Мандатынан айрылған Мәжіліс депутатына қатысты егжей-тегжейлер анықталды

3475

Ақпарат құралдары "Жаңа Қазақстанның өкілі" деп атаған Асқар Садықов шынында несімен белгілі?

Мандатынан айрылған Мәжіліс депутатына қатысты егжей-тегжейлер анықталды Фото: parlam.kz

Бұған дейін Inbusiness.kz Орталық сайлау комиссиясына сілтеме жасап, Мәжіліс депутаты Асқар Садықовтың мандатынан айырылғанын хабарлады. Жаза сонымен шектелмей, Садықовты "Ақ жол" партиясы өз қатарынан шығарып тастады.

Өз кезегінде, Мәжілісте ресми түрде "оппозиция" саналатын "Ақ жол" партиясының жетекшісі Азат Перуашев төл Telegram-арнасында және партия сайтында бұл шешімге "А.Садықовтың депутаттық мәртебеге қайшы келетін әрекеттері негіз болғанын" айтты.

"Бұл шешімге А.Садықовтың депутаттың мәртебесіне сай келмейтін әрекеттерге барғаны негіз болды. Аталмыш фактіні партиялық органдар өз бетінше анықтады және ҚДП пленумында қаралған соң, А.Садықов партиядан шығарылды, соған байланысты ол депутаттық мандатынан айырылды", – деп қысқа қайырды Перуашев.

Таяу уақытта, 2024 жылғы маусымда ақпарат құралдары 6 депутаттың хатын жарыса жариялаған болатын. Оның авторлары қатарында – Асқар Садықов, Бақытжан Базарбек, Абзал Құспан, Жарқынбек Амантай, Нұрсұлтан Байтілесов және Данабек Исабеков аталды. Orda.kz "Жаңа Қазақстанның" бұл өкілдерінің хатын мәні жөнінен Сталин атына жолданған "Бесеудің хатына" теңеді. Хатта еліміздің ең ірі мегаполисі үшін стратегиялық маңызды нысан саналатын "Алтын Орда" алып базарының қайтадан басып алынғаны айтылған. Депутаттар "ескі Қазақстанның" беделді өкілі болған Болат Назарбаев базарды бір рет, 2012 жылы ескі тәсілдермен басып алғанына назар аудартты. Енді мұндай қадамға, депутаттардың пікірінше, "Жаңа Қазақстанның" өкілдері барған-мыс. Сондықтан мәжілісмендер Антикордан "жаңа басқыншылардың" іс-әрекетін жан-жақты тергеуді, өздерінің өтінішін сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде дереу тіркеуді талап етті.

Хат иелері істің мән-жайына және тергелу хронологиясына егжей-тегжей тоқтала келе, қазіргі заңсыз қарекеттерге қазіргі билік басындағы шенеуніктердің қатысы болуы мүмкін деген күдіктерін мәлімдеді.

"Біздің салмақты алаңдаушылығымызды тудырған факт мынау: зардап шеккендер (кәсіпкер Құсайыновтар) әділдік іздеп, 2022 жылғы қаңтар оқиғаларынан кейін құзырлы органдарға араша іздеп, жүгінген. Алайда олардың мүдделерін қорғаумен айналысу, айыпты тұлғаларды қылмыстық жазаға тарту орнына бұрынғы және іс басындағы лауазымды тұлғалар өз өкілеттіктерін қара басының қамы, жеке пайдасы үшін пайдаланған. Зардап шегушілердің құқықтарын аяққа таптаған", – деген байлам жасады Асқар Садықов және басқа мәжілісмендер.

Осыдан кейін Садықовтың Мәжілістен қуылуына қатысты пікір білдірген қазақстандықтар оның Парламент мінберінен өткір проблемаларды көтеріп, шағын және орта бизнестің мүддесін қорғағанына назар аудартуда.

Дегенмен, ақтөбелік "Диапазон" газеті 2017 жылғы 20 қыркүйектегі архивтік нөмірінде "фермер өз жерін басып алушыларға депутаттың қатысы бар екенін мәлімдеп, сотта жеңіп шыққанын" жазыпты. Басылымның дерегінше, Ақтөбе облысының Қобда ауданындағы жер дауы 2017 жылы өршіген. Сол түста, дәлірек айтқанда 2014–2023 жылдар бойы Садықов Ақтөбе облысының V, VI, VII шақырылымдардағы мәслихаттарының депутаты болған. 2023 жылғы 19 наурыздан күні кешеге дейін Мәжілістің депутаты болды.  

"Шаруа қожалығының иесі Марат Чужанов депутат Асқар Садықовтың қолдауымен бәсекелестері оның жеріне басып кіргеніне шағымданды. Депутат барлық айыптарды жоққа шығарды және өзінің халық қалаулысы ретіндегі атын фермердің шиеленіс үшін әдейі пайдаланып отырғанына нұсқады. Оның пікірінше, дау-жанжал әкімдіктің қателігі кесірінен туындаған. Фермер сотқа жүгініп, жеңіп шықты", – деп жариялады басылым.

Ақтөбе облысының Иманғали Білтабанов ауылдық округіндегі "Жеменей" шаруа қожалығы шамамен 700 қой өсіреді.

"Жерді мемлекеттік қордан 49 жылға жалға алдым. Мал өсірем, бақша саламын. Бірақ менің жеріме бөгде адамдар кіріп, жайласып алды. 200 бас малын, құрылыс материалдарын, дүние-мүлкін жеткізіп, маған берілген аумақта орнықты. Бұл адамдарға облыстық мәслихат депутаты Асқар Садықовтың қатысы бар. Қолдауы болғанымен, құрылыс жүргізуге рұқсат беретін құжаттарын олар көрсете алмады", – деген болатын сонда фермер Марат Чужанов.

Ауыл кәсіпкері өз жеріне қоныстанғандардың "Сауқайың" шаруа қожалығының өкілдері екенін анықтаған. Оның бұған дейін әділдік іздеп, бармаған жері, баспаған тауы қалмапты: ішкі істер органдарына, облыстық және Бас прокуратураға, облыс әкіміне арызданған, нәтиже шығара алмады. Бұл ретте құжаттар бойынша аталған жер телімі "Жеменей" шаруа қожалығына берілген және инфрақұрылым тұрғызуға техпаспорты да бар. Тиісінше, басқа шаруа қожалығы ол жерге кіре алмайды.

"Сауқайың" өкілдері жерді алудан дәмелі еместігін, оларды сонда салынған үй, қоражай қызықтыратынын жеткізген. Мәслихат депутаты болып тұрған Асқар Садықов сол кезде журналистерге шиеленіске өзі емес, жергілікті шенеуніктер айыпты екенін айтты.

"Бастапқыда ол жер "Сауқайың" ЖШС-іне тиесілі болған. Бірақ ауданның бұрынғы әкімі ме, жер бөлімі ме, әйтеуір біреуі мүлікті иеліктен қате шығарған. Салдарынан, ол жердегі мүлік бір кәсіпорындікі, жер – басқаның иелігінде. Чужанов ол жерде орналасқанның бәрі менікі деп санайды. Бұл мүлік оның меншігі емес, ол оны салған жоқ. Бұған мені неге айыптайды? Өйткені мен осы өңірде кәсіп жүргіземін, бұл – бизнестегі қалыпты, саламатты бәсекелестік", – деді сонда Асқар Садықов.

Белгілі болғанындай, "Сауқайың" ЖШС сауықтыру процесінен өткен екен, оның барлық активтеріне түгендеу жүргізілген. Соның барысында оның атқарушы директоры Садықовтың өзі екені анықталған. Оны кейін депутат мойындады.

Білтабанов ауылдық округінің және Қобда аудандық жер қатынастары бөлімінің өкілдері сотта Чужановтың жерге қатысты барлық құжаттары заңды рәсімделгенін растады. Кәсіпкерлер палатасының аудандық бөлімі "Сауқайыңның" бөтеннің жерінде мал жаюға құқығы жоқтығын атап өтті. Қарсыластарын депутаттың сөзбен болса да қолдағанына қарамастан, фермер Чужанов сотта жеңіп шыққан.

Бір жарым жылға жетпей, мандатынан және депутаттық жоғары жалақысынан айрылып қалғанымен, Асқар Садықов кедейшілік құрығына түспейтін көрінеді.

Ulysmedia бір ай бұрын "жарлы-жақыбайы жоқ қазіргі Парламенттегі" депутаттардың меншігінде не барын зерделей келе, "желідегілер Асқар Садықовтың есімін Ақтөбедегі Royal Hotel қонақ үйімен байланыстыратынын" жазды. Бизнесті оның жұбайы Қалауша Садықова басқарады. 2017 жылы ресейлік "Иванушки International" тобының мүшесі Андрей Григорьев-Апполонов сол қонақүйге түсіп, қызмет деңгейін қатты сынады: розеткаларының, тіпті тоңазытқышының жұмыс істемейтінін бетіне салық қылды. Бұған қорланған жергілікті тұрғындар қонақүй мен Садықовтар отбасына шүйлікті.

Контрагенттер туралы ақпарат ұсынатын Statsnet сервисі Асқар Аманбайұлы Садықовтың жеке меншігінде ақтөбелік "АСD PROPERTIES" ЖШС барын мәлім етті. Егер кәсіпкер Мәжіліс депутаты болып сайланса, барлық бизнесін өзгенің басқаруына тапсырады. Компания кәсіби, ғылыми және техникалық қызметтер көрсетумен айналысқан. Ұлттық басқарушы холдинг үшін бухгалтерлік, салықтық есеп және қазынашылық операциялар қызметтерін көрсетіпті.

Сондай-ақ, Ақтөбе облысындағы "Сауқайың" шаруа қожалығына қатысы туралы әлгінде айтылды.

"Статснет" мемкірістер органдарына сілтеме жасап, Қалауша Садықованың меншігінде "CAR CITY" (КАР СИТИ) ЖШС тіркелгенін көрсетті. Жергілікті тұрғындар оның автобөлшектер мен автотауарларды көтерме және бөлшек сататын базар екенін айтады.

Statsnet дерегінше, Қалауша Садықованың 2020 жылғы ресми табысы 217,5 миллион теңгеден асқан. Оның бір бөлігін квазимемлекеттік сектор ұйымдарымен контрактіден тауыпты.

2016 жылы тіркелген, Ақтөбе қаласының элиталы "Астана" ауданында орналасқан "Атамекен балабақшасы" ЖШС-нің басшысы да Қ.Садықова екені көрсетілген. Балабақша кешенінің жылдық бағалаулық түсімі 2022 жылы 1 063 188 105 теңге болған екен. Былтырғы жыл қорытындысында 312 миллион теңгеге дейін төмендеген.

Айтпақшы, қазақстандық жастарға мәжілісменнің қызы Данель Садықованың есімі жақсы таныс, ол – Dequine сахналық есімімен танылған әнші. Оның "Фемида", "На Западе", "Жива", Labum, "Матча чай" әндері кең танылған.

Ақтөбе облысының тумасы, 55 жасар Асқар Садықов 2013 жылдан бері "Ақ жолдың" депутаттық фракциясының мүшесі болған. 10 жыл бойы партияның Ақтөбе облыстық филиалына төрағалық етті.

Былтырғы наурызда партия атынан Мәжіліс депутаты болып сайланған соң, Садықов депутаттық мінберден түрлі тақырыптарда депутаттық сауалдар жолдап, өткір мәлімдемелер жасады. Оның депсауалдарының бірі былыққа батқан Air Astana әуекомпаниясын және оның басшысын сынауға бағытталды. Экс-мәжілісмен сонда Қазақстанның  билігі төл ұлттық тасымалдаушысын бақыламайтынын ашық айтты. Өйткені оның мәліметінше, Air Astana мен FlyArystan-ға тиесілі ұшақтар Қазақстанда емес, Ирландияда тіркелген. Бұл – Қазақстанның ұлттық экономикалық мүдделеріне қайшы келеді.

Биылғы көктемде Садықов елдегі алкоголь ішімдіктері өндірісін "ескі Қазақстанның" тұлғалары астына басып алғанын мәлімдеді. Сондай-ақ өзі бизнеске қатысы болғандықтан, кәсіпкерлердің құқығын қорғауға, оларға арзан заем беруге бағытталған біраз сауал жолдады. Қазақстан теміржолындағы былықтар, контейнерлер тапшылығына қатысты проблемаларды көтерді.

Мандатынан мерзімінен бұрын айрылуының себебіне қатысты Асқар Садықовтың өзі толыққанды түсініктеме берген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу