Мемлекет бюджет есебінен аборт жасауды жеңілдетпек

1974

Денсаулық сақтау министрлігі жұбайы қайтыс болған аналарға, жұмыссыздарға осы "қорқынышты қызметке" жүгінуді ұсынады.

Мемлекет бюджет есебінен аборт жасауды жеңілдетпек

Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қабылдаған 2020 жылғы 9 қазандағы бұйрыққа сәйкес, "Жүктілікті жасанды үзуді жасаудың тәртібін, медициналық және әлеуметтік көрсетілімдерінің, сондай-ақ жүктілікті жасанды үзуді жасауға қарсы көрсетілімдерінің тізбесі" бекітілген болатын. Сол кезде бұл құжат қоғамда қызу пікірталас туғызды. Бірақ билік сын-ескертпелерді естімеген сыңай танытты.

Енді Денсаулық сақтау министрлігі аталған бұйрыққа өзгертулер енгізу туралы жаңа министр Ажар Ғинияттың бұйрығын әзірлеп шықты. Бұл құжат та сарапшылардың, қоғам белсенділерінің сынына ұшырап отыр. Өйткені ол қажетті құжаттарды жинауды, яғни аборт жасауды жеңілдетеді. Мысалы, Цойдың бұйрығы құжаттардың түпнұсқасын ұсынуды талап етсе, Ғинияттың бұйрығының жобасы көшірме-копиясын ұсына салуға да рұқсат етеді.

Жалпы мемлекет есебінен түсік жасату үшін дәрігерлік-консультациялық комиссиясының қорытындысы қажет. Оны алу үшін аборттың қажеттілігін дәлелдейтін құжат ұсыну талап етіледі. Мысалы, күйеуінің дүние салғаны, немесе әйелдің жұмыссыз қалғаны туралы анықтама көрсетсе, жеткілікті. Нәтижесінде, түсік жасату негіздері күрт арттырылды.

Сонымен жүктілікті жасанды үзуге әлеуметтік көрсеткіштер болған жағдайда, мынадай растайтын құжаттарды ұсынған кезде дәрігерлік-консультациялық комиссиясының (ДКК) қорытындысы беріледі:

  • жұбайының қайтыс болғаны туралы куәліктің немесе хабарламаның электрондық нысандағы немесе қалауы бойынша қағаз түріндегі көшірмесі;
  • әйелді немесе оның жұбайын бас бостандығынан айыру туралы сот шешімі;
  • жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы анықтама;
  • ата-ана құқығынан айыру немесе шектеу туралы сот шешімі;
  • зорлау фактісінің болғаны туралы сот-медициналық сараптамасының қорытындысы;
  • босқын немесе мәжбүрлі қоныс аударушы куәлігі;         
  • нәресте, баланың мүгедектігі туралы анықтама;
  • некені бұзу туралы куәлік (электрондық нысанда немесе қалауы бойынша қағаз күйінде);
  • көп балалы аналар (4 және одан көп бала болса): барлық балалардың туу туралы куәлігінің көшірмесі;
  • кәмелетке толмаған қыздарға: электрондық нысандағы немесе қалауы бойынша қағаз жеткізгіштегі туу туралы куәлігі.

Демограф, генетик Ғалымжан Оразбеков Қазақстанда ел қаржысы есебінен жасанды түсік жасату негіздері тым көптігіне назар аудартады.

"Қазақстандықтар сауатының шамалы болуы салдарынан абортқа тым жеңіл қарайды. Мемлекет те халықты соған итермелейді. Жұмыссыз қалдыңыз ба, жұбайыңызбен ажырастыңыз ба, келіңіз, тегін түсік жасатып береміз деп отыр. Бұл дұрыс емес. Шынында, жүктілікті жасанды үзу – фертильді жастағы әйелдер үшін ең шетін, төтенше шара. Ондай операция жатырға орны толмас залал, жарақат түсіруі мүмкін. Мұны бір білсе, Денсаумині білуге тиіс еді. Содан кейін қыз-келіншектердің үлкен бөлігі бедеу болып қалады. Қазақстанда онсыз да жұптардың 15%-дан астамы бедеу. Тіпті бала туа алса да, өз қолымен жатырында тұншықтырған баласы үшін өзін айыптап, өзін нашар ана санап, сәби сүюден бас тартуы мүмкін. Бұл демографияға соққы. Қазақстанда жыл сайын 70-100 мың түсік жасалады. Пандемия кезінде азайды. Бірақ клиникалар ДСМ-мен дерегімен бөлісе бермейтіндіктен, бұл статистика да толық көріністі көрсетпейді", – деді сарапшы.

Жалпы дамыған, демократиялық елдер де түсік пен адам бостандығы арасында байланыс жоқтығын мойындауда. Биылғы 24 маусымда The New York Times хабарлағандай, АҚШ Жоғарғы соты аборттарға қатысты құқықтарды кепілдендіретін 1973 жылғы қаулыны жою туралы шешім қабылдасымен, абортқа тыйым бірден 6 штатта күшіне енді.

Бұл ретте Айдахо, Арканзас, Вайоминг, Миссисипи, Солтүстік Дакота, Теннесси, Ютада абортқа тыйым бір ай ішінде күшіне енеді. Осындай қызмет көрсеткені үшін қылмыстық қудалаудан қорыққан дәрігерлер қазірден клиникаларын жабуда. Алабама, Аризона, Джорджия, Огайо, Батыс Вирджиния, Флорида және Оңтүстік Каролина штаттарында бұл процедураға тыйым бірнеше ай ішінде енгізіледі деп күтілуде.

Айтқандай, 1 млрд 452 миллион тұрғыны бар көрші Қытай билігі де таяуда түсікке қатаң тыйым салды.

Ал онсыз да халқы азғантай Қазақстан билігі болса, керісінше, жиналатын құжаттарды жеңілдетіп, абортты ынталандырғалы тұрғандай.

Акушер-гинеколог Нәдира Сәлімханованың мәліметінше, кейінгі жылдары қылмыстық аборттар азайған. Жаңа қадам соларды мүлдем жоюға бағытталуы мүмкін. Маман қазіргі кезде емханаларда – жүктілікті бастапқы күндерінде дәрі-дәрмек көмегімен үзу, ал аурухана-стационарларда – тегін аборт жасату мейлінше қолжетімді болғанын айтты. Қыздардың қалаусыз жүктілік туралы көбірек хабардар болуы, контрацептивтердің дәріханаларда еркін сатылуы жасанды түсік жасатудың алдын алуға ықпал етеді.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 5 жыл бұрен әрбір мың жүкті әйелдің 18-і аборт жасататын. Қазір бұл көрсеткіш 15-ке азайыпты. 2004 жылы әрбір 1000 болашақ ананың 35-і осы зұлматты қызметке жүгінетін. Сонда бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан Ресей және Вьетнамнан кейін орналасып, антилидерлердің үштігіне кіретін.

Негізі, егер Қазақстан Үкіметі абортқа тыйым салғысы келмесе, ең құрығанда Ресейдің Иркутск қаласындағы ақылы клиниканың тәжірибесін қабылдауына болады. Онда түсік түсіруге келген пациент әйелдерге алдымен анкета толтыруды талап еткен. Ия немесе жоқ деп қысқа жауап беру сұралған сауалнамада, аборт жасаудың салдарынан бастап, оны жасатудан бас тартуға қандай фактор себеп болуы мүмкін екені сұралған 15 сауал болған.

Бұл сауалнама солтүстік көршіде айтыс-талас туғызды. Осы сұрақтарға жауап беру барысында аборттан бас тартқан пациенттер де үн қатты.

Ал қазақстандық білікті акушер-гинекологтар басқа тәсілді қолданады екен. Олар түсік жасатпас бұрын әйелді бәрібір ультрадыбыстық зерттеуге жолдайды. Сол жерде маман: "Балаңыздың жүрек соғысын тыңдаңызшы" деп аппараттың дыбысын шығара қояды. Бойға бала біткен соң 22-ші күнде ұрықтың жүрегі соға бастайды. Оны естіген бойжеткендердің біразы креслодан тұрған соң сыртқы есікке беттейтін көрінеді. Әйткенмен, мұндай айла-шарғыны білетін тәжірибелі, рақымшыл УДЗ-мамандары тым аз. Қалғандары кезекті тезірек түгесу үшін жанталасып, лып еткізіп, жасай салатын көрінеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу