Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова төтенше жағдай кезінде министрліктің қолға алған жобаларымен онлайн өткен баспасасөз маслихатында таныстырды.
Оның айтуынша, елдегі төтенше жағдайға байланысты, мәдени және спорттық шаралар онлайн форматқа көшкен. Сондай-ақ жергілікті өнерпаздардың қатысуымен онлайн кездесулер, концерттер, қойылымдар өтіп жатыр.
"Мәдениет және спорт министрлігі шет мемлекеттерде және елімізде жоспарланған мәдени, спорттық іс-шараларын шектеп, қауіпсіздікке баса мән береді. Спортшылар мен мәдениет қайраткерлерінің шетелдерге шығуы тоқтатылды. Министрлік елде төтенше жағдай жарияланған күннен бері спорттың баршаға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында онлайн нұсқадағы жұмыс тәртібіне көшті. Барлық республикалық өнер ошағы кестеге сәйкес күн сайын қойылымдарын онлайн режимінде өз сайттарында, YouTube арналарында және әлеуметтік желілерде көрсетіп келеді. Соңғы 10 күнде алты жүзге жуық онлайн нұсқада іс-шара өткізілді. "Карантиндегі жұлдыз" жобасының алғашқы саны 23 наурыз күні эфирге шықты. Ел аузында жүрген әртістеріміз қазіргі карантин жағдайына қарамастан, өнерлерін Live форматында ұсынып келеді. Кеш барысында отандастарымыз әлеуметтік желілер арқылы өнер жұлдыздарымен тікелей сұхбаттасып, ой-пікірлерін білдіре алады", – деп айтып өтті мәдениет министрі.
Ал спорттың кейбір түрі бойынша жаттығулар қашықтықтан жүргізілуде.
"Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында шетелдік спортшылардың қатысуымен өтетін спорттық жарыстарды өткізу уақыты өзгертілді. Өздеріңіз білетіндей, жазға Олимпиада ойындары келесі жылға қалдырылды. Бұл ретте, біздің спортшылар дайындығын жалғастыра береді. Қазіргі кезде барлық спортшы үй жағдайында жаттығуларын жасап жатыр. Төтенше жағдайға байланысты елімізде жоспарланған спорттық сайыстардың мерзімі кейінге шегерілді. Жарыстар негізінен жылдың екінші жартысында өткізіледі. Футболдан премьер-лига ойындарының жалғасуы жайлы карантин аяқталып, елімізде қалыпты жағдай басталған кезде хабарлаймыз", – деді министр.
Ақтоты Райымқұлова туристердің де қиын жағдайға түскенін тілге тиек ете отырып, туризм саласында атқарылып жатқан шараларға тоқталды.
"Бүгінгідей шет мемлекеттерде жүрген демалушыларға қолдау көрсету мақсатында 2016 жылы Үкіметтің қаулысымен туристік "Қамқор" қоры құрылған болатын. Елде төтенше жағдай жарияланған тұста шетелге шыққан 5913 адамды дер кезінде ұйымдастырған түрде елге қайтардық. 1821 азамат жоспарлы түрде қайтарылса, 3748-і арнайы ұйымдастырылған чартерлік рейспен әкелінді. Тағы 342 адамды шетелдік әуе тасмалдаушылармен келісіп, арнайы бағыттар арқылы елге жеткіздік", – деді министр Ақтоты Райымқұлова.
Туризм саласындағы қазіргі өзекті мәселенің бірі төленген ақшаны кері қайтару екені белгілі. Оның айтуынша, қонақүйлер мен әуе тасмалдаушыларына өз ақшасымен қоса, әр туристен алынған қаражаттың сомасы да аударылады.
"Туристік саланың әжептәуір шығын көретіні белгілі. Еліміз осы қысылтаяң шақтан кейін туристік саланың қиындықты еңсеріп кетуіне ықпал ету үшін шағын және орта бизнеске қолдау көрсетудің бұрын-соңды болмаған шараларын қолға алып отыр. Нақтырық айтсақ, ШОБ өкілдері биылғы жылы 1 қазанға дейін еңбек ақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан босатылмақ. "Бизнестің жол картасы - 2025" және "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламалары аясында экономиканың барлық саласы үшін көмек қаржы бөлінбек. Қонақ үй мен туризм саласындағы кәсіпкерлерді салықтан босату шарасын дағдарыстан кейінгі кезеңге берілген мүмкіндік деп қарастырған жөн. Елдегі туристік саланың дамуына осы операторлардың қосар үлесі қомақы. Өз ақшасымен қоса, әр туристен алынған қаражаттың сомасы қонақүйлер мен әуе тасымалдаушыларына аударылады", – деген министр туризмге салған ақшаны кері қайтарудың тетіктеріне ерекше тоқталды.
"Әлемде мынадай ахуал орнап, саланың дамуы тежеліп тұрған кезде салған ақшаны кері қайтару механизмі басқа салаға қарағанда өзгеше болып отыр. Төленген қаражатты қайтару үшін операторлар өз серіктестерімен келіссөздер жүргізеді. Ал заң тұрғысынан рәсімдерді шешуге уақыт қажет. Осыған байланысты азаматтардан жағдайға түсінушілікпен қарауды және күте тұруды сұраймыз. Туристік қызмет туралы заңның 17-бабына сәйкес, туристердің қаражатын туроператорлар іс жүзінде шығарған шығындарын шегере отырып, қайтарады. Туроператорлар да туындаған жағдайдан шығудың түрлі жолын ұсынады. Олардың арасында демалыс күндерін ауыстыру мүмкіндігі де бар. Яғни туристер сапарын басқа мерзімге қалдыруына болады. Осындай көп мысалдарды қарастырып жатырмыз", – деп түсіндірді Мәдениет және спорт министрі.
Нұржан Көшкін