"Мемлекет 23 млн кредитімді кешірді. Енді екіншісін жауып берсін!"

16550

Бұған дейін несие рақымшылығының игілігін көрген адамдар тағы дәндеп отыр ма?

"Мемлекет 23 млн кредитімді кешірді. Енді екіншісін жауып берсін!"

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таралған "Үкімет ипотека қарыздары бойынша кредиттік рақымшылық жариялапты" деген ақпарат елді елеңдетіп тастады. Әрине, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл жаңалықтың жалған, фейк екенін мәлімдеді. Бірақ биліктің өз ұстанымын жиі өзгертетінін білетін халық бәрібір түрлі меморгандарға, әкімдіктерге хат жазып, тұрғын үй және басқа қарыздарын кешіруді сұрап, өтініш жазуда.

Айта кету керек, бұған дейін мемлекет қиын жағдайда қалған, сондай-ақ түрлі наразылық шараларын өткізген адамдардың берешектерін есептен шығаруға көмектесіпті.

Қаржылық реттеушінің мәліметінше, 2007-2008 жылдардағы әлемдік қаржы дағдарысынан, сондай-ақ ұлттық валюта девальвациясынан барынша зардап шеккен ипотекалық қарыз алушылардың жекелеген санатына көмек көрсету үшін агенттік 2015 жылдан бері "Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасын" іске асыруда.

"2004-2009 жылдары ипотекалық қарыз алған, сондай-ақ 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін валюталық ипотека алған жеке тұлғаларға қаржылық қолдау көрсетіледі. Бағдарламадағы көмек шаралары жалғыз баспанасы бар қарыз алушылар мен "халықтың әлеуметтік осал топтары" (ХӘОТ) санатындағы борышкерлер үшін пайыздық ставканы 3%-ға дейін төмендетуді көздейді. Қалған валюталық ипотекалық қарыз алушылар үшін пайыздық мөлшерлеме 12%-дан аспайды. Бұдан басқа, бағдарлама шеңберінде сыйақы, айыпақы, өсімпұл, айыппұлдар және комиссиялар бойынша мерзімі өткен берешек есептен шығарылды", – деп түсіндірді Қаржылық реттеу агенттігі.

Сондай-ақ кезінде кредитті доллармен алғандардың валюталық ипотекасының берешегін Ұлттық банк 2015 жылғы 18 тамыздағы бағам бойынша, яғни 1 АҚШ доллары үшін 188,35 теңге бағаммен конвертациялап, несиелерін азайтып берді.

Бұған қоса, 2020 жылғы қаңтардан бастап, ХӘОТ-қа жататындардың ипотекалық қарызы бойынша қосымша көмек шаралары қолға алынды.

"Мұндай қарыз алушыларға қолдауды банктер олардың қаржылық және әлеуметтік жағдайын жан-жақты талдау негізінде жеке-жеке тәртіппен көрсетеді. Талдау нәтижелерінен кейін банктер қарыз бойынша берешекті төмендетеді және 20 000 теңге мөлшеріндегі ай сайынғы төлем түрінде жеңілдікті кесте белгілеу туралы шешім қабылдайды. Қарыз алушылардың бұл санатына қолдау көрсету 2021 жылдың соңында аяқталады", – деп хабарлады Мәдина Әбілқасымова басқаратын ведомство. Яғни мемлекет хал-қадари қолдау көрсетуде.

ХӘОТ болса, қарызын өтемеуі керек пе?

Ал ипотекашылар биліктен барлық қарызын кешіріп, жоюды талап етуде. Өтініш білдірушілердің бірі, алматылық Әсем Шалабаева кезінде, 2007 жылы "Халық банкінен" қаптатып несиелер алыпты. Артынша оны төлеуді тоқтатқан, "проблемалы заемшы" атанған.

"Менде екі кредит болған: біріншісінен 23 миллион, екіншісінен 17 миллион теңге қарыз алдым. Екеуін де мемлекет қайта қаржыландырып берді. Екі жыл бойы кредиттерімнің 2-1 бағдарламасы бойынша есептен шығарылуын табанды сұрап келдім. Бірақ банктің тек біреуін – 23 миллион теңгелік кредитімді есептен шығаруына қол жеткізе алдым. Ол кепілмен бекітілген несие болатын. Банк қосымша келісіммен оның кепілзатын 17 миллион теңгелік екінші кредитіме көшірді", – деп әңгімеледі арыз иесі.

Оның атында төл баспанасы, жылжымайтын мүлкі жоқ екен. Банкке кепілді "гаранттар", үшінші тұлғалар беріпті. Олардың кім екенін айтып жатпады. Өзі әкімдіктің жекешелендірілмейтін "әлеуметтік үйінде" тұрып жатыр.

"21 жасар қызым бар, ол Франция бюджеті есебінен оқып жатыр. Бірақ тұратын баспанасының және ішетін тамағының ақысын өзі төлеуі керек. Қызым бұған дейін Санкт-Петербургтегі СПбГУ университетінде Ресейдің федералдық бюджеті есебінен оқыды. Университет оған стипендия төледі. Яғни қызым менен де, мемлекеттен де ақша сұраған емес. Қазіргі кезде күндізгі бөлімде, шетелде магистратурада оқиды және қосымша жұмыс істейді. Менің ешқандай табысым жоқ. Айтпағым, жатақханасына және тамағына төлеу үшін оған оқуымен қатар жұмыс істеуге тура келуде. Ал "Халық банктегілер" қызыңыз табыс табатын болса, кредитіңізді сол төлесін дейді. Мен болсам, оларға ХӘОТ-қа жататынымды айтамын: табысым жоқ, жалғызбасты анамын, қызым университетте күндізгі бөлімде оқиды", – дейді Әсем.

Ол мойнында қалған 17 миллион теңге қарызын төлемейтінін ашық айтты. Себебі – "төлей алмаймын".

"Қалған кредитімді төлеуге қауқарым жоқ. Сондықтан мемлекеттен 17 млн теңге сомасындағы екінші кредитімді де 2-1 мембағдарламасы аясында жүз пайыз есептен шығаруды сұрап отырмын. Банк әзірге оған келіспеуде. Қаржылық реттеушіге өтініш беріп қойдым", – деді ол.

Бұл жерде әңгіме Ұлттық банк басқармасының 2015 жылғы 24 сәуірдегі №69 қаулысымен бекітілген, 2018 жылы өзгеріс енгізілген "Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын/ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы" жайында болып отыр.

"Рақымшылық бір рет өткізілді, сол жеткілікті"

Бұл мәселе бойынша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Алматы қаласындағы Өңірлік өкілдер басқармасының бастығы Алмат Өміржанов түсініктеме берді. Оның мәліметінше, аталған адамға мембағдарламаның 2-1 тармағы бойынша қосымша көмек көрсету мәселесі Ипотеканы қайта қаржыландырудан банктердің бас тартуына қатысты заемшылардың шағымдарын қарау жөніндегі комиссияның отырысында қаралыпты.

"Ол кісі ХӘОТ санатына жатады. Бұл ретте бағдарламаның әлеуметтік бағдарланғанын ескере отырып, "Қазақстан Халық жинақ банкі" АҚ-ына бағдарламаның 2-1 тарауы аясында бұл адамның заемы бойынша қосымша көмек көрсету мүмкіндігін қарастыруға ұсыныс беру туралы шешім қабылданды", – деді Алмат Өміржанов.

Экономист Олжас Құдайбергенов таяуда WhatsApp топтардың бірінен "елде кредиттік рақымшылық жүргізіліп жатқаны" туралы хабар алғанын айтады.

"Сонда оған назар аудармап едім. Бұл қауесетке сенетіндер шамалы шығар дедім де қойдым. Алайда бірнеше күн ішінде фейк жөнелтілім халықтың үлкен бөлігіне таралып үлгеріпті. Олардың ішінде сеніп қалғандары тіпті Қаржылық реттеу агенттігінің кеңсесі алдында жиналып, несиелерін жоюды талап еткен. Кредиттік амнистия 2019 жылы болды. Бір рет жүргізу – жеткілікті. Оны қайталап өткізсе, билік несиесін адал өтеп отырған азаматтардың ынта-мотивациясын жойып тынады. Тағы да қарыз кешірсе, бүкіл қаржылық жүйеге жойқын соққы болады", – дейді экономист.

Ол қазақстандықтарға әлеуметтік желіден не мессенджерлерден "кредиттік рақымшылық туралы" хабарлама түссе, оны бірден фейкке жатқызуға кеңес береді. 

"Ал қиын жағдайда қалған, берешекке батқан адамдар әзірге былай жасауына болады. Банктің өзіне және Қаржылық реттеу агенттігіне кредитіне қатысты өтініш жазғаны жөн, олар әрі қарай әр шағымды жеке қарап, бөлек шешім қабылдайды. Банк несие пайыздарын, тіпті қарыздың бір бөлігін немесе оны толығымен есептен шығаруға ұйғаруы мүмкін. Банктердің табатын табысы бұған мүмкіндік береді. Оның өзінде адамның басындағы жағдайы тым ауыр болса ғана, кредитін кешіруі ықтимал. Ахуалы сонша ауыр болмаса, төлеуді кейінге қалдыру, жеңілдетіп бөліп төлеу ұсынылады. Алайда бұл шешім де банктің жағдайына байланысты", – деді Олжас Құдайбергенов.

Ол 2010 жылға дейін рәсімделген теңгелік тұрғын үй заемдары, сондай-ақ 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін рәсімделген валюталық ипотекалар бойынша қайта қаржыландыру бағдарламасы жұмыс істеп тұрғанына назар аудартты.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу