Маман кәсіп ашқан кезде жиі жіберілетін қателікті атады

3528

2023 жылға дейін мемлекет шағын және орта бизнесті дамытуға 73,7 млрд теңге бөлмек. 

Маман кәсіп ашқан кезде жиі жіберілетін қателікті атады

Шағын және орта бизнесті дамыту – экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды факторының бірі. Биыл ШОБ-та жұмыспен қамтылғандар саны 3,4 миллионға жетті. Бүгінде кәсіп ашу қолайлы ма, кәсіпті бастаған кезде нені ескеру керек, кәсіпті қай салада ашқан тиімді, табысқа жетудің құпиясы бар ма? Бұл сұрақтарға бизнес-жаттықтырушы, "Бастау Бизнес" жобасының методологы Айгерім Тарбағатаева жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

– Кәсіп ашу үшін арнайы білім керек пе?

– Кәсіп ашу, бизнес жүргізу – тәуекел. Бірден байып кетемін, көл-көсір пайдаға кенелемін деп ойламаңыз. Білім керек, бірақ барлығы онымен шектеліп қалмайды. Алдымен "Қай салада бизнес ашқыңыз келеді? Ол салаға икеміңіз бар ма? Кәсібіңізді жақсы көресіз бе? Жауапкершілік алуға дайынсыз ба?" деген сұрақтарға жауап беріңіз.Сауалдарға жауап берсеңіз, жолыңыздағы қиындықтарды еңсеруге дайын болыңыз. Кәсіпкер үнемі білімін жетілдіріп отыру керегін ұмытпаңыз.

– Қай салада бизнес жүргізген тиімді?

–  Биыл бизнес-жаттықтырушы атанғаныма 5 жыл болады. Сондықтан бұл сұраққа жеке тәжірибеме сүйене отырып, жауап берейін. Нұр-Сұлтанда және Павлодар, Ақмола, Алматы облыстарында жұмыс істедім. 5 жылда 400 адамды оқыттым. Оның ішінде 132 адам кредит пен әртүрлі грант алып, шағын кәсібін ашты. Мысалы, Алматы облысы Алакөл ауданы ірі қара мал өсіруге қолайлы, әсіресе етті бағытта. Ақмола облысында сүтті бағытта ірі қара өсіруге болады. Павлодар облысында егін егу (картоп, сәбіз және тағы басқа), жылыжайда көкөніс өсіруге қатысты жобалар болды. Яғни кәсіп ашпас бұрын өңірдің климатын, жағдайын, оның қай салаға бейімделгенін ескеру керек. Сондай-ақ бизнес жүргізген кезде пайда пен шығынды да ескеру керек.

– Барлық шығынды үнемі есептеп отыру керек пе?

– Кәсібін енді жүргізе бастағандардың жиі жіберетін қателігі – шығынды есептемеуі. Олар қалтамызға ақша түссе болды деп ойлайды. Бұл – қате пікір. Алдымен пайда мен шығынды есептеу қажет. Мысалы, қанша кіріс келді, қанша шығын кетті, өнімнің табыстылығы қандай деген сұрақтар туралы адамдар ойланбайды. Сондай-ақ қосымша шығындарды да ескеру керек: су, электр энергия, шикізат және тағы басқа. Себебі, олар тауардың бағасыеа әсерін тигізеді.Сондықтан барлығын есептеп отыру керек және бизнес-жоспар болған жөн.

– "Бастау Бизнес" жобасы бойынша қоғамда әртүрлі пікір бар. Бірі аталған жоба бойынша кәсіп ашу қиын десе, кейбірі оңай екенін айтады. Кімге сенеміз?

– Сіз аталған жобаға қатысу арқылы кәсіпті қалай ашу,  қандай салықтарды төлеу, қандай шығын болатынын, қандай заңдарды білу, бизнес-жоспарды қалай құру керегін үйренесіз. 21 күннен соң курс аяқталады. Кейін сіз мемлекет тарапынан грантқа немесе "арзан кредитке" ие болуға мүмкіндіңіз бар. Қалғаны сіздің қабілетіңіз бен кәсіпті қалай жүргізетініңізге байланысты.

– Пандемия салдарынан жобаға қатысқысы келетін үміткерлердің саны азайған жоқ па? Себебі коронавирустан шағын және орта бизнес зардап шекті ғой.

– Жоқ, керісінше кәсібін ашқысы келетіндердің қатары көбейді. Мысалы, биыл 30 мың адам оқытуды жоспарлап отырмыз. Алайда кәсіпкерлік негізін үйренгісі келетіндердің қатары бұдан да көп болып шықты. Менің ойымша, коронавирус пандемиясы адамдарды басқаша ойлауға үйретті. Олар бір жұмысқа ғана қарап отырған тиімсіз екенін, шағын болса да кәсіп ашу керегін түсінген сияқты.

– Кәсіп ашып, табысқа жетудің, бай болудың құпиясы бар ма, әлде барлығы қаржы сауаты, еңбек, білім мен сәттілікке байланысты ма?

– Менің ойымша, "менде ақша бар, кәсіп ашамын" деген адам кәсіпкер бола алмайды. Яғни адам кәсібін ашқан кезде тек жеке басының пайдасын ойламай, керісінше "Кәсібім қоғамға қандай пайда тигізеді? Өнімді қалай жақсартуға болады? Халыққа қандай қызмет көрсете аламын?" деп ойлануы керек. Кәсіпкер әлеуметтік қызметкер сияқты болуы қажет. Табыс шығынсыз болмайтынын естен шығармаңыз.

Дәурен Ерболат


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу