МӘМС екі жылға шегерілмек

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
3359

Денсаулық сақтау министрлігі міндетті медициналық сақтандыруды енгізуді екі жылға шегеруді ұсынды.

МӘМС екі жылға шегерілмек

Үкімет міндетті медициналық сақтандыруды енгізу тәртібін айқындады. Нақты айтсақ,  заңға міндетті медициналық сақтандыруды енгізудің мерзімін 2020 жылға ауыстыруды қарастыратын түзетулер парламенттің қарауына ұсынылды. Аталған түзетулерді жұма күні мәжілістің  әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева таныстырды.

"Міндетті медициналық сақтандыруға қатысушыларға медициналық көмек көрсетудің мерзімін 2020  жылдың 1 қаңтары етіп белгілеу жөнінде сіздерге ұсыныс енгізіп отырмыз. Жеке тұлғалардың, жалдамалы еңбеккерлердің, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың, оның ішінде жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-келісімшарт негізінде жұмыс істеушілердің, сондай-ақ жеңілдікті пайдаланушы азаматтар үшін мемлекет төлейтін жарналардың төлену мерзімін 2020 жылдың 1 қаңтары деп белгілеуді ұсынамыз", – деп мәлімдеді ол.

Ал жұмыс берушілерден алынатын 1,5%-дық аударымдар 2018 жылы да, 2019 жылы да жалғаса бермек.

Арадағы екі жыл ішінде үкімет "өзін-өзі жұмыспен қамтушы" санатына жататын азаматтардың мәселесін шешіп алмақ. Алдын ала жасалған есеп бойынша қазір олардың саны – 2,7 млн адам.  Дегенмен түпкілікті мәлімет пен нақты саны әзірге айқын емес. Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов түсіндіріп өткендей, бұл деректер әлі де нақтылануда.

"Ел тұрғындары түгелдей жеке тұлғалардың мемлекеттік базасында сәйкестендірілген, барлығында жеке сәйкестендіру нөмірі бар. Еңбек министрлігі оны ақпараттық жүйе арқылы толықтай тексере алатын  мүмкіндікке ие.  Барлығы да тексерілді, 18 млн адамның соңғы алты айда зейнетақы жарнасын төлеген-төлемегенін анықтады. Төлегендер – олар шынымен де жалдамалы еңбеккерлер. Ал қалғандарының зейнеткерлер қатарында тұрғанына көз жеткіздік. Одан қалған мөлшерін мүгедектердің қатарынан тексердік. Балаларды туған уақытымен қарап шықтық. Ал істі болғандар қылмыстық-атқару жүйесі комитеті жүйесінен, студенттерді білім және ғылыми министрлігінің жүйесінен қарадық. Сөйте келе сәйкестендіру нөмірі жоқ 5,5 млн адамды ешбір жүйеден таппадық. Олардың бәрі қандай да бір іспен шұғылданып жүр. Алайда ешбір ақпараттық жүйеде тіркелмеген", – деді вице-министр.

Ол еңбек министрлігі азаматтар туралы мәліметті өзектендіру үшін барлық жерді аралауға бастама жасағанын еске салып өтті. Осы аралау кезінде 1,03 млн адамның формальды емес жұмыс жасайтыны белгілі болды. Яғни бұл адамдар жұмыс істейді. Бірақ олар үшін БЖЗҚ-ға төлем жасалмайды. 187 мың адам өздерін жеке кәсіпкер ретінде белгілеген. Қазір бұл мәліметтер қаржы министрлігінің мемлекеттік кіріс департаментінің деректер базасы бойынша тексеріліп жатыр.

"Бұл жерде әртүрлі себеп бар, – деп түсіндірді Біржан Нұрымбетов. – Яғни салық заңнамасы бойынша табысы бір жылда 12 айлық жалақыдан (шамамен 300 мың теңге) аспайтын адам кәсіпкер ретінде тіркелуге міндетті емес және оларды тіркемейді". 

Тағы 242 мың адам жұмыссыз деп танылды. Алайда олар жұмыспен қамту орталығының есебінде жоқ. Вице-министрдің сөзінше, бұл сан жұмыссыздық бойынша статистикаға сәйкес келеді. 

"1 млн 250 мың адам: "Мен өзімді жұмыспен қамтып отырмын", – деп шықты. Яғни шамалы табыстары  бар. Статистикада өзін-өзі өнімсіз жұмыспен қамту деген термин бар – бұл айлық табысы күн-көріс шегінен аспайтындар", – деп түсіндірді Біржан Нұрымбетов.

Ал 560 мың адамды тексеру барысында анықтау мүмкін болмады. Вице-министр 18 мың адам жеке тұлғалардың мемлекеттік мәлімет базасында тіркелген. Алайда көршілерінің айтуынша, бұл адамдар қайтыс болған. Ал 390 мың адам көшіп кеткен.

"Ішкі істер министрлігі ауқымды жұмыс атқарып отыр. Министрлік адамдардың аталған ауылда, облыста немесе басқа облыста тұратынын я тұрмайтынын анықтауда. Ішкі істер министрлігі ел аумағын тұтастай тексеріп шықты. Өкінішке қарай 390 мың адам ешқайда тіркелмеген. Уақытша да, тұрақты да тіркеуде жоқ. Аулаларды аралау барысында 159 мың студент: "Мен студентпін, университетте оқимын" деп жоғары оқу орнының атауын атап, жауап берді. Ал білім және ғылым министрлігінің деректер базасында ондай студент жоқ. Мұның екі себебі бар. Бәлкім, әлгі студент дұрыс ақпарат берген жоқ. Білім және ғылым министрлігіндегі әріптестерім ренжімесін, біздің елдегі ең нашар ақпараттық жүйе осы министрлікке тиесілі. Себебі аталған жүйе жылына екі рет, қыркүйек пен сәуір айларында ғана жаңартылады. Сондықтан бұл әрдайым өзекті емес", – деді вице-министр.

Қазір еңбек министрлігі өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандарға қатысты мәселелерді шешу үшін арнайы жол картасын әзірлеуде. Біржан Нұрымбетовтың сөзінше, жол картасында ең төменгі кірісі бар жеке кәсіпкерлерді тіркеуден бастап барлық мемлекеттік деректер базасының интеграциясы секілді кешенді шаралар қарастырылған. Жол картасы жыл соңына дейін бекітілуі керек. Соның нәтижесінде 2020 жылы еліміздегі өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған адамдар саны 1,2 млн-ды құрайды деп күтілуде.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмысын жалғастырады. Қор тегін медициналық көмек көлемін кепілдендірудің операторы болмақ.

Гүлназ Ермағанбетова, Ирина Севостьянова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу