Мемлекет дін саласына араласуы керек пе?

2166

Орыстілді басылым журналистері не туралы жазды? Inbusiness.kz-тің баспасөзге жасалған апталық шолуы. 

Мемлекет дін саласына араласуы керек пе?

Qmonitor.kz: "Мемлекет дін саласына араласуы керек пе?" деп сұрайды аталмыш басылым. Бұл сұраққа жауапты қазақстандық сарапшылар берген. Бірі елде демократия болу керек десе, екіншілері мемлекеттің дінді бақылауда ұстап отырғаны жөн дейді. 

Демократияны қолдап пікір білдірген сарапшылардың бірі философ Нұрлан Әміреқұлов. Маманның ойынша, мемлекет дінді қаржыландырмауы керек. Себебі сенім қаржыны қажет етпейді. Исламның өзінде Алла мен адам арасында делдал жоқ дегенді айтады.

"Қазақстанда тәртіп орнату үшін демократияға қайта оралу абзал. Сол кезде халық өз таңдауын жасайды, қай дін оларға лайық екенін білетін болады. XXI ғасырда бізде ислам адамдарды жерлеуде пайдаланатын діни-рәсім ретінде ғана қалады. Ал халықтың сана-сезімі оянған сайын, демократия мен еркіндік күшейген сайын бізге тәңіршілік келеді",– дейді Нұрлан Әміреқұлов.

Өзінің есімін атағысы келмеген сарапшы Қазақстан өзіне керек имамдарды өзі тәрбиелеп отырғаны жөн деп санайды. Сонымен қатар мемлекеттің дінді бақылауда ұстап отырғанын қолдайды. Олай болмаған жағдайда бұл өңірге Қытайдың "жұмсақ" күштері келуі мүмкін деген ой айтады.

Express-k.kz: "ЭКСПО-2017" аяқталған бойда шенеуніктер қазақстандық ғалымның ойлап тапқан әзірлемесін ұмытып кетті" деп жазады аталмыш басылым. Марат Көшімбаев есімді қазақ ғалымы заманауи турбинаны ойлап тапқан. Бұл турбина "жасыл" энергетикаға жаңа қуат бере алады, сол себепті "ЭКСПО-2017" көрмесі барысында ғалымның ойлап тапқан дүниесі елді таңқалдырған, алайда  қазіргі кезде ғалым өз жобасын іске асыру үшін елден кеткен.

Басылымның хабарлауынша, аталмыш турбинаның өнеркәсіптік түрі 2017 жылы астананың шетіне орналастырылған болатын. Жоба "ЭКСПО" көрмесінің "Сфера" павильонында орналастырылды, алайда көрме аяқталғаннан кейін, шенеуніктер ғалымды ұмытып кеткен. Содан ғалым жобасын іске асыру үшін шетел асып, инвестор іздей бастаған.

"АҚШ-қа өткен жылы келдім. Инвесторларды іздеу жұмысы жалғасып жатыр, пандемияға байланысты бұл бағытта жасалып жатқан жұмыс қиындай түсті, себебі коммуникация нашарлады, жауапты адамдарды табу қиын",– дейді ғалым.

Қазақстандық ғалым ойлап тапқан турбина арқылы шалғайдағы ауыл тұрғындарын электр қуатымен және жылумен қамтамасыз етуге болады. Ғалымның айтуынша, елімізде Талдықорған, Тараз, Шымкент, Ақтау, Жезқазған, Балқаш, Көкшетау қалаларын таза қуатпен қамтамасыз етуге болады.

Caravan.kz: "Ит пен мысық: ветқызмет әлеуметтік желілерде сынға алған еріктілерден өшін алып жатыр ма?" деп аталады газеттің кезекті мақаласы. Бұл мақалада Ақтаудағы зооқорғаушылар төңірегінде қалыптасып отырған жағдай баяндалған. Себебі жергілікті ветқызмет шенеуніктері жергілікті әкімшілік пен полиция қызметіне хат жазып жатыр. Еріктілер шенеуніктердің өздерін әлеуметтік желілерде сынға алған еріктілерден осылайша өш алғысы келетін айтады.

Еріктілердің айтуынша, мәселенің барлығы Ақтау тұрғыны Александр Фокиннің прокуратураға жазған хатынан басталған. Хатта Александр Фокин бірнеше күннен бері өзі тұрып жатқан үйдің ауласында иттердіің өлексесі жатқанын жазған. Хат авторының хабарлауынша, ветқызмет мамандары иттерді улағанмен, олардың өлексесін жинамайды. Фокин полиция қызметкерін шақырған, ветстанцияға хабарласа, мамандар шақыруға құлақ аспаған, нәтижесінде қала тұрғыны өз наразылығын хат арқылы прокуратураға жеткізген.

Енді ветстанция шенеуніктері бар кінəны осы өңірде жұмыс істейтін жануарларды уақытша ұстайтын орталыққа артқысы келеді. Бұл орталық "Шанс" атты қоғамдық қордың иелігінде. Шенеуніктер осы орталыққа келіп тексеру жүргізген.

"Шенеуніктер тексерумен келіп, сендердің аттарыңа арыз түсті деген. Бұл құжатта зооқорғаушылар туралы сөз жоқ, бұл арызда ветстанция өз қызметін дұрыс орындамайды делінген. Бұл құжаттарды бұрмалау", – дейді "Шанс" қорының демеушісі Снежана Данико.

Fergana.agency: "Ресей депутатының "Қазақстан территориясы - Ресейдің үлкен сыйы" деген сөзі халықаралық дауға ұласты" деп жазады аталмыш басылым. Өткен демалыста Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне Ресей Федерациясының Уақытша сенімді өкілі Александр Комаровты шақыртты. Сыртқы істер министрінің орынбасары Марат Сыздықов Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының Білім және ғылым жөніндегі комитетінің төрағасы Вячеслав Никоновтың Бірінші арнадағы "Қазақстанның территориясы - Ресей тарапынан үлкен сыйлық" деген сөзіне қатысты түсініспеушілік білдірді, деп жазады басылым. 

Басылымның хабарлауынша, Қазақстанның Сыртқы істер министрінің орынбасары Марат Сыздықов өз сөзінде былай деген:

"Кейбір ресейлік саясаткерлердің Қазақстанға қатысты арандатушылық әрекеттерінің жиілеп кетуі мемлекеттеріміз арасындағы одақтастық қатынастарға айтарлықтай нұқсан келтіретіні атап өтілді".

Естеріңізге сала кетсек, мұндай мәлемдемені Ресей мемлекеттік думасының Білім және ғылым комитетінің төрағасы Вячеслав Никонов 10 желтоқсанда "Бірінші арнадағы" "Большая игра" бағдарламасында "Қазақстан болған жоқ, Солтүстік Қазақстан мүлде қоныстанбаған. Олар әлдеқайда оңтүстікте болған және, шын мәнінде, Қазақстан аумағы - бұл Ресей мен Кеңес Одағының үлкен сыйы" деп мәлімдеген.

Қазақстанда ресейлік депутаттың мәлімдемесі үлкен қоғамдық резонанс тудырды.

Гүлмира Қамзиева


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу