Мал соятын алаңдар талапқа сай болмай тұр

Ақжол Қараспан Ақжол Қараспан
5041

Бүгінде Оңтүстікте мал соятын орталықтар жетіспейді.

Мал соятын алаңдар талапқа сай болмай тұр Фото: zhambylnews.kz

Орталықтар санитарлық талаптарға жауап бермеген жағдайда, ет өндірушілер жеке қораларында мал союға мәжбүр. Әсіресе, мұндай келеңсіздіктер Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылында болып отыр. Өйткені, бұл елді мекен Қазақстанның барлық аймағын етпен қамтамасыз етіп отырған бірден-бір орталық.

Сөзіміз дәлелді болсын, күні кеше облыстық прокуратура бір ғана Шымкентте мал соятын 70 алаңның заңсыз қызмет етіп отырғанын анықтапты. Олардың айтуынша, мұндай олқылықтар, әсіресе, базарларда болатынға ұқсайды. Шымкент қалалық аумақтық инспекциясының басшысы Бауыржан Саржанов қазіргі уақытта өкпе және бауыр аурулары өршіп тұрғанын айтады.

Жыл басынан бері ветеренария саласында 12 заң бұзушылық анықталыпты. Тазалық талаптарын сақтамағандарға 255 мың теңге айыппұл салынған. Алайда, Шымкент қаласында көлеңкелі кәсіпті нәсіп еткендер азаймай отыр екен.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәліметке сүйенсек, қазіргі таңда облыста мал соятын 33 бекет пен 72 алаңы жұмыс істеп тұр. Десек те, оның басым бөлігі жеке шаруашылықтар есебінен салынғанын айта кеткен жөн.

Мәселен, "еттің отаны" саналып кеткен Сайрам ауданында мал соятын 10 бекет пен 17 алаң бар екен. Күніне шамамен 1-2 мың тонналап ет жөнелтіп отырған ауданға бұл аздық ететіні сөзсіз. Ал 300 мың тұрғыны бар Сарыағаш ауданында 3 бекет жұмыс істейді. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, 1 млн тұрғыны бар Шымкент қаласында небары 3 бекет пен 7 орталық жұмыс істейді. Аз ба, көп пе? Өзіңіз шамалай беріңіз...

Айтпақшы, Кеден одағының талаптарына сәйкес облыс орталығы – Шымкентке мал соятын 11 алаң қажет екен.

Осыдан 5-6 жыл бұрын облыста мал соятын алаңдар мен бекеттер салынып, ветеринариялық талаптар айтарлықтай күшейтілген еді. Малшы қауым мен алып-сатарлар алғашқы кезде барлық талапты орындап-ақ жүрген. Кейіннен уақыт өте келе, мал сою үрдісі бәз баяғы қалпына көшкені жасырын емес.

Мал базары мен бордақылайтын орны, қасабы мол Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылындағы санитарлық талаптың сын көтермей тұрғанын айта кету керек. Ауыл ішінде қидың иісі жыл он екі ай мүңкіп тұрады. Мұнда екінің бірі күнара мал союды әдетке айналдырған. Күнкөріс көзі мал бордақылау болғандықтан, шарбақтың арғы жағындағы жаймен ешкімнің жұмысы жоқ. Мұндағыларды мал соятын алаңға мал сүйреп барады дегенге де сену қиын.

Осындай олқылықтардың кесірінен бұл ауданда бруцеллез ауыруына шалдығатындар да аз емес.

"Ауылымызда ауаның өзі таза емес. Мал базар орталықта болғандықтан, қи сасып тұрады. Әсіресе, жаздың күндері демалу мүмкіндігі қиындай түседі. Малда кездесетін жұқпалы ауруларға шалдығып жататынымыз да осыдан", – дейді Қарабұлақ ауылының тұрғыны Бинұр Сұлтанбеков.

Негізгі талаптарға сәйкес, мал сою алаңдары ауылдан немесе қаладан 300 метр қашықтықта орналасуы тиіс. Бұл талап та толық орындалып отыр деп айтуға ауыз бармайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу