Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі бизнес ахуалды жақсарту үшін "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Үкіметке 6 тапсырма берді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Оның пікірінше, біріншіден, Қазақстанға жаңа реттеу саясаты қажет.
"Қатаң реттеуден бизнестің іскерлік белсенділігін ынталандыруға, өзін-өзі реттеуге, сондай-ақ smart regulation-ға ауысу межесі тұр. Менің тапсырмам бойынша Мәжіліске "таза парақтан" реттеуді енгізу бойынша заң жобасы жіберілді", - Мемлекет басшысы онлайн форматта өтіп жатқан "Атамекен" ҰКП-ның VIII съезінде.
Негізгі жаңашылдық "one in two out" приниципінде, яғни 2 ескі талап жойылып, орнына жаңа 1 талап енгізіледі, шектен тыс реттеуге жол бермеу үшін түпкілікті міндетті талаптардың тізілімін жасау, реттеушілік апелляция институты, яғни кәсіпкерлердің шағымдары бойынша тиімсіз талаптарды соттан тыс қайта қарау механизмін енгізу; жаңа реттеушілік механимздерді байқап көру үшін эксперименттік құқықтық режим құралын енгізу көзделеді.
Президент аталған заң жобасын жылдың аяғына дейін қабылдау керегін атап өтті. Бұл жұмысты Үкіметке Ұлттық кәсіпкерлік палатасымен тығыз ынтымақтастықта дайындау ұсынылды.
Екіншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев заманауи кәсіпкерлік экожүйені құру керегін атап өтті.
"Бұл Үкімет пен "Атамекеннің" пандемиядан кейінгі кезеңде бірлескен негізгі басым бағыты болуы тиіс. Бизнесті тікелей қолдаудан кетіп, кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігі, тиімділігі мен өнімділігінде сапалы өзгерістерді ынталандыруға ауысу керек. Осылай ғана біз өңірде және ішкі нарықта бәсекеге қабілетті бола аламыз. Үкімет "Атамекенмен" бірлесіп, бизнесті тікелей, бағытсыз қолдау мен субсидиялаудан неғұрлым нарықтық құралдар мен тәсілдерге көшуді көздейтін шағын және орта бизнесті дамытудың жаңа стратегиясын әзірлеуі керек", - деді Мемлекет басшысы.
Ол шағын және орта бизнес (ШОБ) саны өскенімен орта компаниялар үлесінің төмендігі проблема екенін жеткізді.
"Дәл орта компаниялар неғұрлым тұрақты және бәсекеге қабілетті болады. Осыған байланысты шағын бизнесті орта санатқа ауыстыру үшін жаңа реттеуші және ынталандырушы шаралар қажет. Үкіметке "Атамекенмен" бірлесіп, 2021 жылдың соңына дейін ШОБ-ты дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабылдауды тапсырамын", - деді Тоқаев.
Үшіншіден, Мемлекет басшысы қазақстандық қамтудың үлесін арттыру экономикалық саясаттың басым бағыты екенін айтты.
"Өкінішке қарай ірі операторлардың сатып алуында отандық тауарлар көлемі өспей тұр. Өндірісті орнықтыру (локализация) үшін үкімет импорттық жабдықтар мен компоненттердің маңызды түрлерінің тізімін жасады. Бұл жұмыс әрбір ірі мұнай-газ жобасы бойынша жүргізілді және шетелдік серіктестер біздің саясатымызға түсіністікпен қарап, қолдау көрсететінін атап өткен жөн", - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, отандық бизнес тек мемлекеттің қолдауына сенім артпауы керек.
"Осы игі бастамаларды қағаз жүзінде қалдырмау үшін ұлттық палата Үкіметпен бірлесіп, жаңа өнім шығаруды игеруге қабілетті отандық өндірушілердің пулын анықтауы тиіс. Үкімет бұл мәселені инвесторлармен пысықтауға көмектеседі. Елді одан әрі индустрияландырудың маңызды міндеттерінің бірі отандық өнім өндіретін кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету болып саналады. Менің тапсырмам бойынша жыл соңына дейін осы байырғы проблеманы жүйелі шешуге бағытталған "Өнеркәсіптік саясат туралы" заң қабылданады. Үкімет бұл мәселені реттеудің жедел тәсілдерін ұсынды", - деді Мемлекет басшысы.
Төртіншіден, ол микро және шағын бизнес үшін жүктеме төмендейтінін жеткізді.
"Бизнестің өтініштері негізінде 2023 жылдан бастап еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлемді енгізу туралы шешім қабылдадым. Микро және шағын бизнес үшін жалпы жүктеме 34%-дан 25%-ға дейін төмендейді. Енді өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жеке кәсіпкерлер (ИП) арасында осындай механизмді қолдану мүмкіндігін қарастыру қажет. Біз салықтық әкімшілендіруді оңайлатуға және барлық салық пен бюджеттен тыс төлемдерді қамтитын кәсіпкерлік қызметтен алынатын бірыңғай төлемді төлеуге мүмкіндік беруге тиіспіз. Бұл бизнестің сұр аймақтан шығуын ынталандырады", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Үкіметке "Атамекенмен" бірлесіп, қолданыстағы арнайы салық режимдерін жетілдіру жөнінде егжей-тегжей жұмыс жүргізуді тапсырды.
Бесіншіден, Тоқаев мемлекеттің бизнеспен өзара қарым-қатынасына цифрлық шешімдерді белсенді енгізу маңызды екенін жеткізді.
"1 шілдеден бастап "Атамекен" business information services контрагенттерінің салық төлеушілеріне дербес тексеру жүргізу үшін ашық интеграцияланған деректер базасы іске қосылды. Жүйені пайдаланушылар Қазақстанда тіркелген кез келген кәсіпорын туралы ашық, тегін ақпарат ала алады. Бұл бизнеске қаржылық және салықтық тәуекелдерді жоюға, дұрыс басқарушылық шешім қабылдауға көмектеседі", - деді Мемлекет басшысы.
Оның пікірінше, цифрлық дамудың тағы бір маңызды бағыты – жер учаскелері, құрылыстың бас жоспарлары, қолжетімді қуат, коммуникациялар және тағы басқа ақпаратты цифрландыру.
"Оларсыз бизнесті жүргізу мүмкін емес. Бұл мәліметтер құпия, жасырын болып саналады... Негізгі себеп әлі күнге дейін мәселе танымал компаниялардың пайдасына шешіледі. Жерлер мен жеңілдіктер танымал компанияларға беріледі. Осылайша, шағын және орта бизнеске жұмыс істеуге мүмкіндік берілмейді. Үкіметтен осы мәселені цифрландыру жөніндегі комиссияның таяудағы отырысында қарауды сұраймын, әр әкім есеп беруі тиіс. Үкімет тарапынан үйлестіру мен бақылау жасалуы қажет", - деді Тоқаев.
Алтыншыдан, Мемлекет басшысы көміртегі бейтараптығына мәселесіне назар аударды.
"Климаттың өзгеруіне байланысты көптеген мемлекет ғасырдың ортасына қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге бағыт алды. Қазақстан – әлемдегі энергияны көп қажет ететін елдердің бірі. Энергия балансының 70%-ын көмір генерациясы құрайды. Мұнай-газ секторының маңыздылығын ешкімге түсіндірудің қажеті жоқ", - деді Президент.
Ол Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына ұмтылатыны туралы атап өтті.
"Бұл бағыт бізден терең құрылымдық технологиялық және экономикалық өзгерістерді талап ететіні анық. Өзгерістер әр азаматты қамтиды, қайталап айтамын бұл әр азаматқа ортақ болатын мәселе. Осыған байланысты Үкімет халықаралық сарапшылармен бірлесіп, 2060 жылға дейін төмен көміртекті аз пайдалануды дамыту тұжырымдамасы бойынша жұмыс істеп жатыр. Бұл жұмыста бізге отандық бизнестің көзқарасы мен пікірі аса маңызды. Сондықтан палатаны және барлық бизнес-қоғамдастықты осы тұжырымдаманың жобасын әзірлеуге белсенді қатысуға шақырамын", - деп түйіндеді сөзін Қасым Жомарт Тоқаев.