Марал бизнесінің генетикасы жақсартылады

12537

Шығыс Қазақстанда марал басын екі есеге өсіруге мүмкіндік беретін ғылыми тәжірибе қолға алынды.

Марал бизнесінің генетикасы жақсартылады

Селекционер-ғалымдар бұғы мен марал басын көбейтуге күш салып отыр. Бұл марал өсіру шаруашылықтарының табыстылығын, өнімділігін жоғарылату үшін қажет. Тәжірибеге ШҚО кәсіпкерлер палатасы мен Шығыс-Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты 2 млн теңге қаражат бөлді.

Марал өсіру Шығыс Қазақстан облысының өзіндік кәсібіне айналды. Егер тарихқа шолу жасасақ, бұл сала өңірде 1,5 ғасыр бұрын басталған. Ол кезде марал саны 3 мың бастан жоғары болатын. Марал өсіру үлкен табыс әкелетін, ал 1920 жылдары ШҚО Қатон-Қарағай ауданында алғашқы марал өсіру кеңшары ұйымдастырылды, он жылдан соң Приморье өлкесінен шұбар бұғы әкелінді.

Қазіргі кезде өңірдегі марал өсіру саласы дағдарысты бастан кешіп отыр. Егер бұрын экспортқа шығарылатын өнімнің бағасын мемлекет бақылап, мүйіздің келісі әлемдік нарықта 1000-1500 доллардан сатылса, 1990 жылдардан бастап олардың ішкі нарықтағы бағасы 100 долларға дейін түсті.

"Біздің мүйізден алынған өнімді негізінен Оңтүстік Корея тұтынады", – дейді Шығыс-Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты бас директорының орынбасары Нұрлан Тоқтаров. "Корея фирмаларының бірнешеуінде ғана импорт алуға лицензиясы бар және олар бүкіл нарықты өз ішінде бөліп алды. Марал шаруашылығының өнімін оларға алыпсатарлар жеткізеді, олардың да өз ішінде келісімдері бар. Мүйіздің келісі 160-170 доллар болғанда ғана сала табысқа кенеледі, алайда алыпсатарлар 100 долларға дейінгі бағаны белгілеген. Бір кездері олар біздің шаруашылықтарымыздың қаусап, ауылдық жерде несие алу қиындықтарын пайдаланды. Алыпсатарлар біздің марал өсірушілерімізге көктемде келіп, әрқайсысымен бөлек шарт жасасқан, ал күзде келіп, өз бағасын қойған", – дейді ол. Сол кездері марал өсіру шаруашылығы жұтап қалған болатын, көптеген адам жұмысын тоқтатты. Тек бизнеспен шынайы айналысып жүргендер ғана қалды.

Екі жыл бұрын ШҚО-ның марал өсірушілері бір қауымдастыққа бірікті, бірыңғай баға саясатын жүргізуге, өз мүдделерін қорғауға мүмкіндік алды. Нәтижесінде өткен жылдың күзінде Шығыс Қазақстанда мүйіздің құны 250-300 долларға дейін қымбаттады. Келесі қадам ретінде марал өсірушілер шаруашылыққа ғылымды тартамыз деп шешті.

Тұрлан Тоқтаровтың ақпаратына сүйенсек, әлемде марал басы ең көп мемлекет – Жаңа Зеландия, онда бұл жануардың саны миллионға жуықтайды. Олар қорада өсіріледі, ал Шығыс Қазақстанда марал, негізінен, жабайы табиғатта мекендейді. Сол Жаңа Зеландия жылына 300 тонна мүйіз өндірсе, біздің елімізде 15 тоннадан аспайды.

Мүйізді сатып алушылар қазір олардың биологиялық ерекшеліктеріне емес, бірінші кезекте, бағасына көңіл бөледі дейді ҒЗИ. Жаңа Зеландияда мүйіздің орташа салмағы 15 келіге дейін жетеді, ал Шығыс Қазақстанда әрі кеткенде 5-6 келі болады. Табыстың төмендігінен облыстың марал өсіруші шаруашылықтары даму, техникасын, ғимарат жаңарту, жем-шөп алу мүмкіндігін жоғалтты. Өңірдегі марал өсіретін жерлер шағын, бір-бірінен алшақ орналасқан. Далада еркін жүрген жануарлардың будандасқанын бақылау мүмкін емес.

"Шаруашылықтар маралды Алтай Республикасынан алдыртты, алайда бұл үлкен өзгеріс әкелмеді. Маралдардың төлдеу деңгейі төмен – 100 ұрғашы маралға 35-38 төлден түседі, ал жануарлардың қырылу пайызы жоғары. Сондықтан саланың өнімділігін ұлғайту қажеттілігі туындады. Шығыс-Қазақстан ауыл шаруашылығы ҒЗИ Қытай сияқты донорлық арқылы жануар санын көбейтуді көздеп отыр. ШҚО-ға әлемнің үздік марал өсірушісінің бірі Чжан Шао Мин шақырылды. 2016 жылдың көктемінде бұл әдіс өңір шаруашылықтарында қолданылды, нәтиже тек осы жылдың жазында белгілі болады. ҒЗИ 2-3 жылдан кейін жануар басының көбеюін күтеді. ШҚО Кәсіпкерлер палатасының қолдауымен Чжан Шао Мин жергілікті марал өсірушілер үшін оқыту курстарын өткізді", – дейді Нұрлан Тоқтаров.

Денсаулыққа пайдалы

Облыс басшылығының бастамасымен Шығыс Қазақстанда сауықтыру туризмін дамытуға арналған арнайы бағдарлама іске асырылады. Ақсу ауылында "Ақсу-Дэен" зауытында мүйіз, бал және шипалы шөптер негізінде 32 дәрі-дәрмек түрі шығарылады. Зауыт сыртқы нарыққа шығарылмай қалған жарамсыз шикізаттың негізгі бөлігін қайта өңдейді.

Сарапшылардың бағалауынша, бұл мекеме жақын болашақта Шығыс Қазақстанның жетекші саласына айналуы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу