартуға" сөз берді. Бұл жерде Ұлттық Келісім Үкіметі "агрессорлар" деген сөзді бір кездері мемлекеттің шығысын басып алған Халифа Хафтар мен оның Ливия Ұлттық Армиясына (ЛҰА) қаратып айтып отыр.

ЛҰА шығысты ғана емес, халық сирек шоғырланған оңтүстіктікті де бақылауға алған. Енді Хафтар астана-қала Триполимен бірге Ливияны түгел бағындырғысы келеді. Ал, соғыста әбден шыныққан, мұздай қаруланған содырлар әйгілі генерал Хафтарды тоқтатып қана қоймай, оның армиясын жер бетінен жойып жіберуге бекініп отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының бұл тайталасты тоқтату жайлы үндеуіне жанжалдасушы тараптар құлақ асар емес.

Brent қайта қымбаттады
Ливиядағы жанжал Brent маркалы мұнай бағасын қараша айынан бері алғаш рет 70 доллардан асырды. Дегенмен, кейбір бақылаушылардың ойынша, мұнай нысандары дәл қазір күйрейін деп тұрған жоқ. Өйткені, елдің ең ірі кеніші – Шарара Триполиден оңтүстікке қарай 700 шақырым жерде орналасқан. Ал, өзгелерінің көбі – шығыста. Қарулы тұрғындар мен күзетшілер ақша талап етіп, желтоқсанда бұл кеніштерді басып алды. Оларда өндіріс Ливия Ұлттық Армиясының қолына өткеннен кейін ғана жанданып, бүгінде тәулігіне 300 мың баррель шикізат шығарылып жатыр.

Бірақ, Шарарада өндірілген мұнай Триполиден батысқа қарай 50 шақырым жерде орналасқан Замия терминалы арқылы экспортталады. Егер Хафтар күштері оны басып алуға әрекет жасайтын болса, көмірсутегін сыртқа жіберу қиындауы ықтимал. 

Қысқасы, 2011-дегі жағдай қайталануы мүмкін. Айта кетсек, сол жылы – Каддафи билігін құлатқан революция барысында мұнай өндіретін және экспорттайтын инфрақұрылымдар қатты күйреді. Талай нысан істен шықты. Ал, Рас-Лануфке жасалған шабуыл кесірінен терминалдардағы шикізат сақтайтын қоймалардың саны 13-тен 3-ке дейін кеміпті. Осыған байланысты өндірушілер бұрғылау жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болды.

Бұл нысандарды қазір содырлар күзетіп отыр. Егер сол адамдар әскери қақтығыстар нәтижесінде орындарынан қуылатын болса, талай экспорттық терминал мен қоймалар "Даиштың" немесе үкіметке ашынған жергілікті топтардың қолына өтуі мүмкін.

Ливияның мұнай экспорты
Венесуэладағы бей-берекетсіз, АҚШ-тың Иранға жариялаған санкциялары және ОПЕК-тің өндірісті шектеу әрекеттері. Бұл проблемаларға Ливияның экспорттық қауқарының әлсіреуі қосылатын болса, әлем елдеріне жеткізілетін көмірсутегінің көлемі азаюы ғажап емес. "Блумберг" агенттігінің зерттеуіне қарағанда, өткен айда бұл мемлекет тәулігіне 1 миллион баррель мұнай экспорттаған екен. Сол көлемге осы айда тағы 100 мың бөшке қосылуға тиіс еді.

Ливия мұнайын негізінен Жерорта теңізі жағалауында орналасқан еуропалық мемлекеттер импорттайды. Бұл елдер санкцияларға байланысты бүгінде Ираннан энергетикалық шикізатты бұрынғыдай сатып ала алмай отыр. Енді еуропалықтар Ливия көмірсутегін алмастыратын экспортшы табуға тиіс болуы мүмкін.

"Блумбергтің" өзге бір мәліметінше, сапасы жағынан АҚШ-та тақтатастан өндірілген мұнай ливиянікінен кем емес: оның да салмағы жеңіл, күкірті аз. Алайда, америкалық баррель Жерорта теңізінен алыс жатыр. Сондықтан, оларды дер кезінде Еуропаға жеткізу қиын. Сол себепті "қара алтын" бағасы өседі деген болжамдар жиі айтылып отыр.

Вашингтон неліктен Хафтардың жағына шығуы мүмкін?
Америка Құрама Штаттары Ливияның ресми басшылығы – Ұлттық келісім үкіметін қолдайтынын мәлімдеді. Бірақ, "Нью-Йорк Таймс" газетінің хабарлауынша, Вашингтон Хафтардың жағына да шыға алады.

"Ақ үйдің неліктен генерал Хафтардың жағына шығуы мүмкін екенін түсіну қиын емес. Африка елдерінің ішінде ең көп мұнай Ливияда. Трамп әкімшілігі бұл мемлекетте энергетикалық отын өндіру деңгейін жоғары ұстау – әлемде мұнай бағасын төмендету үшін маңызды деп есептейді. Былтыр Хафтардың күштері Ливияның орталық және оңтүстік аудандарындағы мұнай нысандарын қауіпсіздендіріп, өндірістің қарқынын арттырды. Сонымен қатар, генерал терроризммен күресте айтулы рөл ойнап, Америка барлау агенттіктері мен әскерилерінің алдында үлкен беделге ие болды. Бұған қоса, Хафтар өзі бақылауға алған Бенгазиде Орталық барлау басқармасының базасын орналастыруға рұқсат беріп отыр", – деп жазады басылым тілшісі.

Дегенмен, автордың ойынша, "Ливия демократия үшін әлі пісіп-жетілген жоқ"  деп есептейтін Хафтар Американың мүддесіне қызмет етпейді. Өйткені, ол қанша жерден содырларды жойдым, кәсіби армия құрамын десе де, өз армиясының қатарына әскери қылмыс жасағандар мен радикалдық қарулы топтарды да алған. 

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу