Мәслихат сайлауына әр партия 210 миллион теңгеге дейін жұмсайды

1704

Биыл мәслихаттар институты 30 жылдық мерейтойын атап өтпек. Тұтастай алғанда, биыл жаңадан қалыптасатын 223 мәслихаттың 3415 депутаты сайлануға тиіс.

Мәслихат сайлауына әр партия 210 миллион теңгеге дейін жұмсайды Фото: yandex.kz

Тәуелсіздікпен бірге толысып, билік буындарымен берік, ел-жұртпен етене қызмет атқарып келе жатқан мәслихаттар 2023 жылы мерейтойлық биік белеске көтеріледі: республикада бұл институттың құрылғанына 30 жыл толғалы тұр. 1993 жылы 9 желтоқсанда қабылданған "Қазақстан Республикасының жергілікті өкілді және атқарушы органдары туралы" жаңа заң өңірлік "парламенттеріміздің" негізін қалады. Заңға сәйкес, 1994 жылдың наурызынан бастап, КСРО кезінен бері келе жатқан жергілікті өзін-өзі басқару органы – облыстық, қалалық, аудандық кеңестердің орнын жаңа құрылған өкілді органдар, яғни мәслихаттар басты.

"1994 жылы елімізде жергілікті меморгандардың жүйесін реформалау үдерісі басталып, Конституцияға сәйкес билікті бөлу тұжырымдамасы қабылданды. Соның негізінде жергілікті өзін-өзі басқарудың және оны одан әрі дамытудың құқықтық негіздері қаланды. Алғашқы мәслихаттар сайлауы 1994 жылы 7 наурызда өткізіліп, Қазақстанның қалыптасуында ерекше рөл атқарған жергілікті өкілді билік органдары – әр деңгейдегі мәслихаттар өмірге келді. Осы кезден бастап олар заң шеңберінде жергілікті халықтың еркіндігі мен ерікті іс-әрекет етуін қамтамасыз ететін мемлекеттік орган өкілеттігіне ие болды. Қоғамды демократияландыруға, халық пен билік арасындағы байланысты нығайтуға, азаматтардың тұрмыс деңгейін жақсартуға бағытталған экономикалық және саяси реформаларды жүзеге асыруға араласты", – деді Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Қылышбай Бисенов.

Азаттықтың алғашқы жылдарынан бері жергілікті мәслихаттар өңірлік экономикаларды әртараптандыруға, аймақтарды жаңаша даму жолына түсіре отырып, ел дамуының жаңа бағыттарын айқындауға белсенді атсалысты. Сессияларында ауыл-аймақты өркендетудің жоспарларын, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын, бюджеттері мен оған енгізілген түзетулерді бекітіп, орындалуын бақылады. Өз құзіреті шегінде өзге де өкілеттіктерді абыроймен атқара білді.

Ел Конституциясына 2007 жылы еңгізілген өзгерістер аясында мәслихаттарға партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің ұсынысымен аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының құрамын сайлауға байланысты қосымша өкілеттіліктер берілді. Мәслихаттардың өкілеттік мерзімдері 4 жылдан 5 жылға ұзартылып, жергілікті атқарушы органдар басшыларының есебін қарау, әкімдерді тағайындау мәслихаттардың келісімімен жүзеге асатын болды. Конституциялық реформа барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауында көппартиялық жүйенің дамуына жол ашты: Мәжіліс сияқты олардың да депутаттары партиялық тізіммен іріктеле бастады. Нәтижесінде жеңіске жеткен партия мүшелерінен тұратын жаңа үлгідегі мәслихаттар өмірге келді.

Дегенмен, тәжірибе көрсеткендей, 2018 жылдан бастап мәслихат депутаттарын толығымен партиялық тізіммен сайлауға көшу тетігінің кемшін тұстары анықталды. Партияда жоқ азаматтар Мәжіліске ғана емес, жергілікті өкілді органдарға да сайлана алмайтын болды. Салдарынан халықтың сайлау науқанына қызығушылығы күрт төмендеді. Сайлауды керек қылмайтын адамдардың қатары көбейді. Олар өздерінің дауысы маңызды екеніне, ел өмірін жақсартуға ықпал ете алатынына сенбейтін болды. Жергілікті тұрғындар өз депутаттарын аса тани бермейді, кім екенін де білмейді. Осындай жағымсыз жайттарды ескере отырып, қаңтар оқиғаларынан кейін, 2022 жылғы 16 наурыздағы жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихаттарға қатысты да аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынды.

Сонда барлық азаматтардың құқығы ескеріледі. Мәслихаттарда партиялардың өкілдері де, тәуелсіз депутаттар да болады. Жергілікті депутаттар өз округінің шекарасы аясында әр үйге бас сұғып, тұрғындармен жеке кездесіп, енді жергілікті өкілді органда солардың мүддесі мен талап-тілегін өзі ілгерілетуге дербес жауапкершілік арқалауға дайын екенін түсіндіреді.

Кім мәслихат депутаты бола алады?

Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петровтың мәліметінше, бүгінде 2023 жылғы 19 наурызда мәслихаттар депутаттарын сайлауды дайындау және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарлары дайын.

"Президенттің саяси жаңғыруға бағытталған бастамаларына, былтыр Конституцияға және сайлау заңнамасына енгізілген жаңа нормаларға сәйкес, облыстардың және үш мегаполистің мәслихаттарының барлық депутаттарыың 50%-ы мажоритарлық жүйе бойынша, қалған 50%-ы – партиялық тізімдер бойынша сайланады. Ал аудандар мен қалалардың мәслихаттары толығымен мажоритарлық жүйе бойынша сайланатын болады. Яғни, бұлар бір мандаттылар болады. Тұтастай алғанда, алдағы сайлауда 223 мәслихаттың 3415 депутаты сайлануға тиіс", – деді К.Петров.

Оның түсіндіруінше, мәслихат депутаттығына 20 жасқа толған Қазақстанның азаматы кандидат бола алады.

Сотталғандығы белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алып тасталмаған; сыбайлас жемқорлық қылмыс және коррупциялық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған адам үміткер ретінде тіркеле алмайды.

Күнтізбелік жоспарға сәйкес кандидаттарды ұсыну кезеңі сайлауды тағайындау туралы жарлық жарияланған күні басталып, сайлауға отыз күн қалғанда жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады: яғни, мәслихат депутаты болғысы келетіндер 8 ақпанға дейін қоғамдық ұйым, партия атынан, не өзін өзі ұсынып үлгеруі шарт.

Кандидаттардың заң талаптарына лайықтылығы 18 ақпанға дейін тексеріліп, сол күні оларды тіркеу аяқталады.

Сайлау алдындағы үгiт кандидаттар тiркелген мерзімі аяқталған кезден басталып, сайлау болатын күннің алдындағы күнгi жергілiктi уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады: яғни, 18 ақпан күнгі сағат 18.00-ден 18 наурыз күні сағат 00.00-ге дейін.

Осылайша, мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы ол тағайындалған күннен дауыс беру күніне дейін 59 күнге созылады.

"Партиялық тізімдер бойынша облыстық мәслихат депутаттарының жартысы ғана сайланады. Үміткерлерді партиялық тізімге енгізу үшін партияның тиісті филиалының жоғары басшы органының мүшелері оларды көпшілік дауыспен мақұлдауы керек. Партиялық тізімге енгізілген кандидаттардың Конституцияда және конституциялық заңда белгіленген талаптарға сәйкестігін тиісті аумақтық, яғни облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың сайлау комиссиясы тексереді", – деді Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавқат Өтемісов.

Құжаттарды қарағаннан кейін сайлау комиссиялары партиялық тізімді тіркеу, тіркеуден бас тарту немесе партиялық тізімге енгізілген белгілі бір адамды алып тастау туралы шешім қабылдайды. Бір мандатты округ бойынша да тіркеу, тіркеуден бас тарту туралы шешім қабылданады.

Бұл ретте партиялар өз филиалдары бар облыстарда ғана мәслихат депутаттарын ұсына алады. Нәтижесінде, ОСҚ қаулыларына сай, "AMANAT" партиясы, "Ақ жол" Қазақстанның демократиялық партиясы, "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, Қазақстан халық партиясы барлық 20 өңірде мәслихат депутаттарының додасына өз өкілдерін ұсына алады. Ал Ортсайлаукомның 27 ақпандағы қаулысына сәйкес, "Байтақ" жасылдар партиясы Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында, Алматы, Шымкент және Астана қалаларында, "Respublica" партиясы өз филиалдары құрылған 19 облыста (Атырау облысынан басқа) мәслихаттар депутаттарын сайлауға жіберілді.

Депутаттық додаға түсу қанша шығынды қажет етеді?

Мәслихат депутаттығына кандидат тіркелгенге және талаптарға сәйкестігі тексерілгенге дейін депозит ретінде жергілікті атқарушы органдардың шотына 5 ЕТЖ мөлшерінде сайлау жарнасын енгізеді. Қазақстанда бір ең төменгі жалақы 70 мың теңгеге тең, тиісінше 5 ЕТЖ 350 000 теңге болады. Бұл қаржы кандидат жеңіп шықса немесе сайлаушыларының 5 пайыз даусын жиса ғана қайтарылады.

Өз кезегінде мемлекет республикалық бюджет қаражатынан әр кандидаттардың сайлау алдындағы үгітіне арналған шығыстардың бір бөлігін қаржыландырылады. Қалғанына үміткер Сайлау қорын құрып, содан шығын шығаруы қажет.

Ортсайлауком дерегінше, мәслихат сайлауына өз үміткерлерін қосатын партияның сайлау қорының жалпы мөлшері 3 мың ЕТЖ-ге, яғни 210 миллион теңгеге дейін бара алады. Оның ішінде:

  • Партиялардың жеке қаражаты – 1000 ЕТЖ немесе 70 млн теңге;
  • Ерікті қайырмалдықтар, демеушілер, меценаттар қаржысы – 2000 ЕТЖ немесе 140 млн теңге. Бұл ретте партияларға 1 жеке тұлғадан – 50 ЕТЖ немесе 3,5 млн теңгеден аспайтын, ал компания, фирма және басқа заңды тұлғалардың әрқайсысынан –250 ЕТЖ немесе 17,5 млн теңгеден аспайтын сома алуына ғана рұқсат етілген.

Бір мандатты округтер бойынша сайланатын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттары депутаттығына кандидаттың Сайлау қорының жалпы мөлшері – 300 ЕТЖ немесе 21 млн теңгеге дейін барады. Соның ішінде:

  • Кандидаттың жеке қаражаты – 100 ЕТЖ немесе 7 млн теңге;
  • Ерікті қайырмалдықтар – 200 ЕТЖ немесе 14 млн теңге. 1 жеке тұлғадан алатыны – 10 ЕТЖ немесе 700 мың теңгеден, 1 заңды тұлғадан – 25 ЕТЖ немесе 1 млн 750 мың теңгеден аспауға тиіс.

Бір мандатты округтер бойынша сайланатын аудандар мен қалалар мәслихаттарының депутаттығына кандидаттың Сайлау қорының жалпы мөлшері – 150 ЕТЖ немесе 10,5 млн теңге. Осы сома:

  • Кандидаттың жеке қаражатынан: 50 ЕТЖ немесе 3,5 млн теңге;
  • Ерікті қайырмалдықтардан тұрады: 100 ЕТЖ немесе 7 млн теңге. Соңғысында 1 жеке тұлғадан 5 ЕТЖ не 350 мың, 1 заңды тұлғадан 15 ЕТЖ не 1 млн 50 мың теңгеден артық қабылдауға болмайды.

Атап өтетін жайт, Парламент депутаттарынан айырмашылығы, мәслихат депутаттары мемлекеттен жалақы алмайды. Бұл қоғамдық жұмыс. Сондықтан оларға депутаттық сыртында өзге қызметтерді қатар атқаруға рұқсат етіледі. Мәжіліс депутаттарынан тағы бір ерекшелігі, мәслихат депутаттарынан бизнесін басқаға тапсыру талап етілмейді. Сондықтан жергілікті мәслихаттарда депутат болуға байлық жиған, енді атақ пен абырой жиғысы келетін кәсіпкерлер көп кездеседі.

Отыз жылдық мерейтойлық межеге жеткен мәслихаттар институты конституциялық реформа аясында жаңарғалы тұр. Елді саяси жаңғырту, демократияны дамыту, ел ауқатын арттыру бағытында Президент қойған мақсат-міндеттерді іске асыруда да мәслихат депутаттарының жауапкершілігі жоғары болмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу