Мемлекет бизнесті қинауын доғармақ

5068

Бизнесті қорғау саласы түбегейлі жаңғырғалы тұр. Мысалы, салықшылардың бизнес нысанына барып, тексеру жүргізуі тарих қойнауына кетпек. Салықтық ынталандыру тетіктерінің тиімділігі артады. Ең бастысы, енді бизнесті қинау және қанау тоқтатылуға тиіс.

Мемлекет бизнесті қинауын доғармақ Фото: akorda.kz

АҚШ-та тұратын кәсіпкер, стартапшы Алан Әбенов бүкіл әлемдегі білікті, дарынды, жігерлі жандар неге төл бизнесін ашу үшін Американы таңдайтынын әңгімеледі.

"Қысқаша айтсақ, кез келген салада бизнес жүргізу үшін қажетті 4 маңызды жайт осы елде шоғырланған. Біріншіден, бұл елдің экономикасында еркін қаражат аста-төк деуге болады. Арзан әрі ұзын кредит алуға мүмкіндік бар. Екіншіден, халықтың сатып алу және төлем қабілеті жоғары. Үшіншіден, бизнеске қолдау түрі көп, Мысалы, кеңсе, баспана жалдап тұрсаң, оны да салықтан шегеріп, төлеміңді жеңілдете аласың. Төртіншіден әрі ең бастысы, Америкадағы корпоративтік құқық және оны қолдану – бүкіл әлемдегі ең қарапайымы әрі түсініктісі. Қазақстандағыдай жылда өзгермейді. Кез келген адам кәсіпкерліктің қалай жұмыс істейтінін, қағидаларын бір рет түсініп алса болғаны, ары қарай еш қиналмай, ісін дөңгелете береді", – дейді жас бизнесмен.

Заңгер, блогер Алекс Максаковтың түсіндіруінше, АҚШ бизнес жүргізуге арналған қолайлы заңнамасы және соған негізделген нақты, орнықты, бірізді құқықтық жүйесі арқылы ұтады.

"Америкада тіпті азаматтығы жоқтарға, шетел азаматтарына бизнес ашу, компанияны тіркеу төтенше жеңіл. Өйткені бар жауапкершілікті адамның өзі арқалайды. Алаяқтық жасаса, ізіне құзырлы органдар түседі. Сонымен бірге біздегідей адал бизнесмендерді күштік құрылымдардың ұдайы бақылауы деген атымен жоқ. Қазақстанда, Ресейде құзырлы ведомстволардың жергілікті өкілдері өңірдегі барлық кәсіпкерді "қалпағының астында" ұстауға, оларды баю мақсатында пайдалануға тырысады. Заңнама, нормативтік-құқықтық актілер соған жол ашады. Алақол тексерушілер, арамза салықшылар салалық заң талаптарының түсініксіздігін, мағынасының екіұштылығын, күрделілігін пайдаланады. Ал Америкада бизнес ашып, салықты уақытылы төлеп тұрсаңыз, алаяқтыққа бармасаңыз, сізді тексеруге ешкім де келмейді", – деді заңгер.

Әділетті Қазақстан адал бизнесті қудалауға толық тыйым салуға ниетті. Мұны таяуда Ақордада ірі бизнес өкілдерімен кездескен Мемлекет басшысы жариялағаны мәлім.  

Бұрынғы билік тұсында тұтас салалар әлдебір инвестордың еншісіне басыбайлы беріліп, өзге бәсекелестерінің бас сұғуына тыйым салынғаны жасырын емес. Мысалы, темекі өндірісі саласын Philip Morris қанжығалады. Құрылыс саласында ірі жобалар BI Group, Базис-А сияқты алпауыттар мен олардың сыбайлас ұйымдары арасында үлестірілді. Автокөлік құрастыру саласына да шетелдік өндірушілердің еркін кіруі шектелді. Мұндай мысалды әр сала мен индустриядан табуға болады.

Сондықтен Қ.Тоқаев Әділетті Қазақстанда экономиканы монополиядан арылту, жаңа нарықтар ашу жұмыстарына баса мән берілетінін нықтады.

"Конкуренция өрісі тегістелетін, теңестірілетін болады: енді қандай да бір тұлғаға дербес басымдық, преференциялар беру деген болмайды. Қазақстанда адал бизнеспен айналысу кез келген адамға тиімді және қауіпсіз болуға тиіс. Мемлекеттік аппараттағы байланыстары мен оның тарапынан жасалатын қамқорлық ештеңе шешпеуі шарт. Бұл – негізгі ұстаным. Біз шағын және орта бизнесті дамытамыз, кәсіпкерлердің жаңа буынын өсіруге, жаңа идеялар мен ой-пікірлерді қолдауға баса маңыз береміз. Сонымен қатар мемлекет ірі, қалыптасқан бизнесті қолдаудан бас тартпайды. Керісінше, біз ең алдымен, сіздерді Әділетті Қазақстан құруға белсене атсалысуға шақырамыз", – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президентінің мәлімдеуінше, мемлекеттің экономикадағы жетекші рөлі, әсіресе мемлекеттің бизнес ісіне араласуы келмеске кетеді. Яғни Жаңа Қазақстанда экономиканы да, бизнесті де мемлекет жетелемейді, мойнына масыл етпейді. Бұл да – аса маңызды бетбұрыс. Мемлекеттің міндеті – заңға бағынатын бизнеске ел ішінде де, халықаралық нарықта да қолдау көрсету, деп нақтылады Қ.Тоқаев.

Ендеше құзырлы органдардың адал бизнеске тізесін батыруы доғарылуға тиіс. Мысалы, Мәжіліс депутаты Альберт Рау жаңа Салық кодексі айналасында қызу пікірталас жүріп жатқанын жеткізді. Президенттің тапсырмасы бойынша 2023 жылы қабылданып, 2024 жылдың басынан күшіне енуі қажет бұл құжат Қазақстандағы бизнесті фискалдық реттеу саласын қайта жүктейді.

"Жуырда кәсіпкер төбе шашты тік тұрғызатын бір оқиғаны баяндады. Компанияда салықтық тексеру 2 ай жүріпті! Ақыр соңында тексеруші еш кінәрат таппаған. Содан компания қожайынына келіп: "Шынымды айтайын, ештеңе таба алмадық. Жете салық салуға негіз жоқ болып тұр. Бірақ бізді де түсініңіз, облыс бойынша салықтық түсім жоспары орындалмай қалайын деп тұр. Мүмкін, сіздің өзіңіз қосымша төлеу үшін бірдеңе ұсынарсыз?" деп қарап тұр. Масқара емес пе? Осыдан кейін Салық кодексін жауып қоя салуға болады", – дейді депутат.

Бизнес-омбудсмен Рустам Жүрсінов қозғалған қылмыстық іс кесірінен аккумуляторлар шығаратын бірегей зауыттың қызметі тұйыққа тірелгелі тұрғанын хабарлады. Шамамен 1 250 жұмысшы қызмет ететін кәсіпорын ескі аккумуляторларды, метал сынықтарын қабылдап, өңдеп, одан жаңа өнім шығарады. Көрші Ресейге 1 млн аккумулятор экспорттаған.

Бірақ Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті жоспардан тыс салықтық тектеру қорытындысында зауыттың жеке кәсіпкелермен өзара есеп айырысуынан кінәрат тапты, соның негізінде қылмыстық іс қозғалды. Өйткені 2017 жылдан бастап, 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі аралықта зауыт өзіне қолданыста болған түрлі аккумуляторларды, олардың қалдықтары мен сынықтарын жеткізген жеке кәсіпкерлермен, жеке адамдармен келісім бекітпеген. 

Қарапайым тілмен айтқанда, жеке бір адам осы қалдықтарды жинап әкеліп, өткізеді, ақшасын алады да, кетіп қалады. Енді қайтара оралмауы мүмкін. Ал салықшылар сол жеке тұлғаларды "жеткізуші" деп танып, олардың активтері, ғимараты, көлігі, материалдық және еңбек ресурстары жоқтығын айыптарына арқау еткен. Рустам Жүрсінов мемкірістер органының қызметкерлері өз актілерінде "қоймалау, тасымалдау, есепке алу бойынша бір реттік қызметтерді келісімшартсыз да жасауға болатынын ескермеген" дейді.

Бұл далада бөтелке, макулатура жинап, тапсыратындардан активтерін, көлігін, келісімшартты талап етумен тең. Сарапшылар метал сынығын тапсырушылар жүкқұжат, электронды шотфактура, келісімшарт және басқа да құжаттарды ұсына алмайтынын, ал олардан зат қабылдауды тоқтатса, сала дағдаратынын айтады. Әрине, жеке тұлғалардан қалдықтарды мамандандырылған фирма еш құжатсыз қабылдап, оны өзі рәсімдеп, зауытқа келісімшартпен тапсыруы тұйықтан шығарар еді. Бірақ онда арада делдал пайда болып, өнімнің өзіндік құны қымбаттайды.

"Мемлекет басшысы отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесуде Бас прокуратураға 2021 жылдан кәсіпкерлерге қатысты қозғалған қылмыстық істердің негізділігін тексеруді тапсырды. Ол Бас прокуратураға кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты заңсыз бақылау-қадағалау, әсіресе, тергеу жүргізу фактілеріне жол бермеуді, осыны қатаң бақылауды жүктеді. Осы бағыттағы ақпаратты Президент Әкімшілігі тоқсан сайын қарап отыратын болады. Осы орайда таяуда Бас прокурор Берік Асылов барлық күш құрылымдарын құлағдар етіп, бұдан былай кәсіпкерлерге қатысты қылмыстық істерді тек Президент міндеттеген жаңа талаптар сақталса ғана тіркеуге және тергеуге болатынын ескертті", – деді Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Р.Жүрсінов.

Жалпы тексерістерді реттеу, кәсіпкерлерді жөнсіз қылмыстық қудалауды шектеу жағдайды түзеуге үлес қосуы мүмкін. Саладағы жаңғырулар сонымен бірге жаңа Салық кодексінде көрініс таппақ.

Жаңа Салық кодексі нені өзгертеді?

  • Салықты әкімшілендіру толығымен жаңартылады;
  • Салықтық бақылау толық цифрландырылады. Кез келген бетпе-бет байланысу, барып тексеру жойылады;
  • Салықтық ынталандыру тиімділігі арттырылады;
  • Өркениетті сауданы дамыту үшін жеңілдетілген ставкалары және қарапайым рәсім-процедуралары бар бөлшек салықты қолдану аясы кеңейтіледі;
  • Сән-салтанат салығы енгізіледі: ол аса қымбат жылжымайтын мүлікті, автокөліктерді сатып алу кезінде алынады және орта тапқа қатысты болмайды;
  • Қазақстан экономиканың әр секторында сараланған, дифференциалды салықтық ставкаларға көшеді;
  • Технологиялық модернизациялануға, ғылыми әзірлеме-инновацияларға мән беретін компанияларды корпоративті табыс салығынан босату немесе салығын төмендету тетіктері енгізіледі;
  • Арнайы салықтық режимдер оңайлатылады, бұл салықты төлеуден жалтаруға ұмтылыстарды азайту үшін жасалмақ;

Салық жүктемесін төмендету үшін ірі ұйымдарды шағын бизнес нысандарына қасақана ұсақтауға тосқауыл қойылады.

Салықтан жалтару, жалған фирмаларға қаржы жылыстату және басқа да күдікпен адал кәсіпкерлерді азапқа салу тоқтағаны маңызды. Мысалы, АҚШ-та шағын және орта кәсіпкерлік – саналуан нарықтық сегменттерге бөлінген жекелеген "subculture" болып табылады. Осы субмәдениет үшін мемлекет бюрократия мен коррупциядан заң жүзінде қорғалған, жекелеген венчурлық-қаржылық инфрақұрылым түзді. Соның арқасында компания-кәсіпорындарға кез келген, тіпті ақылға сия бермейтін, фантастикалық жобаларына да емін-еркін қаржы тартуына мүмкіндік берілген. Илон Масктың Space-X жобаларының өзі неге тұрады.

Айтқандай, Paypal, Google, Instamart, WhatsApp сияқты жаһандық құндылыққа айналған жобаларды АҚШ резиденттері емес, америкалық арманын жүзеге асыруға барған шетелдіктер жүзеге асырды. Ал бізде салықшылар сынық жинаушылармен күресіп әлек. Әділетті Қазақстан бизнес адымын аштырмаған ескі кеселдерден арылады деген үміт бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу