Мал бағуға, шөп шабуға және бақша салу үшін жер беруге тыйым салынбақ

18365

Тыйым тек "конкурссыз, тікелей жер беруге" қатысты қолданылады.

Мал бағуға, шөп шабуға және бақша салу үшін жер беруге тыйым салынбақ Фото: canva.com

Ұлы дала төсін мыңғырған малға толтыруға кәсіпкерлеріміздің қауқар-әлеуеті толық жетеді. Алайда қолы қысқа, әкімдер жайылымдық жер бермейді. Салдарынан, жер телімін мемлекет алып қойып, жүз шақты жылқысы мен мыңдаған қойын сойып сатуға мәжбүр болған ауыл кәсіпкері жетерлік.

Шенеуніктер жайылым жер тапшылығы проблемасын шешуге 2018 жылы уәде еткен. Сол жылғы 4 мамырда "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы қабылданды.

"Осы заңмен жергілікті атқарушы органдарға жеке ауласындағы малын (аналық мал басын) жаюы үшін жергілікті халықты қамтамасыз ету мақсатында ауылдық елді мекендердің айналасындағы жайылымдық жерлерді мемлекеттік қажеттілік ретінде алып қоюға мүмкіндік беретін норма енгізілді. Бұл норма ауылдар айналасындағы жайылымдардың жетіспеушілігі мәселелерін шешуге мүмкіндік береді", – деген уәде Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми сайтында сол бойы тұр.

Содан бері аттай 6 жыл өтті. Мәселе шешімін таппады. Енді мемлекет оған арналған жаңа заңға өмірге жолдама бермек.

"ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасын Мәжіліс 2023 жылғы 27 желтоқсандағы жылжабар отырысында екінші оқылымда қабылдады. Алда Сенат мақұлдап, Президент қол қойған соң, ол күшіне енеді.

Жалпы, Қазақстанда мал жаюға жер жетпейді деу – айтуға ұят. Ресми дерек бойынша жайылымдық жерлер Қазақстанның 184 миллион гектар аумағын алып жатыр. Ол бүкіл ауыл шаруашылығы жерлерінің 84 пайызын құрайды. Жайылымдар аумағы жөнінен Қазақстан әлемде жаһандық бестікте.

Яғни, жер бөлудегі "бармақ басты, көз қысты" коррупция және ауыл бизнесменін қолын басына қойғызып, тентіретіп жіберетін бюрократия жойылса, онда Қазақстан бүкіл әлемді асырай алатын, мал шаруашылығы өнімдерінің ірі өндірушісі және экспорттаушысына айнала алатын орасан әлеует пен мүмкіндіктерге ие.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің есебі бойынша тұтастай алғанда, жайылымдық жерлердің 20 миллион гектарға жуығы қайтарылуға тиіс.

Қазірдің өзінде, 2024 жылғы қаңтардағы ақпаратқа сәйкес, заңсыз берілген және пайдаланылмаған 10 млн гектар жер мемлекет меншігіне оралыпты.

"Оның 2,8 миллион гектары жергілікті фермерлерге, өңірлердің тұрғындарына қайта бөлінді. Бұдан бөлек, ескертуден кейін бұған дейін пайдаланылмай жатқан 3,4 миллион гектар жерді иелері өздері игеруге кірісті. Мелекет басшысы өз жолдауында заңсыз үлестірілген және пайдаланылмай бос жатқан 10 миллион гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару туралы тапсырма берген болатын. Үкімет бұл тапсырманы 2022-2023 жылдары толық орындады. Бүгінде АШМ елдің стратегиялық ресурсын ұтымды пайдалану жөніндегі міндеттер кешенін іске асыруды жалғастыруда. Ал негізгілерінің бірі – ауылдық округтердегі елді мекендердің айналасындағы жайылым тапшылығын азайту", – деп мәлім етті министрлік.

2023 жылы Jerkarta.gharysh.kz интерактивті картасы жаңартылды. Бүгінде онда барлық қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің орналасқан жері мен ауданы көрсетілген.

Сондай-ақ жайылымдық жерлер жөнінен тапшылыққа душар болған аумақтар туралы деректерді де интерактивті картаға енгізу жұмыстары аяқталды. Бұл әр аймақтың жайылымдық жерге қатысты бүкіл бейне-картинасын, мұқтаждықтарын анық көруге мүмкіндік береді.

"Қызметті қағазсыз, онлайн көрсету және жер учаскелерін беру рәсімін автоматтандыру үшін ЖМБМК ақпараттық жүйесі іске қосылды. Ол барлық пайдаланушы үшін қолжетімді, ашық. Елге жария кадастрлық карта жергілікті әкімдіктерге сол жерге құқық беру туралы өтініш бағыттау үшін учаскені электронды таңдауға мүмкіндік береді. Үш мегаполисте, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларда жер учаскелерін берудің электрондық тәртібі заңнамалық түрде енгізілді", – деп хабарлады АШМ.

Ал Парламент қабылдап жатқан заң бұдан былай жайылымдарды конкурссыз беруге тыйым салады. Бұл үшін депутаттар Жер кодексінің 36-шы бабын алып тастауды ұсынып отыр.

Қолданыстағы кодекстің 36-бабына сәйкес, жер учаскелерi Қазақстан азаматтары мен қазақстандық заңды тұлғаларға:

  • шалғайдағы мал шаруашылығын жүргізу (маусымдық жайылымдар) үшiн;
  • жергілікті халықтың мал жаюы мен шөп шабуы үшiн;
  • бақша өcipу үшiн;
  • ғидабат үйін салуы үшін уақытша өтеусiз негізде, конкурссыз-ақ беріледі.

Ауылдықтар мен бизнесмендер ол жерді 5 жылға ала алады. Депутаттар осының бәрін жоюға ниетті.

Заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетовтың айтуынша, бұрынғы Парламент Жер кодексінің 36-шы бабын қабылдағанда, ауылдықтарға, ауыл кәсіпкерлеріне мал мен бақша өсіруіне жағдай жасап, қолдауды мақсат тұтқан.

"Бірақ содан кейін жерді оңды-солды үлестіру басталды. Мен Павлодар облысында түрлі деңгейде әкім болған кезде осы проблемаға тап болдым. Қандай да бір ауыл шаруашылығы жері босаса, жер қатынастары бөлімі туыстарына, достарына, таныстарына хабарласып, сол жер телімін алу үшін өтініш жазуды ұсынатын тәжірибе бар болып шықты. Жауапты органдар республика көлемінде жүргізген тексеріс мұндай "күнәға" барлық дерлік жер бөлімдерінің батқанын әшкереледі. Ал заң бойынша кім бірінші өтініш жазса, жерді де еш конкурссыз соған беруің керек. 2023 жылғы көктемде Ауыл шаруашылығы министрлігіне сұрау салдық. Сонда білгеніміз, кейінгі 3 жыл ішінде 2 миллион гектар жер конкурссыз бөлініпті. Бұл ретте шағын телімдер емес, 1000-2000 гектарлық кесек-кесек жерлер конкурссыз-ақ таратылып жіберілген", – деді депутат.

Сорақысы сол, оның түсіндіруінше, Жер кодексінің аталған бабы әлі күнге күшінде болғандықтан, қадау-қадау жер учаскелері сол бойы тегін үлестіріліп жатыр.

Оның ішінде мемлекет меншігіне қайтарылған жаңа жерлер де болса керек. Салдарынан, жерлер шын мәнінде жайылымға зәру шаруаларға емес, "сөре астынан өз адамдарына" да берілуде.

Депутаттар өздері жазған жаңа заң жобасы арқылы осы коррупциялық тәжірибеге тосқауыл қоймақ. Алайда мұның теріс салдарлары да болуы мүмкін. Ауылдықтарға конкурссыз жер беру тетігі жойылса, жер алу енді қиындайтын түрі бар. Бюрократия да күшейері даусыз.

Айтпақшы, қазіргі депутаттық корпус Жер кодексіне "оғаш" түзету енгізіп отыр: ол бойынша ауыл шаруашылығы жерлерінің шекараларында арық-арналар мен ор қазуға тыйым енгізіледі.

"Біздің фермерлер өз жайылымдарын, егістіктерін, бақшаларын ормен қоршауға әуестеніп алды. Бұл – ол жерге бөтеннің малы кірмеуі, бөгде көліктер еніп кетпеуі үшін жасалады. Алайда соның салдарынан шағымдар да қаптап кетті. Өйткені қызды-қыздымен, жер иелері ортағасырлық замандардағы нағыз қамалдар айналасындағыдай терең шұңқырларды қазып тастайтынды шығарды. Артынан оған адамдар құлап, балалар да, ересектер де жарақат алып жатады. Ол орларға көліктер құлаған кездер болған. Мал түсіп кетіп, сирағын сындырады", – деді депутат журналистерге сұхбатында.

Парламентшілер ауыл кәсіпкерлерінің, шаруалардың төл шабындықтары мен бау-бақшаларын қорғауына, қоршауына қарсы емес. Бірақ ұра-құдық қазбай, биік бұталарды, ағаштарды жағалай егуге, тоқ соғатын электрлі немесе механикалық дуалдар жүйелерін, бейнебақылауды орнатуға кеңес берді.

Жаңа заң әрбір елді мекеннің айналасында ауыл тұрғындарының малын жаюға арналған жерлердің мәртебесін нығайту үшін "көпшілік пайдаланатын жайылымдар" деген жаңа ұғымды енгізеді. Тиісінше, мұндай мәртебесі бар жерлерді басқа мақсаттағы телім түрлеріне айналдыруға тыйым салу қарастырылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу