Мемлекет үлескерлерге қатысты жаңа қағида қабылдады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
9481

Қазақстанда үлестік құрылысқа қатысқан барлық адамдардың мемлекеттік тізімі жасалады.

Мемлекет үлескерлерге қатысты жаңа қағида қабылдады

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әзірлеген "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудың бірыңғай ақпараттық жүйесін жүргізу қағидалары" жарияланды.

Құжатта тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттарды есепке алудың жаңа жүйесі "барлық үлескерлер және оларға тиесілі үлестердің, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттардың жүйеленген, ұдайы толықтырылып және нақтыланып отыратын мәліметтер тізбесі" түрінде болып келетіні айтылған.

Осы мақсатта "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудың бірыңғай ақпараттық жүйесі" түзіледі.

Қағидалардың талаптарына сәйкес, азаматтар қолындағы үлестік шарттарды есепке алуды – тұрғын үй ғимараты орналасқан жер бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандық, облыстық маңызы бар қаланың әкімдіктері жүргізеді.

Бұдан былай құрылыс компаниялары мен олардың уәкілетті ұйымдары азаматпен шарт жасалған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде құжаттың электронды көшірмесін аталған жүйеге жолдауға міндетті болады.

Өз кезегінде, ақпараттық жүйе үкіметке және мемлекеттік органдарға ғана емес, сондай-ақ екінші деңгейлі банктерге, "Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры" АҚ-ға және сұрау түссе, қатардағы үлескерге де ақпарат беру қызметін көрсетеді.

Бұл жүйе өз тізіміндегі шарттар туралы ақпаратты өзектендірумен айналысады, соның ішінде шартқа өзгеріс енгізілсе, мәселен, үлескер өз үлесін басқаға сатса, не сыйға тартса, үлестің жаңа қожайынын есепке алады.

Қазіргі кезде кейбір алақол құрылыс компанияларының соның ішінде тұрғын үй кооперативтерінің бір баспананы бірнеше адамға қатар сату оқиғалары кездесіп тұрады. Жаңа жүйеде бұл да назардан тыс қалмаған.

"Шартты, оған енгізілетін өзгерістерді, сондай-ақ "Талап ету құқықтарын басқаға беру туралы шартты" есепке алған кезде жергілікті атқарушы орган олардың "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" заңының, азаматтық кодекстің талаптарына сәйкестігін тексереді, сонымен қатар тұрғын үйдегі аталған үлеске үшінші тұлғаның бұрын есепке қойылған құқықтарының болуына тексеру жүргізеді. Осы талаптарға сәйкес келмейтін шарт үлестік құрылыс жүйесіне есепке алуға жатпайды", – делінген қағидаларда.

Құжатта ақпараттық жүйеде қандай мәліметтер қордаланатыны да анық көрсетілген. Атап айтқанда, үлескердің толық аты-жөні, паспорт не жеке куәлік деректері, ол сатып алған үй-жайдың түрі, баспананың ауданы, пәтердің қай қабатта орналасқаны, бекітілген нөмірі, тіпті үлестің құны да көрсетіледі. Ал құрылыс компаниясына қатысты жүйеде ол салып жатқан құрылыс нысаны туралы мәліметтер, соның ішінде орналасқан жері, ғимараттың техникалық сипаттамасы, үй-жайдың нөмірі, кіреберіс нөмірі, оның қанша қабаттан тұратыны, алып жатқан жер телімінің ауданы, оның ішіндегі пәтерлердің, автотұрақтың, тұрғын емес үй-жайлардың саны, ортақ және пайдалы алаңдар ауданы, құрылысты бастау және аяқтау мерзімі және басқа да мәліметтер жинақталады.

Яғни енді мемлекеттің қолында үлескерлер мен үлестік құрылысты жүзеге асыратын компаниялар туралы орталықтандырылған досье болады.  

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жыл басындағы дерегінше, Қазақстанда үлестік құрылыстың шамамен 146 нысаны тіркелген. Соның 58-і "проблемалы" саналады. Салыстыру үшін айтсақ, түйткілді тұрғын үй құрылысымен күреске бағытталған жаңа заң қабылданардың алдында, яғни 2017 жылы елімізде үлескерлер қаражаты тартылған 61 тұрғын үй кондоминиумы "проблемалы" болыпты. Ендеше жаңа заң жағдайды көп өзгерте алмағанға ұқсайды.

Мұндай үлескерлік ғимараттардың көбі – 51-і елордада. Оларға 13,3 мыңнан астам "инвестор" үлескер тартылған. Жыл басындағы жағдай бойынша олардың 12-сіне тұрғындар кіріп алған, адам тұруға келетін шарттар түзілген, сондықтан оларды іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қалған 39-ның мәселесі күрделі. Олардың құрылысын "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында аяқтау көзделіп отыр.

Бұдан басқа Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында проблемалы екі-екі нысаннан, Алматы қаласы мен Жамбыл және Маңғыстау облыстарында – бір-бір нысаннан бар екені белгілі.  

Қиындыққа кезіккен үлескерлік нысандарды салып бітіру үшін мемлекет қайтарымды негізде 40 миллиардтай теңге бөлмекші.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу